Ақпараттық портал

Қалам ұстаған қауымға құрмет көрсетілді

Жыл сайын 28 маусым күні Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтеді. Бұл жегені жантақ, арқалағаны алтын болған қауымның құрметке бөленетін шағы.

Аталған күнге орай аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков сала ардагерлерін, аудандық басылым мен ауданның ақпараттық медиа орталығы қызметкерлерін қабылдап, мерекемен құттықтады. Сонымен қатар ізгі тілектерге аудандық мәслихат төрағасы Ж.Әбенов пен мәслихат депутаты Б.Ниязбеков те қосылды.
-БАҚ қызметкерлері билік пен бұқараның арасындағы алтын көпір екені белгілі. Қоғамның шынайы өмірін, шешімін күткен шаруаларын, тыныс-тіршілігін айна- қатесіз жеткізіп жүрген журналистердің арқалайтын жүгі – ауыр. Бұл міндетті сіздер абыроймен көтеріп келесіздер. Баршаңызға өз атымнан алғыс айтамын! Шығармашылық табыстар тілеймін,-деді аудан басшысы.
Жиын барысында Мемлекет басшысының қолынан «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталған ҚР Журналистер одағының мүшесі Жұмахан Чекаевты құттықтаған Бақытжан Жәнібеков жерлесіміздің наградасы аудан мерейін асырғанын атап өтті.
Мұнан кейін марапаттау рәсіміне кезек беріліп, салада елеулі еңбек еткен журналистерге Құрмет грамотасы мен Құттықтау хаттары табыс етілді.
Құрмет құшағына бөленген ардагер тілшілер мен жас буын журналистер әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтап, өздеріне ілтипат көрсеткен Бақытжан Оразалыұлына ризашылығын жеткізді.
Естеріңізге сала кетейік, биыл БАҚ қызметкерлері күні жоғары деңгейде өтті. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Ақордада отандық журналистика өкілдеріне жоғары марапаттарды табыстап, Астана қаласынан 15, Алматы қаласынан 15, әр облыстан 2 журналистке баспана табыстады. Сондай-ақ журналистиканың қоғамның дамуына қосатын үлесі мен маңызына тоқталып, сала қызметкерлерінің еңбегін айрықша атап өтті.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.