Жамбылда Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындық мәселелері талқыланды
Күні кеше ағымдағы жылдың 23 тамызына тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтай депутаттарының сайлауы науқаны шеңберінде Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының кеңейтілген бірінші отырысы өтті.
Алқалы жиынға Жамбыл облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Серік Сәтбекұлы Құрманбеков, Облыс прокурорының аға көмекшісі Ғалым Бахытжанұлы Қонақбаев, облыс әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Жандарбек Мұхтарұлы Әбдіқалықов, облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Самат Болатұлы Төрегелдиев, облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрсұлтан Арқабайұлы Исабеков, облыс әкімдігінің цифрландыру және архивтер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнур Кеңесқызы Курамысова, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Жамбыл облысы бойынша филиалы басшысының міндетін атқарушы Ақерке Илиясқызы Әбдібекова, «Әділет» партиясының Жамбыл облыстық филиалының хатшысы Дәурен Айтасұлы Қаипов, «Ақ жол» демократиялық партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасының міндетін уақытша атқарушы Дәурен Хайруллаұлы Ахметжаев, «Ауыл» партиясы» Жамбыл облысы бойынша өңірлік филиалының төрағасы Сұлушаш Сәтбекқызы Құрманбекова, Қазақстан Халық партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Рахман Сейілханұлы Аққозиев, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Ержан Каханұлы Дәуренбеков, «Байтақ» партиясының Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Нұрсұлтан Ермекұлы Өмірбаев, Respublica партиясының Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Айнұр Шайзханқызы Келімбетова, сайлауды байқау жөніндегі аккредиттелген қоғамдық бірлестіктердің төрағалары, «ЖАҢАРУ» Сыбайлас жемқорлық қақарсы жалпыұлттық қозғалыс» Республикалық Қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалының директоры Қасымхан Естемесұлы Төлендиев, сонымен қатар, қала-аудан әкімдерінің салаға жауапты орынбасарлары мен аппарат басшылары, қала/аудан әкімдіктерінің ішкі саясат бөлімдерінің басшылары, қалалық-аудандық аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Отырыс барысында Құрылтай депутаттарының сайлауын ұйымдастыру мен өткізудің негізгі бағыттары кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған сайлауды дайындау мен өткізудің негізгі іс-шараларының күнтізбелік жоспарын орындау, сайлау құжаттарының нысандарын белгілеу, сайлаушылар тізімдерімен жұмысты ұйымдастыру, сайлау заңнамасындағы жаңашылдықтар, саяси партиялардың партиялық тізімдерін ұсыну және тіркеу тәртібі, сайлау комиссиялары мүшелерін оқыту, сайлауды ақпараттық сүйемелдеу мен сайлауалды үгіт жүргізу, сондай-ақ байқаушылар қызметі мен сенім білдірген адамдарды тіркеу тәртібі қаралды.
Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов комиссия отырысын ашып, аталған жиын Қазақстан Республикасының жаңартылған Конституциялық негіздері аясында өткізілетін Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы қарсаңындағы маңызды кезеңдердің бірі екенін атап өтті.
Серғали Айдапкелов 2026 жылғы 1 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Құрылтай депутаттарын сайлауды 2026 жылғы 23 тамызға тағайындау туралы» жарлыққа қол қойғанын және Президент Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауға дайындықты және оны өткізуді ұйымдастыруды тапсырғанын және Қазақстан Республикасының Үкіметіне, әкімдіктерге Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауды ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз ету жөніндегі барлық қажетті шараларды кідіріссіз қабылдауды жүктегенін атап өтті.
Осыған орай, 2026 жылғы 1 шілде күні 2026 жылдың 23 тамызына тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтай депутаттарының сайлауы науқаны шеңберінде Орталық сайлау комиссиясының алғашқы отырысы өтып, комиссия отырысының күн тәртібіне сәйкес 7 мәселе қаралып, тиісті қаулылар қабылданғанын айта келе, аталған отырыста «2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауын ұйымдастыруға байланысты қабылданған қаулыларды іске асыру» мәселелері қаралатынын айтты.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының хатшысы Абылкаир Боранбаев баяндама жасады. Ол Қазақстан Республикасының Конституциясы мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының талаптарына сәйкес әзірленген Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауын әзірлеу мен өткізудің негізгі іс-шараларының Күнтізбелік жоспарымен таныстырды.
Баяндамашы сайлау науқанының негізгі кезеңдерін, оның ішінде Күнтізбелік жоспарда көзделген өзге де негізгі іс-шараларды түсіндірді.
Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауы бойынша сайлау құжаттарының нысандарын белгілеу туралы» қаулымен таныстырды.
