Ізденімпаз Іңкәр
Ұлттық бірыңғай тестілеу – мектеп бітіруші түлектің он бір жылдық білімін саралап қана қоймай, оның табандылығы мен төзімін, өзіне деген сенімі мен алға қойған мақсатына адалдығын сынға салатын маңызды белес. Әсіресе, мектеп қабырғасындағы соңғы жыл оқушы үшін жауапкершілігі мол кезең екені белгілі. Күн сайынғы дайындық, сынақ тесттері, қателермен жұмыс, уақытпен санасу, алда тұрған үлкен таңдау – мұның барлығы талапкердің күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналады.
Сол ұзақ жолдың соңында ең жоғары нәтижеге қол жеткізу – түлектің өзіне ғана емес, ата-анасы мен ұстаздарына, білім алған мектебіне де ортақ қуаныш. Биыл мектеп қабырғасындағы алған білімін қортындылайтын маңызды сынақтан жамбылдық үш түлек сүрінбей өтіп, облыс мерейін асқақтатқан болатын. Солардың бірі – Шу қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектептің түлегі Іңкәр Қыдырбек. Білімді өрен ҰБТ-да «Ағылшын тілі» – «Дүниежүзі тарихы» пәндері комбинациясы бойынша өте жоғары балл жинап, өзінің білім деңгейін жоғары нәтижемен дәлелдеді. Бір кездері мектеп партасында отырып үлкен арманға қадам басқан Іңкәр бүгінде сол арманының алғашқы маңызды белесін артқа тастап, өзі таңдаған мамандыққа түсіп, студент атанып үлгерді.
Он бір жыл бойы Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектепте білім алған Іңкәрдің бұл нәтижесі бір күнде келген жетістік емес. Оның артында жылдар бойы қалыптасқан білім, ұстаздардың бағыт-бағдары, ата-ананың қолдауы және ең бастысы – оқушының өзіне қойған талабы тұр.
Іңкәрдің білімге деген қызығушылығы бастауыш сыныптан-ақ байқалған. Алғашқы ұстазы Сымбат Нұрбаеваның бала бойындағы сабаққа деген құлшынысты оятудағы еңбегі оның кейінгі қалыптасуына негіз болды. Бастауышта алған алғашқы білім мен алғашқы ұстаздан көрген тәлім баланың мектепке деген көзқарасын қалыптастыратыны белгілі. Жас түлектің оқу жолына зер салсақ, оның кейінгі жетістіктерінен сол алғашқы жылдардағы ынтаның жалғасын аңғаруға болады.
Іңкәр жастайынан шет тілдерін үйренуге қызығушылығы болғанымен, бастауыш сыныптарда бұл қызығушылығына жүйелі түрде көңіл бөле алмаған. Алайда 9 сыныптан бастап ағылшын тіліне ерекше назар аударып, білімін жетілдіруге кіріскен. Осы мақсатта арнайы курстарға қатысып, тілдік деңгейін біртіндеп көтерген. Еңбегінің нәтижесінде 10 сыныпта халықаралық IELTS емтиханына арнайы дайындалып, жоғары нәтиже көрсетіп, 8,0 балл жинаған.
Жоғары нәтижеге жетудің жолы әрдайым жеңіл бола бермейді. 11 сыныпта ҰБТ-ға арнайы дайындықты бастаған алғашқы кезеңде Іңкәрға жаңа оқу тәртібіне бейімделу оңай болған жоқ. Бұған дейін қалыптасқан мектептегі оқу жүйесінен сынақ тесттері мен күнделікті дайындықты қажет ететін тынымсыз қарқынға көшу оқушыдан едәуір күш- жігерді талап етті. Бірақ білімді өрен қиындыққа мойымай, дайындықты тоқтатпады.
Іңкәр ҰБТ-ға «JUZ40» білім беру орталығында дайындалды. Бұл орталықты таңдауының өзіндік себебі бар. Оның әпкесі де аталған орталықта 2024 жылы білім алып, ҰБТ-дан 134 балл жинаған болатын. Отбасындағы бұл нәтиже Іңкәр үшін орталықтың оқу жүйесі мен дайындық сапасына деген сенімді нығайтты.
Дайындық барысында оған бағыт-бағдар берген ұстаздар аз болған жоқ. Солардың қатарында «Дүниежүзі тарихынан» сабақ берген Бекслан ағайының орны ерекше. Ұстаздың пәнді меңгертудегі өзіндік тәсілі, сабақтан кейін де оқушыға жігер беріп, мотивация сыйлауы Іңкәрдің дайындық кезінде өз мүмкіндігіне сенуіне ықпал етті. Әсіресе 140 балл алуға оның потенциалы жететінін айтып, үнемі жігерлендіруі талапкердің өзіне деген сенімін күшейтті.
Жоғары нәтиженің артында қанша уақыт пен еңбек жатқанын Іңкәрдің дайындық кестесінен де аңғаруға болады. Ол күніне кемінде 6-7 сағат уақытын сабаққа арнаса, кей күндері бұл көрсеткіш 12 сағатқа дейін жеткен. Бірақ мұндағы ең маңыздысы – уақыттың көптігі емес, оның жүйелі түрде ұйымдастырылуы.
