АДАЛ АЗАМАТ – ӘДІЛЕТТІ ҚОҒАМНЫҢ НЕГІЗІ
Өткен тарихымызға көз жүгіртсек, баланың шыр етіп дүниеге келген күнінен бастап жасалатын дәстүр-жоралғылардың барлығы дерлік тәрбие тағылымымен сабақтасып жатады. Тәрбиенің мәнін бесіктен бойға сіңіріп, ар мен ұятты, адалдық пен адамгершілікті биік қойған ата-бабаларымыз ұрпағының елге қызмет ететін адал азамат болып қалыптасуын көздеді. Осы тұрғыдан қарағанда, адалдық – адамзатпен бірге жасасып келе жатқан мәңгілік ұғым.
Осыдан он-он бес ғасыр бұрын ғұмыр кешкен ғұлама-ойшылдардың еңбектеріне үңілсек те, олардың әділетті қоғам қалыптастыруды көздеп, адамзатты адалдыққа үндегенін аңғарамыз. Әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактаты», Жүсіп Баласағұнидің «Құтты білік» дастаны, Ахмет Иүгінекидің «Ақиқат сыйы», бертін келе қара қылды қақ жарған, от ауызды, орақ тілді би-шешендеріміздің өсиеттері, бас ақынымыз Абайдың қара сөздері мен шындықтың алдаспаны атанған Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүние» туындысы – бәрі де адамды әділдікке, адалдыққа, адамгершілікке бастайтын рухани мұралар.
Демек, адалдықты қоғамның басты құндылығына айналдыру, заңның үстемдігін қамтамасыз етіп, тәртіпті орнықтыру идеясының тамыры тереңде жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған Әділетті Қазақстан құру идеясының да астарында үлкен қоғамдық мән бар. Ал әділетті қоғамды адал азаматтар ғана қалыптастырады. Сондықтан мұндай азаматты тәрбиелеу ісін бала кезден бастаудың маңызы айрықша.
Осы мақсатта кейінгі жылдары білім беру ұйымдарында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Оның өзегінде «Әділетті Қазақстан», «Озық ойлы ұлт», «Адал азамат» атты үш таған арқылы ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды өскелең ұрпақтың бойына сіңіру идеясы жатыр.
2026–2027 жаңа оқу жылында да білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысы осы бағытта жаңа қарқынмен жалғасын таппақ. Осыған орай аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің жылдық жоспарына сәйкес, М.Мақатаев атындағы тірек орта мектебінде «Адал азамат – адами капиталды қалыптастырудың негізі: тәрбие жұмысындағы жаңа бағыттар мен міндеттер» тақырыбында семинар-кеңес өткізілді. Оған білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысын үйлестіретін директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты.
Семинар-кеңеске аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев арнайы қатысып, тәрбие саласындағы бірқатар өзекті мәселелерге тоқталды. Ең алдымен Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету мен адал азамат тәрбиелеудің маңызын атап өтті.
Сондай-ақ білім беру ұйымдарында мектеп ұжымы, оқушылар мен ата-аналарды «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасына жұмылдырып, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру қажеттігін жеткізді. Қалдықтарды кәдеге жарату, экологиялық мәдениетті арттыру бағытындағы жұмыстарды «Адал азамат» бағдарламасындағы жобалармен сабақтастыра жүргізуге болатынына назар аударды.
Бөлім басшысы тәрбие жұмысы тек өткізілген іс-шаралардың санымен өлшенбеуі керектігін де баса айтты. Ол өз сөзінде «Мектеп ауласының тазалығынан бастап мемлекеттік рәміздердің дұрыс қолданылуы, оқушылардың мектеп формасы мен тәртібі, асханадағы санитарлық талаптардың сақталуы, педагогтердің әдеп нормалары мен ұйымдастырылатын іс-шаралардың мазмұнына дейінгі күнделікті мектеп өмірінің әрбір көрінісінде тәрбиенің ізі болуы тиіс. Ал осы жұмыстарды жүйелі үйлестіруде тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлардың біліктілігі, жаңашылдығы мен жауапкершілігі ерекше маңызға ие» деп атап өтті.