Баяндамада «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 12-бабының 6) тармақшасына сәйкес Орталық сайлау комиссиясы сайлау құжаттарының нысандарын белгілейтінін атап өтті.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Мейржан Сембеков сайлаушылардың өзекті әрі нақты тізімдерін қалыптастыру сайлау процесінің негізгі ұйымдастырушылық элементтерінің бірі болып табылатынын және оның «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына және Сайлаушылар тізімдерін қалыптастыру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылатынын хабарлады.
Баяндамада сайлаушылар тізімдерін қалыптастыру және ұсыну мерзімдеріне ерекше назар аударылды. Жергілікті атқарушы органдар сайлаушылар тізімдерін учаскелік сайлау комиссияларына 2026 жылғы 2 тамызға дейін ұсынады. Ал сайлаушылардың танысуы үшін тізімдер 2026 жылғы 7 тамыздан бастап қолжетімді болады.
Сонымен қатар, комиссия мүшелеріне есептен шығару куәліктері бойынша дауыс беру тәртібі туралы ақпарат ұсынылды. Есептен шығару куәліктерін беру 2026 жылғы 7 тамызда басталып, 22 тамыз күні жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-де аяқталатыны атап өтілді.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына енгізілген негізгі өзгерістер мен толықтырулар туралы ақпарат берілді.
Сайлау заңнамасындағы негізгі жаңалықтар туралы Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Еркин Жапаров баяндама жасады.
Ағымдағы жылдың 11 маусымында «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Өзгерістер азаматтардың конституциялық құқықтарын іске асыруға және сайлау процесін жетілдіруге бағытталғанына тоқтала келе, жекелеген түзетулер Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауын өткізуге қатысты нормаларды айқындайды. Сонымен қатар сайлау құқығының негізгі қағидаттары мен сайлауды ұйымдастыру тетіктері сақталғанын айтты.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша туралы Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Талгат Жамалов партиялық тізімдерді ұсыну тәртібі туралы және комиссия мүшелерін оқыту жұмыстары туралы ақпарат берді.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң барлық саяси партияларға сайлауға қатысу үшін тең мүмкіндіктер береді. Заң талаптарына сәйкес келетін әрбір саяси партия өз партиялық тізімін ұсынуға құқылы. Бұл ретте ұсыну мен тіркеу рәсімі нақты регламенттелген: партияның жоғары органы шешім қабылдаған сәттен бастап құжаттарды Орталық сайлау комиссиясының тексеруіне дейінгі барлық кезеңдер заңмен айқындалған. Мұндай тәсіл сайлау рәсімдерінің ашықтығын және заңнаманың біркелкі қолданылуын қамтамасыз етеді», – деді Талгат Жамалов.
Баяндамада Құрылтай депутаттығына кандидаттарға қойылатын талаптар мен шектеулерге де ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, сот әрекетке қабілетсіз деп таныған, заңда белгіленген тәртіппен алынбаған немесе өтелмеген соттылығы бар, сондай-ақ сот сыбайлас жемқорлық қылмысын немесе сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығын жасағаны үшін кінәлі деп таныған адам кандидат бола алмайды.
Отырыс барысында партиялық тізімдерді тіркеу тәртібі және оларды қалыптастыруға қойылатын талаптар да түсіндірілді. Заңнамаға сәйкес, партиялық тізімге енгізілген әйелдердің, жастардың, мүгедектігі бар адамдардың жиынтық саны оған енгізілген адамдардың жалпы санының кемінде 30 пайызын құрауға тиіс екенін жеткізді.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Құрылтайы депутаттарының сайлауына дайындық аясында электоралдық оқытуды ұйымдастыру туралы ақпарат берді.
Ол сайлау комиссиялары мүшелерінің барлық санаттары үшін қашықтан тестілеу өтетінін айтты. Бұл тестілеу заңнаманы білу деңгейін ғана емес, оны сайлау рәсімдерін өткізу барысында іс жүзінде қолдану дайындығын да бағалауға мүмкіндік беретінін түсіндіре келе, тестілеуден сәтті өткен қатысушыларға электрондық сертификат берілетінін айтты.
Бұдан кейін, Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Мерей Амангелді сайлау науқанын ақпараттық сүйемелдеу және сайлау процесіне қатысушыларға сайлау алдындағы үгіт жүргізуді, бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформаларды пайдаланушылардың қызметін, сондай-ақ қоғамдық пікірге сауал салуды реттейтін заңнаманың негізгі талаптары туралы ақпарат ұсынды.
«Сайлау алдындағы үгіттің заңмен нақты белгіленген мерзімдері бар. Ол партиялық тізімдерді тіркеу аяқталғаннан кейін, 23 шілде күні сағат 18:00-ден кейін басталып, 22 тамыз күні сағат 00:00-де аяқталады. Саяси партияны жақтап немесе оған қарсы дауыс беруге түрткі болатын кез келген үндеулерге тек осы кезеңде ғана жол беріледі. Белгіленген мерзім басталғанға дейін, сондай-ақ тыныштық күні мен дауыс беру күні үгіт жүргізуге заңмен тыйым салынған», – деп атап өтті.
