Ақпараттық портал

Ардагер теміржолшылар марапатталды

Ел өмірінің түрлі салалары ішіндегі теміржол саласы маңызды әрі ауқымды сала болып табылады. Бұл салада ұзақ жылдар бойы табысты еңбек етіп, оны ұрпақтан ұрпаққа жалғап, теміржолшылар әулетін құрап отырған жандар да аз емес. Олардың қатарында шулықтар да жетіп артылады.
Мысалы, Шу электрмен жабдықтау дистансасында жылдар бойы жемісті еңбек етіп, осы ортадан зейнеткерлікке шықса да, білген-түйгенін өздерінен кейінгі жас буын өкілдерімен бөлісіп жүрген ардагерлердің бары көңіл қуантады.
Солардың бірі – Лозовая Ольга Геннадьевна. Ол 1959 жылы Шу қаласында дүниеге келген. 1977 жылы осы жерден орта мектепті тәмамдап, саладағы алғашқы еңбек жолын 1978 жылы бастады. Яғни, 1978-93 жылдары Алматы темір жолының Шу бөлімінде оператор, пойыз диспетчері болып қызмет етті. 1980-1983 жылдары Алматы темір жол көлігі техникумында “Темір жолды пайдалану” мамандығы бойынша білім алады. 1996-1998 жылдары Шу электрмен жабдықтау дистансасында энергодиспетчер, 1998-2018 жылдары аға энергодиспетчер болып еңбек етті. 2018 жылы зейнеткерлікке шығып, 2018-2023 жылдары Тараз химиялық паркі” АЭА АҚ-да диспетчер, энергия тарату учаскесінің басшысы болды. 2017 жылы “Қазақстан электр энергетикасы ассоциациясының Құрметті энергетигі” атағына ұсынылып, марапатталды.
Екі перзент тәрбиелеп өсірген Ольга Геннадьевна бүгінде отбасында ардақты ана, ұжымдастары арасында үлгі тұтар әріптес.
Келесі кейіпкеріміз Андриянов Сергей Александрович Шу қаласында 1961 жылы дүниеге келген. Осындағы Абай атындағы орта мектепті 1978 жылы аяқтағаннан кейін, 1978 жылы Шу локомотив депосына слесарь болып жұмысқа орналасады. 1979-1981 жылдары азаматтық әскери борышын өтеп, осы жылдарда Байкал-Амур темір жол құрылысына қосқан үлесі үшін медальмен марапатталған. Әскерден кейін 1981-82 жылдары слесарьлық жұмысын қайта жалғастырады. Ал, 1982 жылы Шымкент қаласындағы энергетика техникумына оқуға түсіп, кейін ЭЧ-7 мекемесінде еңбек етеді. Мұнан кейін де осы салада түрлі басшылық қызметтерді атқарады. 2001 жылы Алматы қаласындағы М.Тынышбаев атындағы көлік және коммуникация академиясына оқуға түсіп, оны 2004 жылы “Темір жол көлігін электрмен жабдықтау және электрлендіру” мамандығымен тәмамдап, инженер-электрик біліктілігін алып шығады. 2005 жылы Шу электрмен жабдықтау дистансасы басшысының орынбасары, 2010-2021 жылдар аралығында бас инженер, 2021-2024 жылдары Шу электрмен жабдықтау дистансасының жөндеу-тексеру учаскесінің басшысы болып еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан.
Ал, тағы бір ардагер теміржолшы Анарбекова Сауле Жанатқызы да осы салада талмай, табысты еңбек етіп, зейнеткер атанған жан. Ол 1982-1987 жылдар аралығында Шу жол дистансасында жол монтері болып еңбек етсе, 1987-1992 жылдары Шу электрмен жабдықтау дистанциясында электр монтеры болып жұмыс жасады. Ал, 1992 жылдан 2023 жылға дейін Жиделі станциясындағы қосалқы тартым станциясының кезекші электр механигі болып, осы ортадан зейнеткерлікке қадам басты. Бұл кісінің өмірлік жолдасы Анарбеков Марат Оразұлы да осы салада тер төгіп, Жиделі станциясындағы түйіспелі желі ауданының бастығы қызметінде жүрген кезінде зейнеткерлікке шыққан екен.
-“Бір ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірдік. Ұлымыз Анарбеков Сакен Маратұлы М.Тынышбаев атындағы қазақ көлік және коммуникациялар академиясын бітірген. Қазіргі таңда әкесінің жолын жалғастырып, Жиделі станциясында түйіспелі желі ауданының бастығы қызметін атқарып келеді. Екі қызымыз да Шу теміржол бекетінде еңбек етеді. Қазіргi таңда 3 перзентімізден 12 немереміз бар.
Бастысы, еліміз тыныш, жұртымыз аман, өскелең ұрпақтың болашағы жарқын болсын”-дейді Сәуле Жанатқызы.
Жуырда есімдері аталған барлық ардагер теміржолшылар Аблезов Ерлан Нұрланұлы басшылық етіп отырған Шу электрмен жабдықтау дистансасында өздерінен кейінгі буын өкілдерімен бас қосып, бір марқайып қалды.
Кездесу барысында дистанса басшысы барша әріптестері мен аға буын өкілдерін Теміржолшылар күні кәсіби мерекесімен құттықтап, бірқатар алдыңғы қатарлы қызметкерлерге мекеменің Алғыс хатын табыстады.
Ал осы жиынға арнайы келген “Қазақстанның Құрметті теміржолшысы”, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, Шу аймағы теміржолшы ардагерлер алқасының төрағасы Тұрсынбай Халық жоғарыда есімдері аталған үш ардагер теміржолшыны Астана қаласынан арнайы жеткізілген “Қазақстан темір жолы” ҰК” АҚ Теміржолшы ардагерлер Орталық кеңесінің Алғыс хатымен марапаттап, ардагер азаматтың иығына шапан жапса, азаматшаларға ақ жаулық тағып, кестелі камзол кигізіп, мереке қарсаңында мерейлерін үстем етті.
Өз кезегінде ардагер теміржолшылар көрсетілген сый-құрмет үшін ұйымдастырушыларға зор алғыстарын білдіріп, ізгі тілектерін жеткізді.
Салтанатты рәсімнен соң Шу электрмен жабдықтау дистансасының басшысы Нұрлан Аблезов келген қонақтарға шағын мерекелік дастархан жайып, лебіздер легі әріптестердің ақ тілегімен жалғасты.
Динара Батырхаирова,
журналист.

Leave A Reply

Your email address will not be published.