Ақпараттық портал

Шоқпардың шырайы артып келеді

Аудандағы елді мекендердің әрқайсысының өзіндік тарихы, тыныс-тіршілігі, қалыптасқан дәстүрі бар. Соның бірі – теміржол бойында орналасқан Шоқпар ауылдық округі. Бүгінде мұнда елдің берекесін арттырып, ауылдың ажарын айшықтайтын игі істер атқарылып, бірқатар әлеуметтік нысандар жаңғыртылуда. Сонымен бірге тұрғындарды толғандыратын мәселелер де назардан тыс қалған емес. Шоқпар ауылдық округіне Шоқпар ауылы, Шоқпар бекеті, Еспе бекеті, Құлақшын және Алайғыр бекеттері қарайды. Округте бүгінде 3100 тұрғын бар. 510 аулада тұратын халық 25 көшеге қоныстанған. Тұрғындардың 3069-ы қазақ болса, 31-і өзге ұлт өкілдері. Жалпы халық саны тұрақты. Бұған округтің теміржол бойында орналасуы да әсер етеді. Ауылдың әлеуетін арттыруда ең алдымен жол сапасының маңызы зор. Бұл бағытта Округ әкімі Нұрлан Мырзақұлұлының айтуынша, округте кейінгі жылдары бірқатар жұмыстар қолға алынған. Округтегі 25 көшенің жалпы ұзындығы 29,9 шақырым. Оның 18 көшесіне, яғни 24,9 шақырымына орташа жөндеу жүргізіліп, асфальт жабындысы төселген. 2025 жылы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында бес көшеге орташа жөндеу жүргізілген. Атап айтқанда, Бауыржан Момышұлы көшесінің 0,4 шақырымы, М.Мәметова көшесінің 0,62 шақырымы, Бірлік көшесінің 0,885 шақырымы, Тау самалы көшесінің 0,959 шақырымы және Бөлтірік көшесінің 0,99 шақырымы жөнделді. Жалпы ұзындығы 3,854 шақырымды құрайтын жұмыстарға 105,229 миллион теңге қаражат жұмсалған. Биыл «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің демеушілігімен Алайғыр мен Құлақшын бекеттері арасындағы жолдарды тегістеу жұмыстары жүргізілді. Алдағы кезеңге де жоспар бар. Шоқпар ауылының С.Шәкіров және Абай көшелерінің бойына жаяу жүргінші жолағын салу, осы екі көшенің қиылысындағы жаяу жүргінші жолағын жөндеу, сондай-ақ Талапкер, Ботаборым және М.Төлебаев көшелеріне орташа жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстардың жобалық-сметалық құжаттары әзірленген.

Қазіргі таңда округте сегіз көше мен бір тротуар бойында көше жарығы бар. Олар М.Шоқпаров, Н.Белашова, Абай, Бірлік, С.Шәкіров, Бұғыбай, Б.Момышұлы және Д.Қонаев көшелері. Биыл аталған көшелердегі жарықтандыру жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ескірген жарық көздері кезең-кезеңімен жаңартылуда. Атап айтқанда, Бірлік, С.Шәкіров және Абай көшелеріндегі шамдар заманауи, энергия үнемдейтін жарық диодты шамдарға ауыстырылды. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын табады.
Ауылдың өркендеуін оның әлеуметтік инфрақұрылымынан аңғаруға болады. Осы орайда Шоқпар ауылында соңғы жылдары маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Облыстық бюджет есебінен Шоқпар ауылында спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Жоба жұмыстары 2025 жылдың 1 маусымында басталған. Нысанды аяқтау мерзімі – 2026 жыл. Жобаның жалпы құны 419 миллион 255 мың 716,1 теңгені құрайды. Оның ішінде 2025 жылы 96 миллион теңге, 2026 жылы 323,255 миллион теңге қаражат бөлінген. Бұл нысан пайдалануға берілген кезде ауыл жастары мен балалардың спортпен жүйелі түрде айналысуына мүмкіндік артып, бұқаралық спортты дамытуға жаңа серпін бермек.
