Ақпараттық портал

Ауылдастары арда ұлды қарсы алды

Жуырда көршілес Қырғыз Республикасында VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. Дүбірлі додада ел намысын қорғаған Қазақстан құрамасы жоғары нәтиже көрсетіп, жалпыкомандалық есепте көш бастады. Ұлттық құрама қоржынына 74 медаль түсіп, оның 32-сі алтын, 20-сы күміс, 22-сі қола болды. Қазақстаннан кейінгі орынға жарыс қожайындары Қырғызстан және Ресей Федерациясы орналасты.

Білекті де жүректі жігіттердің шеберлігін сынға салған көкпар додасының ақтық бәсекесінде Қазақстан мен Қырғызстан құрамалары барын салды. Өкінішке қарай, екі ел арасындағы тартысты сайыста жеңіс алаң иелерінің еншісіне бұйырды. Қырғыз шабандоздары жеті салым салса, қазақстандық көкпаршылар екі салыммен жауап қайтарды.
Сол салымдардың бірін салған оғлан – Белбасар ауылының тумасы Ынтымақ Әліпбаев. Ел намысын арқалап, халықаралық додада атой салған азаматты туған жері зор қошеметпен қарсы алды. Ақ жаулықты әжелер шашу шашып, ақсақалдар ақ батасын берді. Ауылдастары атынан ауыл әкімі Нұрлан Арыстанұлы ұлттық спортты ұлықтап, ел намысы сыналған сәтте жігер танытқан балуанның иығына қазақы дәстүрмен шапан жауып, алғысын білдірді.
Дүниежүзілік додада Ынтымақ Әліпбаев жергілікті атбегі Мейірханның қорасынан шыққан «Жеңісторы» атты сәйгүлікпен ақтық мәреге дейін өнер көрсетіп, ұлттық құраманың белді ойыншыларының бірі екенін танытты. Шабандоздың шеберлігі мен қайсарлығы көпшіліктің көңілінен шығып, елге танымал бола түсті.
Айта кетерлігі, халықаралық додада Белбасар ауылының тағы бір сәйгүлігі бақ сынады. Ауылдың атбегісі Медет Абашовтың «Нұртөбел» атты тұлпары көкпаршы Әзірет Сайдуланың тақымында көкбөрі сайысына қатысты. Бұл – ауыл азаматтарының ұлттық спортқа деген жанашырлығы мен атбегілік өнердің жоғары деңгейде екенін айғақтайды.
– Бұл ойын қазақ пен қырғыз халқы көптен күткен үлкен дода болды. Қарсыластарымыз да жақсы дайындықпен келіп, бұл жолы мерейі үстем түсті. Біз де ел намысын қорғау жолында барымызды салдық. Көкпар – ат пен азаматтың өзара үйлесімін, ептілік пен жүректілікті талап ететін ұлттық спорт. «Не бел кетеді, не белбеу кетеді» дегендей, кез келген бәсекеде үнемі жеңіске жету мүмкін емес. Алдыда талай дода бар.
Бүгін туған ауылымның ардақтап қарсы алып отырғаны – мен үшін үлкен мәртебе. Туған елдің құрметі қашанда бөлек. Тілеуімді тілеп, ақ батасын беріп, рухани қолдау көрсеткен барша ағайынға мың алғыс, – дейді Ынтымақ Маймұратұлы.
Туған жердің төрінде құрметке бөленген жас спортшыға ауылдастарының ақ тілегі мен ыстық ықыласы жігер берері сөзсіз. Ұлттық спортты ұлықтап, ел намысын халықаралық деңгейде қорғаған азаматтың жеңісті жолы жалғасын таба бергей!
Фариза Нұрханқызы,
журналист.

Leave A Reply

Your email address will not be published.