Жарты жылда 109 адамды кене шаққан
Аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында аудан әкімі Бақытжан Жәнібековтың төрағалығымен кезекті аппараттық кеңестің отырысы өтті. Кеңестің күн тәртібінде бірқатар мәселелер мен олардың шешімдері талқыланып, бірнеше басшылардың баяндамалары тыңдалды.
Ең алдымен аудан әкімі аппаратының басшысы Н.Абай 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасының Құрылтай сайлауына әзірлік барысы туралы баяндама жасады. Оның ішінде сайлау учаскелеріндегі жабдықтарды түгендеу, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасау және байланыс қызметінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету бағытында жұмыстарды жіпке тізді.
Жерлестеріміз өздеріне қауіпті түрлі кеселдерді танып, сақтануы тиіс. Ол үшін тиісті мамандардың түсіндірме жұмыстары ерекше маңызды. Қазіргі таңдағы жұртты алаңдатып отырған дерттің бірі – Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы. Бұл жөнінде аталған жиында сөз қозғаған Шу аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы М.Сәулебаев аудандағы эпидемиологиялық жағдай және атқарылып жатқан жұмыстар бойынша баяндап берді.
Мұрат Майорұлының айтуынша, Шу қаласы, Төле би, Қонаев, Балуан Шолақ, Алға, Мойынқұм, Ақтөбе, Бәйдібек ауылы, Оразалы батыр және Шоқпар ауылдық округінің Бабасай телімі 2026 жылға Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы бойынша эндемиялық аумақ қатарына жатады.
-2026 жылғы наурыз айынан бастап облыстың 35 елді мекенінде көктемгі зоологиялық-паразитологиялық барлау жұмыстары жүргізілді.
Барлығы 3113 иксодты кене жиналып, 281 сынама зерттелді. Оның ішінде 4 сынама КҚГҚ қоздырғышына оң нәтиже көрсетіп, залалдану деңгейі 1,4 пайызды құрады,-дейді басқарма басшысы.
Тағы бір айта кетерлігі, аудан тұрғындары арасында кене шағу деректері өкінішке қарай өсуде, яғни, 2024 жылы 77 дерек тіркелсе, 2025 жылы 58 жағдай болған. Ал биылғы 6 ай ішінде 109 дерек тіркелген.
Осыларды атап өткен баяндамашы кенелерге қарсы залалсыздандыру жұмыстарын уақытылы және сапалы ұйымдастыруды, залалсыздандыру жұмыстары басталғанға дейін эпидемиологиялық қолайсыз елді мекендерге тазалық жүргізуді өтінді.
Басқосу мәресінде «Ауыл аманаты» бағдарламасының Шу өңірінде жүзеге асырылуы барысы жайлы ақпарат ұсынылды.
Өз кезегінде аудан басшысы аталған кемшіліктерді уақыт оздырмай шешуді тапсырды.
Байжан Емберді.