Ақпараттық портал

Үлгілі ауылға – үлкен тарту

Өңірімізге қарасты Балуан Шолақ ауылында сәні мен сәулеті жарасқан тағы бір спорт нысаны ел игілігіне берілді. Ендігі жерде ауыл балалары мен жастары заманауи футбол алаңында доп теуіп, Street Workout алаңында жаттығып, арнайы жүгіру жолағында жеңіл атлетикамен шұғылдануға мүмкіндік алды.

Өткен аптаның соңында жаңа футбол алаңының ашылу салтанаты өтті. Қызыл лентаны ауылдың ақсақалдары қиып, игілікті істің басталуына ақ батасын берді. Салтанатты шараға аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков, ауылдың ардагерлері мен тұрғындары қатысты.
Көркіне көз тоятын, ашық аспан астындағы шағын стадион аз уақыттың ішінде ауылдың көрікті орындарының біріне айналып отыр. Жаңа нысанның ашылуында аудан әкімі Бақытжан Оразалыұлы ауыл тұрғындарын қуаныштарымен құттықтап, спорттың бұқаралық сипат алуындағы мұндай нысандардың маңызына тоқталды.
– Баршаңызды алдымен осы айтулы күнмен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – жасөспірімдер мен жастар үшін үлкен сый. Спорт нысаны бұқаралық спорттың дамуына зор септігін тигізеді деп сенеміз. Қомақты қаржыға ие болып, осындай нысанның бой көтеруі – тұтас ауылдың жеңісі. Сондықтан сіздерге айтар алғысым шексіз, – деді аудан әкімі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елді мекендердің тазалығы мен абаттандырылуының, қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың белсенділігін арттырудың маңыздылығын үнемі атап өтіп келеді. Осы бағытта елімізде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы қолға алынды.
Аталған бастама аясында Жамбыл облысында жүзеге асқан «Үлгілі ауыл» жобасы елді мекендердің тазалығын ғана емес, қоғамдық тәртіпті, тұрғындардың ауызбіршілігін және туған жерге деген жанашырлығын бағалауға бағытталған тағылымды жоба болды.
Былтыр Балуан Шолақ ауылдық округі аталған байқауға қатысып, облыс көлеміндегі ең таза әрі көрікті, қоғамдық тәртібі жоғары елді мекендердің бірі ретінде танылды. Ауылда үш жылға жуық уақыт бойы бірде-бір қылмыстық оқиғаның тіркелмеуі де тұрғындардың ауызбіршілігі мен қоғамдық тәртіпке деген жауапкершілігінің жоғары екенін көрсетті. Нәтижесінде, Балуан Шолақ ауылдық округі байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды.
Байқау талаптарына сәйкес бас жүлдеге ие болған ауылға облыстық бюджеттен 50 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінді. Міне, сол қаржыға заманауи футбол алаңы мен Street Workout спорт кешені салынып, бүгін ауыл тұрғындарының игілігіне беріліп отыр.
Ашылу салтанатына ауылдың тайлы-таяғы түгел жиналып, қуанышқа ортақтасты. Спорт ардагерлері ақжарма тілектерін білдіріп, ауыл ақсақалдары батасын берді. Әжелер шашу шашып, көпшілік жаңа нысанның ел игілігіне ұзақ жыл қызмет етуін тіледі. Салтанатты шара барысында Мемлекеттік Әнұран орындалып, елдік рухты айшықтай түсті.
Жаңа спорт нысанының ашылуымен қатар 45 жастан асқан әуесқой спортшылар арасында футболдан турнир ұйымдастырылды. Дүбірлі додаға Шоқпар, Ескі-Шу, Дулат, Қорағаты, Төле би, Жаңақоғам және Балуан Шолақ ауылдық округтерінен келген командалар қатысты.
Тартысты өткен турнир барысында командалар өзара бақ сынап, көрермендерге тартымды ойын сыйлады. Нәтижесінде, үздік командалар қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар жекелеген номинациялар бойынша үздік ойыншылар да арнайы марапаттарға ие болды.
Жалпы, ауылдың ажарын ашып, жастардың спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік беретін жаңа нысан – Балуан Шолақ ауылының «Үлгілі ауыл» байқауындағы жеңісінің нақты жемісі. Бұл – тұрғындардың ауызбіршілігі мен туған жерге деген жанашырлығының нәтижесі. Ең бастысы, елді мекендегі осындай игі бастамалар ауыл жастарының спортқа деген қызығушылығын арттырып, саламатты өмір салтын қалыптастыруға жол ашары сөзсіз.

Байжан Емберді.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.