Мұнан кейін осы жолдардың авторы «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының ведомствоаралық жоспарын таныстырып, жаңа оқу жылындағы тәрбие жұмысының басым бағыттарына тоқталды. Жоспарда Тәуелсіздік және отаншылдық, Бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық және кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық құндылықтарын оқу жылы бойы жүйелі дәріптеу көзделген.
Алайда құндылықты қалыптастыру – күнтізбеге іс-шара белгілеп, оның өткізілгені жөнінде есеп берумен аяқталатын жұмыс емес. Әрбір ұйымдастырылған шараның нәтижесі баланың мінезінен, іс-әрекетінен, қоршаған ортаға және қоғамға деген қарым-қатынасынан көрінуі керек. Сондықтан тәрбие жұмысының формальды сипат алмауына баса назар аударылып, алты құндылықты оқушы бойына шынайы сіңіру қажеттігі айтылды.
Білім алушылардың бойында ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды қалыптастыруда Абайдың «Толық адам» іліміндегі бес асыл істі тәрбие мазмұнымен сабақтастырудың мәні зор. Сонымен қатар мектеп, ата-ана және оқушы ынтымақтастығын нығайту арқылы жауапты, еңбекқор, білімді, жасампаз әрі отаншыл азамат тәрбиелеу жолдары сөз болды.
Осы бағытта бағдарламадағы «Қамқор», «Еңбегі адал – жас өрен», «Шабыт», «Ұшқыр ой алаңы», «Smart bala», «Балалар кітапханасы» жобаларын тиімді жүзеге асырудың тетіктері түсіндірілді. Аталған алты жоба бір-бірінен бөлек бағыт болғанымен, олардың түпкі мақсаты ортақ. Ол – білімді, еңбекқор, әділетті, жауапты, жасампаз, ұлттық құндылықтарды құрметтейтін адал азамат қалыптастыру.
Семинар барысында балалардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Осы мақсатта «Он екі айда – он екі кітап» бастамасын нақты мазмұнмен жүзеге асыру ұсынылды. Мәселен, ауданымызда қазақтың көрнекті ақын-жазушыларының есімі берілген білім ошақтары аз емес. Сол мектептер өзіне есімі берілген тұлғаның шығармашылық мұрасын тереңірек танытуға неге бастамашы болмасқа?! Айталық, Шерхан Мұртаза атындағы мектеп бір жыл ішінде қаламгердің он екі туындысын оқуды жүйелі қолға алса, бұл оқушыны кітапқа жақындатып қана қоймай, мектеп атауына ие болған тұлғаның рухани мұрасын тануға да жол ашар еді. Өзге білім беру ұйымдарына да осындай мазмұнды бастамаларды қолға алу ұсынылды.
Әл-Фарабиге телінетін «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы» деген қанатты сөздің мәні бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Біздің алдымыздағы маңызды міндет – оқушыға сапалы білім берумен қатар, оның бойына саналы тәрбие сіңіру.
Бұл міндетті тек мектептің немесе тәрбие ісі жөніндегі орынбасардың жауапкершілігі деп қарауға болмайды. Бала тәрбиесінде мектептің де, ата-ананың да, тұтас қоғамның да алар орны бар. Өйткені әділетті қоғамның іргетасы заңнан ғана емес, сол заңды құрметтейтін, еңбекті бағалайтын, елінің ертеңіне жауапкершілікпен қарайтын азаматтан қаланады.
Абай адам баласын «талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым» сынды бес асыл іске асық болуға үндеді. Ғасырлар өтсе де осы өсиеттің мәні өзгерген жоқ. Бүгінгі «Адал азамат» идеясының түпкі мұраты да – өскелең ұрпақтың бойына осындай адамдық қасиеттерді орнықтыру. Әділетті Қазақстанның ертеңі – бүгін тәрбиелеп отырған адал азаматтың қолында.
Айғаным
АСҚАРБЕК.