Ақпараттық портал

Саяси науқан – ел болашағына деген жауапкершілік

Қай қоғамның да өркендеуі ең алдымен азаматтарының белсенділігіне, ел тағдырына деген жанашырлығына байланысты.
Биыл 23 тамызға белгіленген Құрылтай депутаттарының сайлауы – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі. Мұндай сәтте әр азаматтың ойы мен таңдауының маңызы арта түседі. Өйткені елдің ертеңі саналы азаматтардың жауапты қадамдарымен қалыптасады.
Бүгінгі жастарға қарап қуанамын. Олар білім іздейді, әлемдегі өзгерістерді жіті бақылайды, өз ойын ашық айтуға ұмтылады. Дегенмен азаматтық белсенділік әлеуметтік желіде пікір жазумен ғана өлшенбеуі қажет. Ол – заңды құрметтеу, қоғамдық істерге араласу, ел өміріндегі маңызды оқиғаларға бейжай қарамау және өз құқығы мен міндетін дұрыс түсіне білу деп есептеймін.
Қазіргі қоғамда әртүрлі пікірдің болуы қалыпты жағдай. Әркімнің өз көзқарасы бар. Бірақ қандай пікірде болсақ та, ең бастысы заң аясында әрекет ету, өзгелердің таңдауына құрметпен қарау және қоғамдық келісімді сақтау қажет. Елдің тұрақтылығы мен бірлігі бәрімізге ортақ құндылық.
Меніңше, кез келген сайлаудың басты ерекшелігі халықтың пікірін тыңдау мен азаматтардың таңдау жасау мүмкіндігінің болуы деп ойлаймын. Сондықтан қандай шешім қабылданса да, ол ойланып, сараланып жасалуы керек.
Бүгінде елімізде жастардың, қоғамдық ұйымдардың, түрлі сала мамандарының пікіріне ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұл қоғам мен мемлекет арасындағы байланыстың нығая түскенін көрсетеді. Осындай кезеңде әр азамат өзінің ел өміріне бейжай қарамайтынын ісімен дәлелдеуі маңызды.
Мен бүгінгі ұрпақтың саяси мәдениеті жоғары, заңды құрметтейтін, ел мүддесін жеке мүддеден биік қоятын азамат болып қалыптасқанын қалаймын. Өйткені ертеңгі Қазақстанның қандай болатыны бүгінгі жастардың ұстанымына байланысты.
23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауы да осы азаматтық жауапкершіліктің көрінісі деп білемін. Сондықтан әрбір азамат өз таңдауын саналы түрде жасап, заң талаптарын сақтап, қоғамдық тәртіп пен өзара сыйластықты бәрінен биік қойғаны жөн.
Менің бар тілегім – елімізде әрқашан бірлік пен татулық салтанат құрсын. Халқымыздың ынтымағы артып, мемлекетіміздің дамуына үлес қосатын саналы азаматтардың қатары көбейе берсін. Себебі берік мемлекет ең алдымен жауапкершілігі жоғары азаматтардан құралады.

Т.ДҮРМАНОВ,

аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.