Атқарылған жұмыстар сараланды
Күні кеше аудан әкімі Бақытжан Жәнібековтің төрағалығымен аппараттық кеңестің кезекті отырысы өтті. Кеңесте күн тәртібіне енгізілген мәселелер қаралып, бөлім басшылары баяндама жасады. Сондай-ақ аудан әкімінің инспекторлары жүргізген зерделеу жұмыстарының қорытындылары жария етілді.
Алғаш болып сөз алған аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Тұрар Дурманов өңірдегі қоғамдық-саяси ахуал туралы баяндап, тұрғындардың өтініштері мен сауалдарына уақытылы әрі сапалы кері байланыс орнатудың маңыздылығына тоқталды.
Тұрар Мұханбетханұлының айтуынша, Шу ауданындағы қоғамдық-саяси ахуал тұрақты бақылауда. Аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімі мемлекеттік саясатты түсіндіру, қоғамдық тұрақтылықты сақтау, этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту, сондай-ақ азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимылды дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.
Сонымен қатар, ол әлеуметтік желілер мен өзге де байланыс арналары арқылы тұрғындардан келіп түсетін сауалдарға жергілікті атқарушы органдар мен жауапты мекемелердің уақытылы жауап беріп, тиімді кері байланыс орнатуы қажет екенін атап өтті.
Бұдан кейін кеңеске қатысушылар Дулат ауылдық округінде атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы ақпаратпен танысты. Бұл жөнінде баяндама жасаған округ әкімі Біржан Кірпікбаев жергілікті бюджет есебінен Бөлтірік ауылындағы Ақтасты көшесі, Ақтасты тұйығы және Ботаборым көшесіне жалпы ұзындығы 3,401 шақырым болатын орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Жобаның жалпы құны 149,7 млн теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстарын биылғы тамыз айының соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Сондай-ақ округ әкімі демеушілердің қолдауымен Бәйдібек және Бөлтірік ауылдарында бірқатар әлеуметтік жұмыстар жүзеге асырылғанын жеткізді. Айта кетейік, Дулат ауылдық округіне қарасты екі елді мекендегі 261 түтінде 1427 тұрғын тұрады.
Кеңес соңында аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімшесінің басшысы Б.Боранбай Дулат ауылдық округіне жүргізілген зерделеу жұмыстарының қорытындысы бойынша баяндама жасады.
Баяндамашы анықталған бірқатар кемшіліктерді атап өткенімен, округте атқарылып жатқан жұмыстарға да оң бағасын берді.
– Қорытындылай келе, ауылдық округ әкімінің жұмысы жалпы алғанда нәтижелі деп бағаланады. Әсіресе, көшелердің тазалығы, жол белгілері мен жол инфрақұрылымының талапқа сай күтіп ұсталуы бойынша оң нәтижелер байқалады, – деді Б.Боранбай.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жоюды тапсырды. Сондай-ақ берілген тапсырмалардың сапалы әрі мерзімінде орындалуы әрбір жауапты басшының тікелей міндеті екенін ерекше атап өтті.
Байжан Емберді.