Сонымен қатар, сайлау алдындағы үгіт кезеңі басталғанға дейін саяси партияның қызметі туралы ақпараттық деректер сайлаушыларды белгілі бір саяси партияны жақтап немесе оған қарсы дауыс беруге үгіттеу белгілерін қамтымаса, сайлау алдындағы үгіт болып саналмайды.
Бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформаларды пайдаланушылардың міндеттеріне де ерекше назар аударылды. Үгіт материалдарын орналастыру үшін олар сайлауалды үгіт басталғанға дейін кемінде бес күн бұрын оларды орналастыру ақысының мөлшері мен шарттары туралы мәліметтерді жариялап, Орталық сайлау комиссиясына ұсынуға міндетті. Осы талап орындалмайынша үгіт материалдарын жариялауға жол берілмейді.
Келесі мәселе бойынша, Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Мейржан Сембеков сөз сөйледі.
Халықаралық байқаушылардың қызметі үшін құқықтық және ұйымдастырушылық жағдай жасау мақсатында ол «2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасының Құрылтайы депутаттарының сайлауы кезеңінде шет мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың байқаушылары мен шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қызметінің кейбір мәселелері туралы» қаулыны таныстырды.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің аккредитациясы болған жағдайда шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің байқауды жүзеге асыру мүмкіндігі көзделген. Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасының заңнамасы немесе халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған нормалары бұзылған жағдайда аккредитацияны кері қайтарып алу тәртібі де реттелгенін түсіндірді.
Кеңесте Жамбыл облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Серік Құрманбеков сөз сөйлеп, Мемлекет басшысының Құрылтай депутаттарын сайлау туралы Жарлығы мен Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы бекіткен күнтізбелік жоспардың талаптарын сапалы әрі уақытылы орындау өңірдегі барлық мемлекеттік органдар үшін басым міндет екенін атап өтті.
Өз сөзінде ол жергілікті атқарушы органдардың сайлауға дайындық жұмыстарын күшейту қажеттігіне ерекше тоқталды. Атап айтқанда, сайлау комиссияларын қажетті материалдық-техникалық құралдармен толық қамтамасыз ету, сайлау учаскелерінің мүгедектігі бар азаматтар үшін қолжетімді болуын ұйымдастыру, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, сондай-ақ, барлық учаскелерді үздіксіз электр қуатымен қамтып, резервтік генераторлардың әзірлігін бақылауда ұстау міндеті қойылғанын жеткізді.
Сонымен бірге, үгіттік баспа материалдарын орналастыруға арналған арнайы орындардың, ақпараттық стендтердің, билбордтар мен үгіт тақталарының жай-күйін ретке келтіру, олардың түнгі уақытта жарықтандырылуын қамтамасыз ету қажеттігі айтылды.
Сондай-ақ, барлық сайлау учаскелерінде телефон байланысы мен интернет желісінің тұрақты жұмысын алдын-ала тексеру және сайлау күні ақаусыз қызмет көрсету мәселесіне баса назар аудару тапсырылды.
Серік Құрманбеков студенттердің, вахталық әдіспен еңбек ететін азаматтардың, әскери қызметшілердің және өзге де сайлаушылардың дауыс беру тәртібін алдын-ала нақтылап, олардың конституциялық құқықтарын толық жүзеге асыру үшін барлық қажетті жағдай жасалуы керектігін жеткізді. Оның айтуынша, әрбір сайлаушының дауысы маңызды және ешбір азаматтың дауыс беру құқығы шектелмеуі тиіс.
Сөз соңында облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары кеңес барысында көтерілген мәселелердің барлығы жауапты мемлекеттік органдардың тұрақты бақылауында болатынын айтып, алдағы уақытта туындайтын кез-келген мәселені бірлесіп талқылауға дайын екендіктерін жеткізді.
Отырысты қорытындылай келе, Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов барлық деңгейдегі сайлау комиссияларының кәсіби әрі жауапты жұмысы сайлау науқанын сапалы ұйымдастырудың негізгі факторы екенін атап өтті. Сондай-ақ ол сайлау процесіне қатысушылардың барлығы үшін сайлау заңнамасының талаптарын қатаң сақтау басты талап болып қала беретінін айтып, сайлау науқанын заңнама нормаларына толық сәйкес, ашық әрі жариялы түрде өткізуді қамтамасыз етуді тапсырды.
Жамбыл облыстық аумақтық
сайлау комиссиясы.