Ақпараттық портал

Құрылтай – халық пен ел мүддесі тоғысатын алаң

Қазақ халқының тарихында Құрылтай ұғымының орны ерекше. Ертеден ел тағдырына қатысты маңызды мәселелерді ақылдасып, ортақ шешім қабылдау үшін ел ағалары мен беделді тұлғалардың бас қосқаны белгілі. Бұл дәстүрдің өзегінде бір ғана ұғым бар. Ол – елдік мүдде. Сондықтан бүгінгі қоғамдағы Құрылтай институтына да осы тұрғыдан қарау қажет деп ойлаймын.

Қазіргі заманда уақыт өзгерді, қоғам өзгерді, адамдардың талап-тілегі де жаңарды. Бірақ халықтың ел болашағына алаңдауы, өзекті мәселелердің шешімін іздеуі, қоғам мен мемлекет арасындағы өзара байланысты күшейту қажеттілігі өзгерген жоқ. Осы тұрғыдан алғанда Құрылтайдың қоғамдық маңызы айрықша.
Менің түсінігімде, Құрылтай – қоғамдағы түрлі көзқарастар мен ұсыныстарды ортақ елдік мақсат төңірегінде тоғыстыруға мүмкіндік беретін алаң. Мұнда халықтың көкейіндегі мәселелер ашық айтылып, ел дамуының бағыттары туралы ой-пікірлер ортаға салынуы маңызды.
Қоғамда шешімін күткен мәселе аз емес. Бір өңір үшін жұмыссыздық маңызды болса, екінші жерде ауылдың инфрақұрылымы, үшінші жерде білім мен денсаулық сақтау мәселесі өзекті болуы мүмкін. Ал жастар үшін баспана, сапалы білім, жұмыспен қамту және өз кәсібін бастау мүмкіндігі маңызды. Осындай сан алуан мәселелерді бір арнаға тоғыстырып, елдік деңгейде қарастыру – Құрылтайдың негізгі міндеттерінің бірі болуы тиіс деп есептеймін.
Әсіресе қарапайым халықтың үнін есту маңызды. Кейде жоғары деңгейде қаралатын мәселелердің түп-тамырында қарапайым адамның күнделікті тұрмысында кездесетін жағдайлар жатады. Бір ауылдағы жол мәселесі, мектептің материалдық жағдайы, медициналық қызметтің қолжетімділігі немесе жастардың жұмыспен қамтылуы – барлығы да елдің жалпы әлеуметтік ахуалымен байланысты.
Халық өз пікірінің ескерілгенін сезінгенде ғана мемлекет пен қоғам арасындағы сенім нығая түседі.
Құрылтайдың тағы бір маңызды қыры – қоғамдық келісімді қалыптастыру. Қазіргі ақпарат дәуірінде әртүрлі пікірдің қатар өмір сүруі заңды. Әлеуметтік желілерде адамдар өз ойын ашық білдіреді, түрлі мәселеге қатысты пікірталастар жүреді. Бұл – қоғамның белсенділігінің белгісі. Бірақ пікір алуандығы өзара түсіністікке сызат түсірмеуі керек.
Біздің ортақ үйіміз – Қазақстан. Сондықтан қандай мәселе талқыланса да, ең алдымен елдің тұрақтылығы мен бірлігі ескерілуі қажет. Әр азаматтың көзқарасы әртүрлі болуы мүмкін, алайда баршамызды біріктіретін құндылықтар бар. Олар – бейбітшілік, тәуелсіздік, туған жерге деген құрмет, ұрпақ болашағы және елдің дамуы.
Сонымен бірге Құрылтай ұлттық құндылықтарды сақтауға да ықпал ететін маңызды алаң болуы керек деп санаймын. Технология дамып, әлем өзгерген сайын өз болмысымызды, ана тілімізді, салт-дәстүрімізді, тарихи жадымызды сақтау мәселесі өзектілігін жоғалтпайды.
Ұлттық құндылық дегеніміз – атадан балаға жалғасқан жақсы қасиеттерді бүгінгі заман талабына сай дамыту. Үлкенге құрмет, кішіге ізет, еңбекқорлық, отансүйгіштік, білімге ұмтылу, жауапкершілік сияқты қасиеттер қай кезеңде де маңызын жоғалтпайды.
Құрылтай осындай құндылықтарды қоғам өмірімен байланыстыра отырып, олардың жас ұрпақтың тәрбиесіне ықпал етуіне жол ашуымен құнды. Себебі мықты мемлекет тек экономикалық көрсеткіштермен өлшенбейді. Оның рухани негізі де берік болуы керек.
Елдің дамуына әр азаматтың қосар үлесі бар. Біреу өндірісте еңбек етеді, біреу білім береді, енді біреу кәсіпкерлікпен айналысады, тағы бірі қоғамдық жұмыстарға белсенді араласады. Осындай еңбектердің барлығы бір арнаға тоғысқанда ғана мемлекет алға жылжиды.
Сондықтан Құрылтайды халықтың пікірін тыңдайтын, қоғамның өзекті мәселелерін саралайтын және ел болашағына қатысты маңызды ұсыныстарды қалыптастыратын институт ретінде дамыту қажет деп ойлаймын. Мұнда ең бастысы – атақ немесе мәртебе емес, нақты жұмыс пен жауапкершілік болуы тиіс.
Қазақта «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген сөз бар. Оның астарында үлкен мән жатыр. Маңызды мәселені ақылдасып, жан-жақты саралап барып шешу – кез келген қоғам үшін қажет қағида. Ертеңгі Құрылтайдың мәнін де осы ұстаныммен байланыстыруға болады.
Еліміздің алдында үлкен мақсаттар тұр. Экономиканы дамыту, білім сапасын арттыру, ауылдарды өркендету, жастарға мүмкіндік беру, ұлттық құндылықтарды сақтау, әлеуметтік әділеттілікті нығайту – мұның барлығы бір күнде шешілетін мәселе емес. Бірақ қоғам болып ақылдасып, нақты бағыт белгілеп, жүйелі жұмыс жүргізсек, нәтижеге қол жеткізуге болады.
Бүгін бізге өзара сыннан бұрын өзара түсіністік, құр сөзден бұрын нақты әрекет, жеке мүддеден бұрын елдік мүдде қажет. Құрылтай осы бағытта өз міндетін абыроймен атқара алса, оның қоғамдағы орны да, маңызы да арта беретіні сөзсіз.
Мақсат ШӘЙМЕРДЕН,
Шу қалалық Жастар ресурстық орталығының директоры.

Leave A Reply

Your email address will not be published.