Ұлттық құндылық – ұрпақ қазынасы
Өндіріс ауылдық округіне қарасты Абай ауылдық кітапханасында «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің Өндіріс ауылдық округіндегі жастармен жұмыс жүргізу жөніндегі маманының, осы жолдардың авторының ұйымдастыруымен ұрпақтар сабақтастығы бағыты аясында «Ұлттық құндылық – ұрпақ қазынасы» атты тағылымды кездесу өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды насихаттау, жастардың бойына ата-баба мұрасын қастерлеу сезімін қалыптастыру және ұрпақтар арасындағы рухани байланысты нығайту болды.
Кездесуге ауылымыздың көпбалалы анасы, «Әжелер» тобының белсенді мүшесі Садықова Баян апа арнайы қатысып, ұлттық тәрбие, отбасы құндылықтары, салт-дәстүрдің тәрбиелік мәні туралы әсерлі әңгіме өрбітті. Ол өз өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, ата-ананы ардақтау және туған жерді қадірлеу – қазақ халқының ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан асыл қағидалары екенін атап өтті.
Кездесу барысында ұлттық құндылықтардың ұлттың рухани тірегі екендігі кеңінен сөз болды. Ана тілі, ұлттық мәдениет, тарих, салт-дәстүр мен әдет-ғұрып – халықтың баға жетпес мұрасы әрі келер ұрпаққа қалдыратын ең қымбат қазына екені айтылды. Сондай-ақ халқымыздың мақал-мәтелдері, шешендік сөздері мен ұлттық ойындарының жас ұрпақтың бойына адамгершілік, еңбекқорлық, жауапкершілік және отансүйгіштік қасиеттерді сіңірудегі маңызы ерекше екендігіне тоқталды.
Шара барысында бүгінгі қоғамдағы ұлттық құндылықтарды сақтап, оны келер ұрпаққа жеткізудің маңыздылығы кеңінен талқыланды. Өз мәдениеті мен тарихын құрметтеген, ана тілін ардақтайтын ұрпақ қана елдің жарқын болашағын қалыптастыра алатыны айтылып, жастарды ұлттық рухта тәрбиелеудің маңыздылығы ерекше атап өтілді.
Кездесу еркін пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар ұлттық мұраны сақтау, дәстүр сабақтастығын жалғастыру бағытындағы ой-пікірлерімен бөлісті. Тағылымы мол басқосу жастардың ұлттық сана-сезімін нығайтып, ата-баба аманатына деген құрметін арттыруға ықпал етті. Іс-шара соңында қонаққа алғыс білдіріліп, осындай тәрбиелік мәні зор кездесулердің алдағы уақытта да жалғасын табатыны айтылды.
Мәрзия Омарова,
Өндіріс ауылдық округінің жастармен жұмыс жүргізу жөніндегі маманы.