Ақпараттық портал

Белсенді жастар марапатталды

Шу ауданында 12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай салтанатты жиын өтті. Аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында өткен басқосуға аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев, жастар ресурстық орталықтарының қызметкерлері және қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып жүрген жастар қатысты.
Жиын барысында жастардың қоғамдағы орны мен маңызы, олардың ауданның қоғамдық өміріне қосып жүрген үлесі және жастар бастамаларын қолдаудың маңыздылығы сөз болды.
Аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев жастарды айтулы мерекемен құттықтап, олардың білім, еңбек, мәдениет, спорт, волонтерлік және қоғамдық жұмыстар бағытындағы белсенділіктеріне тоқталды. Сондай-ақ жастардың тың бастамаларын қолдау мен олардың әлеуетін тиімді пайдалану – ел болашағы үшін маңызды екенін атап өтті.
Басқосу барысында жастар ресурстық орталықтарының атқарып отырған жұмыстары да назарға алынды. Орталық мамандары жастармен тұрақты байланыс орнатып, олардың қоғамдық белсенділігін арттыруға, түрлі бастамаларын жүзеге асыруға және бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталған жұмыстар жүргізіп келеді.
Жиын соңында қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, ауданның әлеуметтік өміріне үлес қосып жүрген бірқатар жас марапатталды. Оларға Шу ауданы әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары табысталды.
Марапат иелері көрсетілген қолдауға ризашылықтарын білдіріп, алдағы уақытта да ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып, ел игілігі жолында еңбек ететіндіктерін жеткізді.
Жастар – қоғамның белсенді бөлігі әрі елдің ертеңгі дамуына ықпал ететін негізгі күштердің бірі. Осы бағыттағы жұмыстар Шу ауданында алдағы уақытта да жалғасын табады.

Динара Көшен,
Төле би ауылдық округі
бойынша жастармен жұмыс
жөніндегі маман.

Leave A Reply

Your email address will not be published.