Балалар алаңы ма, әлде қоқыс алаңы ма?
Баланың алаңсыз ойнап, асыр салып жүруі кез келген ата-ана үшін маңызды. Әсіресе ауылдық жерде балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне арналған ойын алаңдарының болуы үлкен қуаныш. Мұндай орындар балалардың ойын ойнап, қатарластарымен араласуына, таза ауада уақыт өткізуіне мүмкіндік береді. Алайда салынған нысанды күтіп ұстау, оның тазалығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бүгінде өзекті мәселеге айналып отыр.
Өкінішке қарай, Төле би ауылындағы Егемберді көшесі мен Т. Әшімбаев көшесінің қиылысында орналасқан балалар ойын алаңының қазіргі жағдайы көңіл көншітпейді. Балалар үшін арнайы салынғанына үш жылға жуық уақыт болған нысан бүгінде қараусыз қалып, біртіндеп қоқыс орнына айналып бара жатқандай.
Алаңның қазіргі көрінісі адам шошырлық. Айналасы қоқысқа толып, жердің әр жерінде пластик бөтелкелер, сусын ыдыстары мен түрлі қалдықтар шашылып жатыр. Ал шемішке қабығының көптігі соншалық, алаңның іші мен айналасы тұнып тұр. Балалардың ойнайтын жерінен гөрі, үлкендердің бас қосып, уақыт өткізетін орнына ұқсап кеткен.
Өкініштісі – ойын алаңының негізгі жабындысы саналатын жасанды газон да жыртылып, шашылып жатыр. Үш жылға да толмаған нысанның осындай күйге түсуі алаңның қаншалықты дұрыс пайдаланылмай, тиісті деңгейде күтім көрмегенін көрсетеді.
Ойын құрылғыларының жағдайы да мәз емес. Сырғанақтардың кейбірі сынған, балаларға арналған ойын элементтері тозып, қауіпсіздік мәселесін туындатып отыр. Ал алаңды қоршап тұрған темір қоршаудың да біраз бөлігі бүлінген. Тұрғындардың айтуынша, қоршауды кей адамдар сындырып қана қоймай, кей бөліктерін ұрлап кеткен. Соның салдарынан ойын алаңының қорғаныш шекарасы бұзылып, кез келген адамның еркін кіріп-шығуына мүмкіндік пайда болған. Балалар ойнайтын жердің түнде басқа мақсатта пайдаланылғаны тіпті алаңдатады.
Көше тұрғындарының айтуынша, мәселе тек қоқыс пен сынған ойын құрылғыларында емес. Алаңның кешкі уақыттағы жағдайы да алаңдатарлық.
Тұрғындардың сөзінше, кеш бата бұл жерге үлкендер жиналып, түнге дейін ішімдік ішетін кездер болады. Ал жастардың бір бөлігі алаңды темекі шегетін, шемішке шағатын, сыра ішетін орынға айналдырған.
-Бұл жер балалар ойнасын деп салынған ғой. Кезінде ашылғанда қалай қуанып едік. Бірақ қазір кешке қарай қарасаңыз, балаларға арналған алаңнан гөрі ересектердің отыратын жеріне ұқсайды. Жердің бәрі шемішке қабығы, бөтелке, қоқыс. Кейде үлкендердің ішімдік ішіп отырғанын да көреміз. Жастар темекі шегіп, сыра ішіп, шемішке шағады. Ертеңінде сол жерде балалар қайтадан ойнап жүреді. Балаларға обал. Алаңды тазалап, сынған жерлерін жөндеп, кешкі уақытта тәртіпті бақылауға алса екен, – деп аты-жөнін атамауды өтінген жергілікті тұрғын жағдайға алаңдайтынын жеткізді.
Алаңның қазіргі күйіне қарамастан, балалар мұнда әлі де ойнап жүр. Өйткені осы маңда балалардың ойнайтын орындары көп емес.
Сондықтан бұл нысанның бүгінгі жағдайы тұрғындарды бейжай қалдырмауы тиіс. Бір жағынан, қоғамдық орынға қоқыс тастап, ойын құрылғыларын бүлдіріп, қоршауды сындыруға жол бермеу әр азаматтың жауапкершілігі. Екінші жағынан, балаларға арналған нысанның тазалығы, қауіпсіздігі және жарамды күйде сақталуы да тиісті бақылауда болуы қажет.
Үш жылға жуық уақыт бұрын балалар игілігі үшін салынған алаңның осындай жағдайға жетуі ойланатын мәселе. Алаңды тазалап жөнге келтіруден бөлек кешкі уақытта қоғамдық тәртіптің сақталуына бақылау күшейтілсе, тұрғындардың да алаңға деген жауапкершілігі арта түсер еді.
Балалар алаңы біреудің қоқыс тастайтын немесе ішімдік ішіп, темекі шегетін жері емес. Ол баланың қауіпсіз ойнап, қуанышты балалық шағын өткізетін орны. Осыны естен шығармайық және Төле би ауылындағы осы балалар алаңы қайтадан өз мақсатына сай пайдаланылатын, таза әрі қауіпсіз орынға айналса деген тұрғындардың тілегі барын жеткізгіміз келеді.
Балнұр Жексенбекқызы.