АСПАН АСТЫНДАҒЫ АШЫҚ ЕСІК КҮНІ
Әкімдердің тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдауы – билік пен бұқара арасындағы байланысты бекіте түсетін маңызды тетік. Азаматтар өздерін толғандырған мәселелерді тікелей басшыларға жеткізіп, нақты жауап алып, оның шешілу барысын бақылауға мүмкіндік алады. Мұндай қабылдаулар тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдап қана қоймай, жергілікті жердегі өзекті мәселелерді анықтауға және оларды тиімді шешуге жол ашады.
Өткен аптаның соңында Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібеков бастаған жергілікті атқарушы орган басшыларының қатысуымен «Ашық есік күні» ұйымдастырылды. Ондағы мақсат – тұрғындардың тілегіне құлақ түріп, заң аясында түсіндірме беру.
Әкімдік ғимаратының алдында өткен қабылдау барысында барлығы 87 тұрғынның өтініші тыңдалып, көтерілген мәселелер бойынша түсіндірме берілді. Сонымен қатар жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді.
Қабылдауға келген жерлестеріміздің тарапынан ең көп көтерілген мәселелер тұрғын үймен қамтамасыз ету, жұмыспен қамту, сондай-ақ әлеуметтік және коммуналдық салаларға қатысты болды.
-Мұндай кездесулер тұрғындар мен жергілікті атқарушы органдар арасындағы ашық диалогты нығайтып, өзекті мәселелерді дер кезінде шешуге мүмкіндік береді. Әрбір азаматтың өтініші назарға алынып, заң аясында кезең-кезеңімен қаралатын болады,-дейді Бақытжан Оразалыұлы.
Байжан Емберді.