Ақпараттық портал

Жастар – ел дамуының берік тірегі, болашақтың баянды жолы, нық өзегі

Қай кезеңде де елдің ең басты байлығы – оның жастары. Себебі, бүгінгі жас буын – ертеңгі ел тірегі, қоғамның қозғаушы күші. Жастар саясатын тиімді жүзеге асыру – мемлекеттің стратегиялық бағыттарының бірі. Ал ауданда бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп, нақты нәтижелерге қол жеткізіліп келеді. Бұл мақалада біз жыл басынан бүгінгі күнге дейін, яғни алты ай ішінде жастармен жүргізілген жұмыс туралы айтып өтпекпіз.

Бүгінде аудан халқының саны 104 297 болса, оның 30 586-ын 14 пен 35 жас аралығындағы жастар құрайды. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жастардың ішінде 16 097 ер азамат, 14 489 әйел болса, ауыл жастары – 17 745, ал қала жастары – 12 841 адамды құрайды. Яғни, әрбір үшінші тұрғын – жас. Оның ішінде ер азаматтар саны басым болғанымен, қыз-келіншектер де қоғамдық өмірдің белсенді қатысушылары. Қала мен ауыл жастарының ара салмағы да теңгерімді, яғни сандық көрсеткіш бойынша ауыл жастары басым болғанымен, қалалық жастар да түрлі бастамалардың алдыңғы қатарынан көрінуде.
Жастардың өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі – отбасын құру десек, 2026 жылдың маусым айының қорытындысы бойынша 87 жас неке қиып, жаңа өмірге қадам басқан. Оның ішінде 3 жас шетел азаматымен неке қиған, ал 2 жастың некесі бұзылған.
Білім беру саласы – жастар саясатының негізгі тіректерінің бірі. Аудандағы 46 мектепте 20 464 оқушы білім алуда. Оның жартысынан астамы – жасөспірімдер. Жыл сайын мыңнан астам түлек мектеп бітіріп, үлкен өмірге жолдама алады. Нақтылайтын болсақ, биыл 1 234 түлек мектеп бітіреді. Сонымен қатар, 886 жас Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан.
Жастардың кәсіби білім алуына да мүмкіндік мол. Шу қаласында 4 колледж бар болса, оның 1-і мемлекеттік, 3-і жекеменшік негізде. 2025-2026 оқу жылында бұл оқу орындарында 1 194 студент білім алуда. Қуантатыны – олардың басым бөлігі мемлекеттік 830 грант иегерлері. Дегенмен, оқу бітірген жастарды жұмыспен қамту мәселесі әлі де өзекті. Соған қарамастан, өткен оқу жылында 270 түлектің 99-ы тұрақты жұмысқа орналасқан.
Қазіргі таңда ауданда 490 жас жұмыссыз ретінде тіркелгенімен, олардың басым бөлігі мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдау табуда. Жалпы 725 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған. Оның ішінде ваканттық бос жұмыс орындарына – 553 жас, жастар практикасына – 37 жас, ақылы қоғамдық жұмыстарға – 70 жас, әлеуметтік жұмыс орындарына – 9 жас, қысқа мерзімді оқыту курстарына – 9 жас, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша – 47 жас жолданған. Әсіресе, кәсіпкерлік бағыттағы бастамалар ерекше назар аудартады. Конкурстық негізде 25 жас кәсіпкер жылдық 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алып, өз кәсібін бастаған. Сондай-ақ, «Ауыл аманаты» жобасы аясында да әр жылдары ондаған жас несие алып, кәсіптерін дамытуда.
Жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстары да жүйелі жүргізілуде. Түрлі кездесулер, түсіндіру шаралары, құқықтық кеңестер – барлығы жастардың санасын қалыптастыруға бағытталған. Пробация есебінде тұрған жастармен жүргізіліп жатқан жұмыстар да олардың қоғамға қайта бейімделуіне ықпал етуде. Жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында 144 іс-шара өткізіліп, 2 342 жас қамтылған. Пробация қызметінің мәліметіне сәйкес, 2026 жылдың І тоқсанында 44 жас тіркелген. Сонымен қатар, ішкі істер бөлімінің дерегінше, 2026 жылдың маусым айының қорытындысы бойынша 29 қылмыс тіркелген. «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында пробация есебінде тұрған 3 жасқа құқықтық кеңес беріліп, арнайы кездесулер ұйымдастырылған.
Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға келер болсақ, өңірдегі жүздеген спорт нысандары жастарға қолжетімді. Арнайы бекітілген кесте бойынша жастар спортпен тегін шұғылдана алады. Бұл бағытта «Жастар ресурстық орталығы» тарапынан 72 іс-шара өткізіліп, оған 2 994 жас қамтылған. Сонымен қатар, әскери-патриоттық бағыттағы іс-шаралар да жастардың елге деген сүйіспеншілігін арттыруда. Қазіргі таңда аудан бойынша әскери есепте тұрған жастар саны 4 125. Оның ішінде 280 жас әскерге шақырылған, 137 жас әскер қатарына аттанған. Орталық тарапынан әскери-патриоттық бағытта 48 іс-шара өткізіліп, оған 1 368 жас қамтылған.
Еріктілік қозғалысы да қарқын алған. Қазіргі таңда ауданда 483 ерікті жас бар. Жыл басынан бері олардың қатысуымен 418 іс-шара өткізіліп, 7 905 адам қамтылған. «Қамқор», «Үміт», «Саулық», экологиялық, спорттық, мәдени және басқа да бағыттардағы жобалар аясында нақты көмек көрсетіліп келеді.
Қазіргі қоғамда діни сауаттылық мәселесі де аса маңызды. Жастар арасында деструктивті діни ағымдардың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Кездесулер, түсіндіру жұмыстары, ақпараттық шаралар – барлығы жастардың дұрыс бағыт таңдауына көмектесуде. Осы бағытта 45 іс-шара өткізіліп, 1 047 жас қамтылған.
Ал жастар үшін тиімді бағдарламалардың бірі – «Дипломмен ауылға». Бағдарлама аясында 35 маман көтерме жәрдемақы алып, 27 маманға бюджеттік несие берілген. Сонымен қатар, ауданда уақытша бос жүрген жастармен де нақты жұмыстар жүргізілуде. 2026 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша әлеуметтік мәртебесі белгісіз 1 072 жас анықталып, оларды нақтылау мақсатында 124 адрестік жұмыс жүргізілген.
Аталған жұмыстардың барлығы аудандық «Жастар ресурстық орталығының» үйлестіруімен жүзеге асырылуда. Бүгінде орталықта 39 қызметкер жұмыс істейді. Әрине, атқарылған жұмыстармен қатар, шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Соның бірі – Жастар ресурстық орталығының жеке ғимаратының болмауы. Қазіргі таңда орталық жеке ғимаратсыз, Оқушылар сарайының базасында отыр. Дегенмен, бұл мәселе болашақта өз шешімін табады деген сенім бар.
– Бүгінде жастар – қоғамның ең белсенді әрі қозғаушы күші. Біз білім беру, жұмыспен қамту, кәсіпкерлік, құқықтық сауаттылық, патриоттық тәрбие, еріктілік сынды бағыттардың барлығын қамтуға тырысамыз. Әсіресе, ауыл жастарына ерекше көңіл бөлінуде. «Ауыл аманаты» сияқты жобалар арқылы жастардың туған жерінде тұрақтап, кәсіп бастауына жағдай жасалып отыр. Бүгінгі жастар – өте білімді, ізденімпаз, жаңа мүмкіндіктерге ашық. Олардың әлеуетін дұрыс бағыттай білсек, кез келген жетістікке жетуге болады. Біз өз тарапымыздан әр жастың дамуына мүмкіндік беретін орта қалыптастыруға күш салып келеміз. Алдағы уақытта да жастардың сұранысына сай жаңа жобаларды жүзеге асырып, олардың қоғамдағы рөлін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасын табады, – дейді бізбен әңгімесінде орталық директоры Ғани Бірлікұлы.

Балнұр Жексенбекқызы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.