Ақпараттық портал

Әділетті Қазақстанның жаңа кезеңінің бастауы

2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Қазақстан Республикасының Конституциясы – еліміздің құқықтық жүйесін жаңа деңгейге көтеретін тарихи құжат. Бұл өзгерістердің басты мақсаты – Әділетті Қазақстан қағидаттарын орнықтырып, адам құқығын, заң үстемдігін және қоғамдық жауапкершілікті нығайту.
Жаңа Ата заңда ең алдымен адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктері күшейтілді. Енді әр азаматтың құқығы өзге адамдардың құқықтарын, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың денсаулығын және қоғамның имандылық қағидаларын бұзбауы тиіс деген талап нақты айқындалды. Сонымен қатар жеке өмірге қол сұғылмаушылық жаңа мазмұнға ие болып, азаматтардың цифрлық деректері мен электрондық хат-хабарларының құпиялығы конституциялық деңгейде қорғалады.
Сөз бостандығы, ғылыми және шығармашылық еркіндікке берілетін кепілдіктер нақтыланып, жеке адамның құқықтарын қорғаудың заманауи тетіктері енгізілді. Мемлекеттік тіл – қазақ тілінің мәртебесі сақталып, орыс тілінің мемлекеттік органдардағы ресми қолданысы және еліміздегі барлық этностардың тілдерін дамытуға мемлекеттік қолдау көрсету қағидаты өзгеріссіз қалды.
Сыртқы саясаттағы ұстанымдар да заман талабына сай жаңартылып, Конституцияның мазмұны ықшам әрі нақты сипатқа ие болды. Бұл – еліміздің халықаралық құқық қағидаттарына адалдығын сақтай отырып, ұлттық мүддені қорғауға бағытталған маңызды қадам.
Бұл өзгерістер – заңның үстемдігін қамтамасыз ететін, азаматтың қадір-қасиеті мен құқықтарын қорғауды басты орынға қоятын жаңа құқықтық мәдениеттің бастауы. Алаш қайраткерлері аңсаған заң үстемдік құрған, әділет салтанат құрған мемлекет құру идеясы бүгінгі конституциялық жаңғырумен сабақтасып жатыр.
Әрбір жаңа заң – қоғамның сұранысына сай қабылданатын маңызды шешім. Оның басты мақсаты – азаматтардың құқықтарын қорғау, қоғамдық тәртіпті нығайту және еліміздің тұрақты дамуына жағдай жасау. Заң талаптарын сақтау – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Себебі заңға құрмет – мемлекетке деген құрметтің, ал жауапкершілік – ел болашағына деген жанашырлықтың айқын көрінісі.
Жасұлан ӘБЕНОВ,
Шу аудандық мәслихат төрағасы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.