Ұлы дала құрылтайынан Ұлттық құрылтайға дейін: дәстүр сабақтастығы және жаңа кезең
Қазақ халқының тарихында ел тағдырына қатысты маңызды мәселелерді ақылдасып, ортақ шешім қабылдайтын ерекше институттардың бірі – құрылтай. Бұл – тек жиын ғана емес, халықтың бірлігі мен ынтымағын нығайтатын, елдік мүддені бәрінен жоғары қоятын кеңес алаңы болған. Бүгінде сол дәстүр заман талабына сай жаңарып, Ұлттық құрылтай форматында жалғасып келеді. Оның негізгі мақсаты – мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты нығайтып, елдің дамуына қатысты өзекті мәселелерді ашық талқылау.
Ежелгі дәуірлерден бастап түркі халықтарының қоғамдық-саяси өмірінде құрылтайдың орны ерекше болды. Құрылтайларда хан сайлау, елдің ішкі-сыртқы саясаты, жер мәселесі, соғыс пен бітім, халықтың бірлігіне қатысты маңызды шешімдер қабылданды. Қазақ хандығы тұсында Тәуке ханның «Күлтөбенің басында күнде кеңес» дәстүрі, Ордабасыдағы үш жүздің басын қосқан құрылтайлар ел тарихындағы маңызды кезеңдер ретінде есте қалды. Осындай жиындарда билердің, батырлардың, ру басыларының пікірі тыңдалып, көпшілік келісімімен ортақ шешім қабылданатын.
Қазіргі Ұлттық құрылтай мазмұны жағынан тарихи құрылтайдың заңды жалғасы болғанымен, оның қызметі заман талабына сай жаңа сипатқа ие болды. Егер бұрынғы құрылтайларда мемлекеттік басқару мәселелері, ел қорғау және хан сайлау басты орын алса, бүгінгі Ұлттық құрылтай қоғамды жаңғырту, заңнаманы жетілдіру, ұлттық құндылықтарды сақтау, білім, мәдениет, жастар тәрбиесі, әлеуметтік саясат және экономиканы дамыту мәселелерін талқылайтын қоғамдық пікір алаңына айналды.
2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Ұлттық құрылтай құрылып, оған қоғам қайраткерлері, ғалымдар, ардагерлер, жастар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, шығармашылық және іскерлік орта мүшелері енгізілді. Бұл құрылымның басты ерекшелігі – қоғамның әртүрлі топтарының пікірін ескеріп, мемлекет дамуына қатысты ұсыныстарды ортақ талқылау арқылы нақты шешімдер қабылдауға ықпал етуі.
Ұлттық құрылтай отырыстарында көтерілген мәселелердің бірқатары кейін заңнамалық деңгейде қолдау тауып келеді. Соңғы жылдары қабылданған бірқатар заңдар мен өзгерістер соның айқын дәлелі.
Атап айтқанда, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтіліп, заңнамаға маңызды өзгерістер енгізілді. Сонымен қатар вейп өнімдерінің айналымына тыйым салу туралы заң қабылданды. Құмар ойындарға тәуелділіктің алдын алу бағытында да заңнамалық өзгерістер жүзеге асырылып, мемлекеттік қызметшілердің, әскери қызметкерлердің және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің құмар ойындарға қатысуына шектеулер белгіленді.
Сондай-ақ есірткі қылмыстарына қарсы күресті күшейту, тарихи-мәдени мұраны қорғау, ономастика саласын жетілдіру, мемлекеттік наградалар жүйесін жаңарту, кітап оқу мәдениетін дамыту, еңбек адамын дәріптеу және ұлттық құндылықтарды насихаттау мәселелері де Ұлттық құрылтайдың күн тәртібінен түскен емес.
2025 жылы өткен Ұлттық құрылтайда да қоғамдағы өзекті мәселелер кеңінен талқыланды. Мемлекет басшысы заң мен тәртіп қағидатын нығайту, әділетті қоғам қалыптастыру, цифрландыруды дамыту, жасанды интеллект технологияларын енгізу, еңбек адамының мәртебесін көтеру, тарихи сананы жаңғырту, салық және бюджет жүйесін жетілдіру бағытында нақты міндеттер жүктеді. Сонымен қатар ұлттық бірегейлікті сақтау, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, жастар тәрбиесі мен отбасы институтын нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Қазіргі құрылтайдың басты ерекшелігі – халықтың ұсыныстары мемлекеттік шешімдерге ықпал ете алатын тиімді қоғамдық диалог алаңына айналуында. Бұрынғы құрылтайлар ел тағдырын шешетін саяси институт болса, бүгінгі Ұлттық құрылтай қоғамдық пікірді мемлекет саясатына ұштастыратын маңызды кеңесші орган ретінде қалыптасып келеді.
Құрылтай – қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан елдік дәстүрінің көрінісі. Заман өзгергенімен, оның негізгі мақсаты өзгерген жоқ. Ол – халықтың бірлігін нығайту, мемлекет мүддесін қорғау және елдің болашағын бірлесіп айқындау. Бүгінгі Ұлттық құрылтайдың қызметі – ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, еліміздің құқықтық, әлеуметтік және экономикалық дамуына тың серпін беретін маңызды қоғамдық институт. Сондықтан оның жұмысы қоғамдағы өзекті мәселелердің дер кезінде шешілуіне, халық пен билік арасындағы өзара сенімді нығайтуға және Әділетті Қазақстанды қалыптастыруға қызмет ете беретіні сөзсіз.
Сондықтан алдағы Ұлттық құрылтайдан да қоғамды толғандырған өзекті мәселелердің жан-жақты талқыланып, елдің әл-ауқатын арттыруға, заң үстемдігін нығайтуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және Әділетті Қазақстанды одан әрі орнықтыруға бағытталған тың бастамалар мен нақты шешімдер күтіледі. Ғасырлар бойы елдік мәселелерді ақылдасып шешкен Ұлы дала құрылтайының дәстүрі бүгінгі Ұлттық құрылтай арқылы өз жалғасын тауып, халық пен биліктің өзара сеніміне негізделген қоғамдық келісімді нығайта беретіні сөзсіз.
Айғаным Асқарбек.