Ақпараттық портал

Отбасы құндылығы – қоғамның берік негізі

Шу аудандық Отбасын қолдау орталығының ұйымдастыруымен «Отбасылық құндылықтар және Конституция» тақырыбында республикалық конкурс өтті.
Байқаудың негізгі мақсаты – отбасы институтын нығайту, ұлттық және отбасылық құндылықтарды дәріптеу, ата-ананың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру, сондай-ақ жас ұрпаққа өнегелі тәрбие берудің маңызын кеңінен насихаттау.
Конкурсқа Шу ауданындағы 11 ауылдық округтен отбасылар қатысып, өздерінің шығармашылық жұмыстарын ұсынды. Қатысушылар отбасы берекесі, ата-ана мен бала арасындағы сыйластық, ұлттық тәрбие, өзара құрмет пен татулық тақырыптарын арқау етіп, арнайы бейнероликтер дайындады. Әр отбасы өз туындысы арқылы шаңырақтағы жарасым мен бала тәрбиесінің қоғамдағы маңызын көрсетіп, жұмыстарын әлеуметтік желілерде кеңінен жариялады.
Байқау қорытындысы бойынша І орынды Төле би ауылының Мақсұтовтар отбасы, ІІ орынды Қорағаты ауылының Аусатовтар отбасы және Жаңақоғам ауылының Қамарқұловтар отбасы, ІІІ орынды Далақайнар ауылының Таутановтар отбасы және Ескі Шу ауылының Тастағановтар отбасы иеленді.
Жалпы, мұндай байқаулар отбасы құндылықтарын кеңінен насихаттап қана қоймай, ата-аналарды бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарауға, ұлттық салт-дәстүр мен өнегелі тәрбие үлгілерін кейінгі ұрпаққа жеткізуге үндейді.
Отбасы – қоғамның ең маңызды тірегі. Ал берекелі шаңырақ пен саналы ұрпақ – ел болашағының кепілі. Сондықтан отбасылық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған осындай игі бастамалардың маңызы зор.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.