Ұлы даланың ұлы ойшылы – Абай
Қазақтың рухани әлемінде есімі уақыт өткен сайын биіктей түсетін, шығармалары ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлы тұлғалардың бірі – Абай Құнанбайұлы. Оның әрбір өлеңі мен қара сөзі – адамды ойлануға, ізденуге, білімге ұмтылуға, еңбек етуге және елін сүюге үндейтін тағылымды мұра. Осы құнды мұраны кеңінен насихаттап, ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығын оқырман қауымға тереңірек таныстыру мақсатында аудандық орталық кітапхананың «Білім» орталығында «Ұлы даланың ұлы ойшылы – Абай» атты әдеби кеш ұйымдастырылды. Тағылымды шараны оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің қызметкерлері өткізді.
Әдеби кеш барысында қатысушылар қазақтың ұлы ақыны, ойшылы әрі ағартушысы Абай Құнанбайұлының өнегелі өмір жолымен, шығармашылық әлемімен кеңінен танысты. Абайдың қазақ әдебиетінің қалыптасуы мен дамуына, ұлттық мәдениет пен руханияттың өркендеуіне қосқан өлшеусіз үлесі жайында мазмұнды әңгіме өрбіді. Абай өз заманындағы қоғамның кемшіліктерін сынай отырып, елді білімге, ғылымға, адал еңбекке, адамдық қасиетті биік ұстауға шақырды. Оның «толық адам» туралы философиялық ойлары да бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Кеш барысында ақынның сырлы да сазды өлеңдерінен үзінділер оқылып, қара сөздеріндегі терең философиялық ойлар кеңінен насихатталды. Әсіресе адамгершілік, имандылық, білім, ғылым, еңбек, ел бірлігі мен ұлттық сана тақырыптарындағы ой-толғамдарына ерекше мән берілді. Абайдың әрбір сөзі адамды өзіне есеп беруге, жақсы мен жаманды ажыратып, өмірдің мәніне үңілуге жетелейтіні айтылды.
Абайдың ақындық әлемін әнсіз елестету де мүмкін емес. Әдеби кеште ұлы ақынның әндері шырқалып, оның сырлы әуендері кештің мазмұнын одан әрі аша түсті. Ақынның өлеңдері мен әндері арқылы қазақ халқының ұлттық болмысы, табиғатқа деген сүйіспеншілігі, адам жанының нәзік иірімдері көрініс тапты.
Тағылымды шараға Шу аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі, «Әкелер кеңесінің» төрағасы Балықбаев Мейірхан Исаұлы және Шу аудандық аналар алқасының мүшесі Сатыбалдиева Ләйлә Қалмашқызы арнайы қатысып, өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Қонақтар өз сөздерінде Абай шығармаларындағы адамгершілік пен имандылық, білім мен еңбек, тәрбие мен жауапкершілік мәселелерінің бүгінгі қоғам үшін де аса маңызды екенін атап өтті. Ұлы ақынның өсиеттері уақыт өткен сайын маңызын жоймай, қайта жаңа ұрпақтың рухани қалыптасуына бағыт-бағдар беретін өмірлік құндылыққа айналып отырғанын жеткізді.
Мейірхан Балықбаев пен Ләйлә Сатыбалдиева жастарды Абай шығармаларын терең оқып, ақынның айтқан ойларын күнделікті өмірде басшылыққа алуға шақырды. Себебі Абайдың «ғылым таппай мақтанба», «еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас» деген тағылымды ойлары бүгінгі жас ұрпаққа да үлкен жауапкершілік жүктейді. Ақын аңсаған білімді, еңбекқор, ойлы әрі отаншыл ұрпақ тәрбиелеу қай кезеңде де өзекті міндет.
Кеш барысында кітапхана төрінен орын алған «Абай мұрасы – халық қазынасы» атты кітап көрмесі де көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеге Абай Құнанбайұлының өлеңдері мен қара сөздері, ақынның өмірі мен шығармашылығын зерттеген ғылыми және әдеби еңбектер, Абай әлемін танытатын түрлі басылымдар қойылды.
Кітап көрмесі ұлы ақынның мол мұрасын оқырмандарға жақынырақ таныстыруға мүмкіндік берді. Көрмеге қойылған әрбір кітап Абай әлеміне бастайтын рухани жол секілді. Ақын шығармаларын қайта оқыған сайын оның ойларының тереңдігіне үңіліп, бұрын байқалмаған жаңа мағыналарды тануға болады.
Абайдың ұлылығы да осында. Ол өз заманымен бірге келешекті де ойлады. Адамның ішкі жан дүниесін, мінезін, қоғамның ахуалын, елдің болашағын терең зерделеген ақынның ойлары арада ғасырдан астам уақыт өтсе де өзектілігін сақтап келеді.
Ұлы ойшылдың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген идеясы бүгінгі бейбітшілік пен бірлік дәуірінде де аса маңызды рухани бағдар. Ал білім мен ғылымды насихаттаған өсиеттері жас ұрпақты ізденуге, өзін-өзі дамытуға, ел игілігіне қызмет етуге үндейді.
Әдеби кештің басты мақсаты да – Абайдың адамдық жолын, азаматтық ұстанымын, философиялық ойларын бүгінгі ұрпақтың санасына сіңіру. Өйткені Абайды тану – қазақтың рухани болмысын тану, оның шығармаларын оқу – ұлттық ойлау жүйесінің тереңіне бойлау.
Абай мұрасы – ұрпаққа аманат. Оның әрбір сөзі уақыт сынынан өткен тағылым, әрбір шығармасы рухани тәрбие мектебі. Сондықтан ұлы ақынның еңбектерін насихаттау, жас ұрпақты оның шығармаларын оқуға баулу – кітапханалар мен білім, мәдениет ошақтарының маңызды бағыттарының бірі.
«Ұлы даланың ұлы ойшылы – Абай» атты әдеби кеш осындай мән-маңызы зор ойларды ортаға салып, оқырмандардың ақын шығармашылығына деген қызығушылығын арттырған тағылымды шара болды.
Абайдың сөзі – халықпен бірге жасайтын сөз. Оның ойлары – ұлтпен бірге өмір сүретін ой. Ал оның мұрасы – уақыт өткен сайын қадірі арта түсетін мәңгілік қазына.
Е.Абдыкадырова,
аудандық орталық кітапхананың кітапханашысы.