Ақпараттық портал

Халықтың мәселесі – биліктің назарында

Бүгінгі таңда бұқараның билікке қояр сауалы аз емес. Көпшіліктің көкейіндегі сұрақтарға жауап беріп, көтерген мәселесін шешудің төте жолы – жергілікті атқарушы орган басшыларының азаматтарды жеке қабылдауы. Бұл ең алдымен, Мемлекет басшысы жүктеген жауапты міндет екенін естен шығармаған жөн.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын мемлекеттік басқарудың басты бағыттарының бірі ретінде айқындап, азаматтардың талап-тілегін тыңдап, көтерген мәселелеріне нақты жауап берудің маңыздылығына ерекше назар аударып келеді.
Аталған бағыттағы жұмыстар Шу ауданында да жүйелі жолға қойылған. Аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков жыл басынан бері Шу қаласы мен ауылдық округтерге арнайы барып, тұрғындармен кездесіп, олардың ұсыныс-тілектері мен өзекті мәселелеріне құлақ түріп келеді. Сонымен қатар екі мәрте ашық аспан астында, еркін форматта жеке қабылдау өткізіп, тұрғындардың сауалдарына жауап берді.
Тұрғындарды толғандыратын мәселелер аз емес. Жеке қабылдау барысында шулықтар негізінен баспана, әлеуметтік көмек, жер қатынастары, жұмыспен қамту және экологиялық ахуалға қатысты мәселелерін көтеруде. Аудан әкімі Бақытжан Оразалыұлы әрбір өтінішті мұқият тыңдап, заң аясында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тиісті жауапты басшыларға нақты тапсырмалар беріп келеді.
Дәл осындай мақсаттағы кезекті жеке қабылдау осы жұмыс аптасының соңында ұйымдастырылды. Қабылдауға алдын ала жазылған онға жуық тұрғын қатысып, өздерін толғандырған мәселелерін аудан әкіміне тікелей жеткізді.
Өз кезегінде Бақытжан Оразалыұлы әрбір тұрғынның сауалын мұқият тыңдап, көтерілген мәселелерді зерделеді. Заң шеңберінде мүмкін болатын шешу жолдарын түсіндіріп, жауапты лауазымды тұлғаларға тиісті тапсырмалар жүктеді.
Аудан әкімі аппаратының басшысы Нариман Абайдың айтуынша, жыл басынан бері 11 жеке қабылдау өткізіліп, оған 93 тұрғын қатысқан. Бұдан бөлек, бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес аудан әкімі елді мекендердегі тұрғындармен кездесулерге қатысып, халықтың ұсыныс-тілектерін тыңдаған.
Оның ішінде жыл басынан аудан әкімі 18 округте кездесу өткізіп, қазіргі таңда округке қарасты елді мекендердің, тұрғын алаптарының тұрғындарымен жүздесіп жүр.
Тұрғындардың талап-тілегін тыңдап, көтерген мәселелеріне нақты жауап беру – халық пен билік арасындағы байланысты нығайтудың маңызды тетігі. Осыған байланысты азаматтарды жеке қабылдау және олармен тікелей кездесулер жыл соңына дейін де жүйелі түрде жалғасын табатын болады.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.