Еңселі елорда – егемендік арқауы
Астана — арман-мұратымыз байланған алтын қазығымыз. Оның өткені еліміздің өрнекті тарихымен өрілген. Ал бүгіні тыныштық пен тұрақтылықтың айқын көрінісі екені даусыз.
6 шілде – Астана күніне арналған мерекелік шаралар еліміздің барлық өңірлерімен қатар Шу ауданында да кеңінен аталып өтті. Атап айтқанда, теміржолшылар қаласындағы «Жеңіс» саябағында «Еңселі Елорда, асқақтаған Астана!» атты салтанатты шара ұйымдастырылды.
Аудандық мәдениет үйі әзірлеген сазды бағдарламаны тамашалауға жиналған тұрғындарды аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев құттықтап, Елорда күнінің мән-маңызына тоқталып, жүрекжарды лебізін жеткізді.
– Астана – Тәуелсіз Қазақстанның айбары. Жас болса да жаһанға жақсы атымен мәшһүр болған елордамыз әлем жұртшылығы қызыға қарайтын ажарлы шаһарға айналды. Сол аз ғана уақыт ішінде әлем назарын өзіне аударған заманауи шаһарымыз еліміздің саяси, экономикалық, мәдени және рухани орталығы ретінде дамып келеді.
Бүгінде әрбір қазақстандықтың табысты еңбегі мен бірлігі еліміздің өркендеуіне, өңірлеріміздің дамуына және Астанамыздың көркеюіне өз үлесін қосып келеді. Шу ауданының тұрғындары да туған өлкеміздің өсіп-өркендеуіне адал еңбек етіп, ел игілігі жолында аянбай қызмет атқаруда, – деді Найман Кенжеханұлы өзінің құттықтауында.
Құттықтау сөзінен кейін аудан өнерпаздары сахна төрінде Астанаға арналған әндер мен патриоттық туындыларды көрерменге тарту етті. Мерекелік концерт барысында 30-дан астам концерттік нөмір ұсынылды. Көтеріңкі көңіл күйге бөленген шулықтар өнерпаздарға үздіксіз қол соғып отырды.
Мемлекеттік мерекенің құрметіне ұйымдастырылған сазды бағдарламаға куә болған қонақтардың бірі – Әсел Лахаева. Қазіргі таңда Түркия астанасы Анкара қаласында тұрып жатқан жерлесіміз туған жерінің жыл сайын түлеп келе жатқанын тілге тиек етіп, мерекеге орай өткізілген шараның жоғары деңгейде өткенін айтты.
– Туған жеріме келген сайын Шу ауданының көркейіп жатқанын көремін. Кеше Домбыра күні болды. Бүгін Елорда күніне арналған кеш өтіп жатыр. Барлығы тамаша ұйымдастырылған. Жырақта жүрсем де, туған өлкем жүрегімде, – дейді Түркі тарихы және мәдениеті қорының директоры Әсел Төреханқызы.
Бұдан өзге де тұрғындар Астана күнімен бір-бірін құттықтап, ақжарма тілектерін ақтарып жатты. Дәл осындай сазды бағдарлама шілде айының бірінші жексенбісіне белгіленген Ұлттық домбыра күніне орай да өткізілді.
Бүгінгі елордамыздың тарихында 1997 жылы Ақмола қаласының Қазақстан Республикасының астанасы болып жариялануы ерекше орын алады. 1998 жылы қалаға Астана атауы берілді. 2026 жылғы 1 маусымдағы Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша Астана қаласының халқы 1 674 699 адамды құрайды. Агломерациясы қарқынды дамып келе жатқан елорда бүгінде алты әкімшілік ауданнан тұрады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Елорда – еліміздің саяси, экономикалық, ғылыми-білім беру және мәдени орталығы. Астананың қарқынды дамуы – Қазақстанның тұрақты дамуының көрінісі», – деген сөзі Астананың бүгінгі келбеті мен маңызын дәл сипаттайды.
Елорда күні мен Ұлттық домбыра күніне арналған тағылымды шаралар елдік құндылықтарды ұлықтап, ұлттық рухты асқақтатты. Осындай мерекелер арқылы ұрпақ санасына Отанға деген сүйіспеншілік, туған жерге деген құрмет пен бірлік идеясы тереңірек сіңе түседі. Тәуелсіз еліміздің тұғыры берік, еңселі Елордамыздың мерейі асқақ болғай!
Байжан Емберді.