Білім саласында да көңіл қуантарлық жаңалық бар. Облыстық бюджет есебінен Шоқпар ауылындағы М.Дулатұлы атындағы орта мектепке қайта жаңарту және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оған жапсарлас спорт зал салынды. Жоба 2025 жылдың қазан айында басталып, толықтай аяқталып, пайдалануға берілді. Жобаның құны шамамен 450 миллион теңгені құрайды. Алдағы уақытта мектептердің материалдық-техникалық базасын одан әрі жақсарту мәселесі де өзекті. Атап айтқанда, О.Жандосов атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жүргізу қажеттілігі бар.
Шоқпарда тазалық пен абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді. Биыл «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС демеушілігімен көктем мезгілінде ауыр техникалар – погрузщик пен грейдер үш күнге тартылып, 40 КамАЗ көлемінде қатты тұрмыстық қалдық шығарылды. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында әр сенбі сайын ауыл тұрғындары мен мекеме қызметкерлерінің қатысуымен сенбіліктер ұйымдастырылып келеді. Мекемелерге арнайы аумақтар бекітіліп, тазалық жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Ауыл тұрғындары Шоқпар–Төле би бағытындағы облыстық маңызы бар автомобиль жолының бойындағы қоқыстарды тазалауға да белсене атсалысты. Нәтижесінде 10 трактор көлемінде қоқыс шығарылған. Көктемгі абаттандыру жұмыстары кезінде көше бойындағы ағаштар әктеліп, электр бағаналары сырланып, шөп шабу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің көмегімен ауылдағы өсіп кеткен, қураған талдарды кесу жұмыстары қолға алынды.
Шоқпарда демалыс орындарын көбейтуге де басымдық беріліп отыр. «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС демеушілігімен Шоқпар бекетіндегі А.Қойлыбаев көшесі бойындағы кіші футбол алаңын қайта жөндеу жоспарланған. Жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, жобаның құны 15 миллион теңге көлемінде белгіленген. Сондай-ақ Шоқпар ауылының С.Шәкіров көшесінің бойынан қоршауы және су жүйесі жүргізілген саябақ салу жобасы қарастырылуда. Бұл жобаның да құны 15 миллион теңге. Қазіргі таңда саябақтың қоршауы толық жүргізілген.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2025 жылы округте екі жоба – қымыз өндірісі және дәнекерлеу ісі жүзеге асырылып, бүгінде өз жұмыстарын тұрақты жүргізіп отыр. Бағдарламаға деген қызығушылық биыл да жалғасуда. 2026 жылы бір азамат тез дайындалатын тағамдар, яғни фаст-фуд кәсіпкерлігін ашу жөнінде өтініш білдіріп, қазіргі таңда қажетті құжаттары жинақталуда. Шоқпар тұрғындарының басым бөлігі үшін ауыл шаруашылығы негізгі кәсіп көзі. Әсіресе мал шаруашылығы жақсы дамыған.
Округте ауыл шаруашылығы саласында 104 жеке шаруа қожалығы тіркелген. Оның ішінде мал шаруашылығымен тұрақты айналысатын 42 шаруа қожалығы, төрт ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі және 20 жеке кәсіпкер жұмыс істеп тұр. Жеке қосалқы шаруашылықтар мен шаруа қожалықтарындағы мал басы толық есепке алынған. Округ бойынша 7210 бас қой-ешкі, 504 бас ірі қара, 372 бас жылқы және 1793 бас үй құсы бар. Егін шаруашылығы да назардан тыс қалмаған. 2026 жылы 3165 гектар жерге күздік бидай, 410 гектарға арпа егілген. Округтің жалпы жер көлемі – 245 346,8 гектар. Оның 234 749,1 гектары ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер. Жайылым көлемі – 216 390,9 гектар, егістік – 18 350,2 гектар, оның ішінде 640,4 гектары суармалы жер.