Талапкердің ҰБТ-ға дайындығында ата-анасының қолдауы да айрықша орын алды. Олар қызын үй шаруасынан босатып, оның басты міндеті – жақсы білім алып, саналы әрі білімді азамат болып қалыптасуы екенін алға қойды. Қажетті оқу құралдары мен дайындыққа байланысты шығындарды қамтамасыз етумен қатар, моральдық тұрғыдан да үнемі қолдау көрсетіп отырды. Ата ананың баласына деген сенімі кейде кез келген материалдық мүмкіндіктен әлдеқайда маңызды. Өйткені ұзақ дайындық барысында шаршау, алаңдау, өзіне күмән келтіру сияқты сезімдердің болуы заңды. Осындай сәттерде жанындағы жақындарының қолдауы оқушыға қайта күш береді.
Іңкәр да дайындықтың ауыр кезеңдерінде өзіне уақытша демалыс беріп отырған. Бірақ бұл дайындықтан бас тарту емес, күш жинаудың бір жолы болды. Кейде серуендеп, кейде отбасымен уақыт өткізіп, содан кейін қайтадан оқуына кіріскен. Мұндай тепе-теңдікті сақтай білу де ұзақ мерзімді дайындықта маңызды.
Ал ҰБТ өтетін күн келгенде, ұзақ уақыт бойы дайындалған білімді бір ғана сәтте көрсету керек болды. Тест ортасында отырған Іңкәр үшін толқу да, қорқыныш та болғаны түсінікті. Әсіресе тесті аяқтап, нәтижесін көру сәті бірнеше айлық еңбектің қорытындысын бір-ақ сәтте көрсететін шешуші мезет еді. Нәтиже экранда көрінгенде, күткен қуаныштың орны бөлек болды. 140/140! Бір жылдық дайындықтың, он бір жылдық мектеп білімінің, ата-ана мен ұстаз сенімінің, өзіне қойған талаптың нәтижесі – ең жоғары көрсеткіш.
Іңкәрдің жетістігі өзі білім алған алтын ұясы, мектеп ұжымы үшін де үлкен мақтанышқа айналды. Жағымды жаңалықтан кейін Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектептің ұжымы жас түлекті құрметтеу шарасын ұйымдастырды. Оған мектеп директоры Есболат Әліпбаев бастаған ұстаздар қауымы, сыныптастары және Іңкәр білім алған «JUZ40» оқу орталығының өкілдері қатысты. Шара барысында мектеп мақтанышына айналған түлекке ізгі тілектер айтылып, оның жетістігіне ортақ қуаныш білдірілді. Құшағы гүлге толған Іңкәрға оқу орталығы арнайы сый-сияпат табыстады. Сонымен қатар мектеп басшылығына Алғыс хат беріліп, білім ошағының кітапханасына 140 кітап тарту етілді.
140 балдың құрметіне «JUZ40» білім беру орталығы тарапынан да Іңкәрға арнайы марапат табысталды. Орталықтың уәдесіне сәйкес, оған құны 50 миллион теңге болатын пәтер сыйға берілді. Сонымен қатар төрт жыл бойы ай сайын 140 мың теңге көлемінде шәкіртақы төленеді. Түлектің ата-анасына да 3 миллион теңге көлемінде сыйақы берілді.
Іңкәрдің әкесі Ербол Жарқынбеков те қызының бұл жетістігінің артында тынымсыз еңбек тұрғанын атап өтті. Оның айтуынша, қызын жеңіске жеткізген жол жеңіл болмаған. Ұдайы еңбек пен ізденіс Іңкәрдің күнделікті серігіне айналған. Дегенмен ата-ана ретінде олар қызының маңызды күні жоғары нәтиже көрсететініне сенген. Сол сенім ақталып, Іңкәр облыс бойынша да үздік нәтижелердің біріне қол жеткізді.
Іңкәрдің жетістігі туралы сөз қозғағанда «Білімдіге дүние жарық» деген қазақтың қанатты сөзі еріксіз ойға оралды. Талапты қыздың білім жолынан ұзақ дайындықтың, табандылықтың және өз мақсатына деген сенімнің ізі байқалады.
Іңкәрдің дайындық жолында тұрақтылықтың орны ерекше болды. Кей күндері шаршап, дайындық қиынға соққан сәттері де аз болмаған. Сондай уақыттарда да өз-өзін қамшылап, дайындықты тоқтатпады.
Жас түлектің болашақ мамандық таңдауы да мектеп қабырғасындағы қызығушылықтарымен сабақтас. «Ағылшын тілі» мен «Тарих» пәндеріне деген ықыласы оны халықаралық қатынастар саласына жетеледі. ҰБТ-дағы жоғары нәтижесі арқылы өзі қалаған мамандыққа түсіп, студент атанды. Жоғары оқу орны ретінде М.Нәрікбаев атындағы университетті таңдаған жас талапкер алдағы мақсатын да алдын ала айқындап қойған. Ол оқуын үздік аяқтап, қызыл диплом иеленуді жоспарлап отыр. Болашақта алған білімі мен кәсіби тәжірибесін елінің дамуына жұмсағысы келеді. Сонымен бірге қытай және кәріс тілдерін үйренуге көңіл бөлмек. Халықаралық қатынастар саласында бірнеше шет тілін меңгеру Іңкәрдің кәсіби мүмкіндігін кеңейте түсетіні сөзсіз.
Енді Іңкәрдің алдында жаңа белес ашылды. Университетте алған білімін тереңдетіп, халықаралық қатынастар саласының қыр-сырын меңгеру, шет тілдерін жетілдіру, кәсіби тұрғыдан қалыптасу міндеті күтіп тұр. Мектепте басталған арман енді студенттік аудиторияда жалғасады.
Талапты өреннің жетістігіне қарап, ҰБТ-ға дайындалып жүрген оқушылардың да өзіне қажетті сабақ алуға мүмкіндігі бар.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ,
журналист.