Ақпараттық портал

Теміржол өткеліндегі қауіпсіздік талаптарын сақтайық!

Шу жол дистанциясының қызмет көрсету аумағында 8 теміржол өткелі бар. Оның ішінде 2 өткел күзетіледі, 6 өткел күзетілмейді. Аталған өткелдер Шу және Меркі аудандарының аумағында орналасқан.
Теміржол өткелдеріндегі қауіпсіздік талаптарын сақтамау ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. 2026 жылғы 27 маусымда күзетілетін теміржол өткелінде жүргізуші тыйым салынған бағдаршам белгісіне қарамастан, жабық шлагбаумды айналып өтіп, жолаушылар пойызымен соқтығысқан.
Бұл жағдай – теміржол өткеліндегі қауіпсіздік ережелерін бұзу адам өміріне тікелей қауіп төндіретінін көрсетті.
Осыған байланысты барлық жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді теміржол өткелдерінен өту кезінде жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, тыйым салынған белгіге тоқтауға және жабық шлагбаумды айналып өтпеуге шақырамыз.
Бір сәттік немқұрайдылық – орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін. Қауіпсіздік талаптарын сақтайық!
Теміржол – аса қауіпті аймақ!
Құрметті тұрғындар! Теміржол бойында қараусыз жүрген мал – үлкен қауіп. Малдың пойыз жолына шығуы пойыздың шұғыл тежелуіне, апатқа, тіпті адам өмірінің қиылуына әкелуі мүмкін.
Шу жол дистанциясы аумағында малдың теміржолға шығып кету жағдайлары жиілеп отыр. Бір ғана қараусыз қалған малдың кесірінен жүздеген адамның өміріне қауіп төнуі мүмкін!
Мал – сіздің жауапкершілігіңіз. Малды теміржол бойына жібермеңіз, қараусыз қалдырмаңыз. Бір сәттік немқұрайдылық орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін.
Теміржолмен ойнауға болмайды. Қауіпсіздікке бірге жауапты болайық!
Шу жол дистанциясының әкімшілігі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.