Ауылдың әлеуметтік жағдайы жақсарғанымен, шешімін күткен мәселелер де бар. Солардың бірі – ауыз су. Шоқпар бекетіндегі су сорғы стансасында су деңгейінің төмендеуі және су жүйесінің жұмысын тұрақтандыру мәселесі тұрғындар арасында жиі талқыланады. Ал Шоқпар ауылының қолданыстағы су құбыры әбден ескірген, күрделі жөндеуді қажет етеді. Бұл бағытта қажетті жобалық-сметалық құжаттар әзірленгенімен, қаржының болмауына байланысты жоба әзірге кейінге шегеріліп отыр. Дегенмен ауыз су мәселесін жеңілдету бағытында нақты қадамдар жасалған. 2023 жылы Алайғыр және Құлақшын бекеттеріне, ал 2024 жылы Шоқпар бекеті мен Шоқпар ауылына аудандық бюджет есебінен суды тазартуға арналған кешенді блок-модульдер орнатылды. Қазіргі таңда тұрғындар аталған құрылғылар арқылы тазартылған суды тұрақты пайдаланып отыр. Ауыл тұрғындарын толғандыратын тағы бір мәселе – электр желілері мен бағаналарының тозуы. Кейбір электр желілері мен трансформаторлар ескіріп, жаңартуды қажет етеді. Бұл мәселе аудан әкімінің ауыл тұрғындарымен кездесулерінде де бірнеше рет көтерілген. Оны шешу мақсатында ауыл әкімдігі мен тұрғындар тарапынан Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігіне және «Жамбыл электр жүйесі» ЖШС директорына арнайы хаттар жолданған.
Қазіргі заманда интернет пен ұялы байланыстың сапасы ауыл өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Бұл бағытта Шоқпарда оң өзгеріс бар. 2025 жылы «Кар-Тел» ЖШС тарапынан Шоқпар ауылында «Beeline» ұялы байланыс операторының станция жабдықтарына арналған биік тірек орнатылып, 4G интернеті іске қосылды. Дегенмен Құлақшын және Алайғыр бекеттеріндегі интернет пен мобильді байланыстың сапасын жақсарту мәселесі әлі де өзекті. Осыған байланысты тиісті мекемеге арнайы хат жолданған.
Жалпы Шоқпар ауылдық округінде атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Жол, жарық, спорт, білім, абаттандыру, кәсіпкерлік бағыттарында нақты жобалар жүзеге асуда. Дегенмен ауыл тұрғындарының өмір сапасын одан әрі арттыру үшін шешімін күткен мәселелер де бар. Олардың қатарында ауылды табиғи газбен қамтамасыз ету, электр желілері мен бағаналарын, трансформаторларды жаңарту, Шоқпар ауылындағы орталықтандырылған ауыз су жүйесіне күрделі жөндеу жүргізу, Алайғыр мен Құлақшын елді мекендеріндегі мобильді байланыс сапасын жақсарту мәселелері тұр. Сонымен қатар интернат оқушыларын тасымалдауға автобус бөлу, О.Жандосов атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жүргізу, заманауи үлгідегі жаңа балабақша салу қажеттілігі де бар. Бұл мәселелердің әрқайсысы ауыл тұрғындарының күнделікті тұрмысымен тікелей байланысты. Сондықтан олардың кезең-кезеңімен шешілуі Шоқпардың әлеуметтік әлеуетін одан әрі арттыра түсері сөзсіз.
Шоқпар – теміржол бойындағы қарапайым ғана ауыл. Төл тіршілігін өзі дөңгелетіп отырған, малын бағып, егінін егіп, кәсібін дамытып, баласының болашағын ойлаған елді мекен. Шоқпардың басты құндылығы – тұрақты тіршілігі мен елдің бірлігінде. Ал бірлігі бекем елдің болашағы да баянды болмақ.
Балнұр Жексенбекқызы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.