Ақпараттық портал

Мейірімге толы шара

Мейірімділік пен жанашырлықты дәріптеу, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға мерекелік көңіл күй сыйлау, сондай-ақ олардың әлеуметтік ортаға бейімделуіне қолдау көрсету мақсатында Балуан Шолақ ауылдық мәдениет үйінің жанынан құрылған «Актерлік шеберлік» үйірмесінің қатысушылары Шу аудандық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығының тәрбиеленушілеріне «Жүректен жүрекке – мейірім сыйлайық» атты қайырымдылық іс-шарасын өткізді.

Бағдарлама аясында Балуан Шолақ ауылдық мәдениет үйінің «Актерлік шеберлік» үйірмесінің жетекшісі Жанар Айтбайдың жетекшілігімен үйірме қатысушылары Қасымхан Серікжан, Рахымқұл Нұрдәулет, Юсуф Мейірім, Жұман Айқын және Тілеуберді Нұрсұлтан «Сайқымазақ пен қоянның қызықты оқиғалары» атты ертегілік қойылымнан үзінді ұсынды. Сонымен қатар үйірме жетекшісі қуыршақтармен «Шалқан» ертегісін сахналап, балалармен бірге қызықты жұмыстар жүргізді. Үйірменің белсенді мүшесі Манат Медина «Биле, биле» әнін шырқап, балаларды шаттыққа бөледі.
Іс-шара барысында үрленбелі үлкен аю кейіпкері ерекше балалармен бірге көңілді әуендерге би билеп, түрлі ойындар ұйымдастырды. Балалар ертегі кейіпкерлерімен бірге қызықты уақыт өткізіп, мерекелік атмосфераны сезінді.
Өз кезегінде ұйымдастырушылар Балуан Шолақ ауылының азаматы, жеке кәсіпкер Мадалиев Сағадат Нұрмағанбетұлының демеушілігімен оңалту орталығындағы балаларға балмұздақ пен сусындар таратты.
Бұл игі іс балалардың жүздеріне қуаныш сыйлап, қайырымдылық пен жанашырлықтың жарқын үлгісіне айналды. Осындай бастамалар қоғамдағы бірлік пен мейірімділікті нығайтып, жас ұрпақты адамгершілікке тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады.
Іс-шара соңында орталық әдіскері Амангелді Жансая Ержанқызы ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, ерекше балаларға қуаныш сыйлаған игі бастама үшін алғысын айтты. Осындай қайырымдылық шаралары қоғамда мейірімділік пен ізгілікті насихаттап, ерекше балаларға қолдау көрсетудің жарқын үлгісі болып қала береді. Шара соңында барлық қатысушылар естелік суретке түсіп, көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.

Маржан Көпбосынова,
Шу аудандық мәдениет үйінің мәдени ұйымдастырушысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.