ең көп неке Жазда қиылған
Отбасы – адам өміріндегі ең қастерлі құндылықтардың бірі. Ол – мейірім мен махаббаттың, өзара түсіністік пен сыйластықтың өзегі саналады. Адамның тұлға болып қалыптасуы, өмірге деген көзқарасы мен тәрбиесі ең алдымен отбасындағы тәлімнен бастау алады.
Әр шаңырақтың тарихы некені ресми тіркеуден басталады. Қазақстанда жыл сайын қыркүйек айының екінші жексенбісінде Отбасы күні аталып өтеді. Осы айтулы мереке қарсаңында еліміздегі неке қию көрсеткіштеріне назар аударуды жөн көрдік.
2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында Қазақстанда 74 648 неке ресми түрде тіркелді. Әсіресе жаз айларында шаңырақ көтерген жұптардың саны көп. Жаздың үш айында 38 мыңнан астам жұп некесін ресми түрде қиды.
Жаздың ең көп неке қиылған айы – маусым. Осы айда 15 мыңнан астам неке тіркелді. Ал тамыз айында 11 761, шілдеде 11 674 жұп отбасын құрып, өмірлерінің жаңа кезеңіне қадам басты.
Жаңа отбасылар саны бойынша Алматы қаласы көш бастап тұр – мұнда 12 344 неке тіркелген. Одан кейін Астана қаласында – 9 074, Түркістан облысында – 5 611 неке тіркелген.
Неке қию туралы өтінішті тіркеуші орган арқылы, электрондық үкімет порталы арқылы немесе екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы беруге болады.
Әр шаңырақта шаттық пен жылулық, сыйластық пен өзара түсіністік орнасын. Отбасыларыңызға махаббат, қуаныш және бақыт тілейміз!
«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы.