Ел қорғаудағы иман мен ерліктің ерен үлгісі
Қазақ халқының тарихында елдің тәуелсіздігі мен жерінің тұтастығы үшін жанын пида еткен батырлар аз емес. Солардың ішінде ерлігімен де, батырлығымен де, елге деген адалдығымен де ерекше танылған тұлғалардың бірі – Қабанбай батыр. Ту көтеріп, ел қорғаған сүйікті батырына халық Ерасыл, Нарбала, Ізбасар, Қабанбай, Хан батыр, Дарабоз, Көкірек әулие деген ат-есімдер берген. Оның өмірі мен күрес жолы тек әскери ерліктің ғана емес, имандылықтың, отансүйгіштіктің және ұлтқа қызмет етудің жарқын үлгісі болып табылады.
Ұлы қолбасшы Қабанбайдың азан шақырып қойылған есімі – Ерасыл екені баршаға мәлім. Ол 1692 жылы туып, 1770 жылы дүниеден өткен. Жеті жасында әкесі Қожағұлдан, он алты жасында ағасы Есенбайдан жоңғарлардың қолынан айырылды. Қожағұлдың Есенбай, Есенаман, Ерасыл деген үш ұлы болған. Қабанбай Найман ішіндегі Қаракерей руының Байжігіт тармағынан шыққан.
Он алты жасар Ерасыл 1708 жылы жау арасына жасырын барып, ағасын өлтірген жоңғар батыры Оджа жырғал ноянды өлтіріп, кегін қайтарған. Осыдан кейін Зайсандағы Керей ішіне барып, апайы мен жездесі Бердәулеттің қолында ер жетеді. Өзіне шапқан қабандарды жайратып, «Қабан батыр» атанатыны осы кез. Содан бастап қашан көзі жұмылғанша қылышын қынабына салмаған. «Қазақта Найман Қабанбайдан асқан батыр жоқ, Үйсін Төле биден асқан би жоқ», – деген екен Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы.
Ислам діні адамға туған жерін, елін, халқын қорғауды қасиетті міндет ретінде жүктейді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Екі көзді тозақ оты шарпымайды: Алладан қорқып жылаған және Алла жолында елін күзеткен көз», – деп, Отанды қорғаудың қаншалықты сауапты іс екендігі туралы өсиет қалдырған.
Қазақ батырларының бойындағы ерлік пен отансүйгіштік те исламдық құндылықтармен астасып жатты. Қабанбай батырдың өмір жолы осының айқын дәлелі. XVIII ғасыр қазақ халқы үшін ең ауыр кезеңдердің бірі болды. Жоңғар шапқыншылығы қазақ жеріне қауіп төндіріп, халықтың азаттығы сынға түсті. Осындай қиын заманда ел қорғау жолында қолына қару алып, жұртын жаудан қорғаған баһадүрлердің алдыңғы қатарында Қабанбай батыр тұрды.
Қазақтың дәстүрлі дүниетанымында батырлық пен имандылық қатар жүрген. Қабанбай батыр да Аллаға тәуекел етіп, дұғамен іс бастаған тұлғалардың бірі болғаны жөнінде тарихи деректер мен ауызша шежірелерде айтылады. Жорыққа шығар алдында батырлардың бата алуы, Алладан жеңіс тілеуі қазақ қоғамында кең тараған дәстүр еді. Қабанбай батыр да елдің амандығын бәрінен жоғары қойған. Оның ерлігі жеке атақ үшін емес, халықтың тыныштығы мен жерінің бүтіндігі үшін жасалды.
Қабанбай батыр тек жауынгер ғана емес, елдің бірлігі үшін қызмет еткен тұлға болды. Ол қазақ жүздерінің бір тудың астында топтасып, ортақ жауға қарсы күресуін қолдады. Батыр ел ішіндегі татулықтың маңызын жақсы түсінді. Өйткені жеңістің кілті тек қарудың күшінде емес, халықтың бірлігінде екенін білді. Сондықтан ол билермен, хандармен, басқа батырлармен тізе қосып, ел мүддесіне қызмет етті.
Тарихи деректерде батырдың елін, жерін қорғауда көрсеткен ерліктері көптеп кездеседі. Солардың бірі – орыс тарихшыларының жазбалары. Онда Қабанбай батырдың ерлігі айрықша аталып өтеді. Орыс тарихшысы Кузнецовтің 1750 жылдардағы жазбаларында: «Қазақ қолының солтүстік-шығыс бөлігін Қабанбай батыр бастап, оңтүстік-шығыс бөлігін Абылай бастап, жоңғарларды шығысқа қарай тықсырып барады…» – деп жазылса, тағы бір орыс тарихшысы Веляминов-Зернов 1752 жылдары Еділ қалмақтары Қытайға қоныс аудармақ болған кезде іргелес отырған Қарақалпақ елін өздерімен бірге зорлап көшіріп әкетпек болғанда, сол елді қалың қол бастап құтқарып қалған адамның қазақтың Қабанбай батыры екендігін жазған.
Қабанбай батырдың өмірінен бірнеше маңызды сабақ алуға болады: Отанды сүю – иманнан туындайтын қасиет; елге қызмет ету – үлкен сауапты іс; ерлік пен имандылық бір-бірінен ажырамайды; бірлік бар жерде жеңіс бар; халықтың мүддесін жеке бастың мүддесінен жоғары қою қажет.
Қорыта айтқанда, Қабанбай батыр – қазақ халқының азаттығы жолында күрескен ұлы тұлға. Оның ерлігі мен имандылығы кейінгі ұрпаққа өнеге болып қала береді. Батырдың бүкіл ғұмыры елге қызмет етудің, Отанды қорғаудың және халыққа адал болудың жарқын үлгісі болды. Сондықтан Қабанбай батырдың есімі қазақ тарихында мәңгі сақталып, ұрпақ санасында ерлік пен отансүйгіштіктің символы ретінде өмір сүре береді.
Алмас КЕНЖЕМОЛДАЕВ,
Шу ауданының бас имамы.