Құтан төре тойы: тарих тағылымы – ұрпаққа өнеге
Ата-баба есімін ардақтау – өскелең ұрпаққа өнеге. Өткенін танып, түп-тамырын білу арқылы жас буын ел тарихына деген құрметін қалыптастырып, азаматтық тұрғыдан толыса түседі. Сондықтан тағылымды ас-жиындардың түпкі мәні ас ішіп, аяқ босатуда емес, елге еңбегі сіңген тұлғаларды ұлықтап, кейінгі ұрпаққа олардың өнегелі жолын насихаттауда жатыр.
Жуырда көршілес Көктөбе ауылында елге беделді сұлтан әрі болыс болған Құтан Сұлтанбекұлының туғанына 195 жыл толуына орай ас беріліп, ат шаптырылды. Тағылымды жиын барысында ұлттық спорттың бірнеше түрінен сайыстар ұйымдастырылып, көпшілікке кең көлемде мәдени-спорттық шаралар ұсынылды.
Әруақты ұлықтап, ата жолын ардақтаған ағайын алдымен Рақыш ата атындағы ауылдық мешіттің асханасына жиналды. Құран аяттары оқылып, марқұмның рухына дұға бағышталды.
Ас барысында ақсақалдар мен алыс-жақыннан келген қонақтар XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басында Жетісу өңірінде өмір сүрген, ел басқару ісінде өзіндік орны болған Құтан төре туралы тарихи деректерді ортаға салды. Тұлғаның ел ішіндегі беделі, басқару ісіндегі ұстанымы жөнінде тағылымды әңгімелер айтылып, кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық өнегелі ойлар жеткізілді.
Дастархан басында той иесі Бақытбек Жаманқұлов, мемлекет және қоғам қайраткері Рахметілдә Рахманбердиев, төрелердің ақсақалы Амангелді Керімбайұлы, Шу ауданының Құрметті азаматы Жұмахан Оспанов, сондай-ақ Меркі мен Тараздан арнайы келген меймандар мен Құтан төренің ұрпақтары сөз алып, ізгі тілектерін білдірді.
Ақ ниетін арқалап келген қонақтарға қазақы дәстүрмен құрмет көрсетіліп, иықтарына шапан жабылды. Сонымен қатар ас барысында аудандық және облыстық басылымдарға көптеген мақалалар жазып, ел тарихы мен руханиятын насихаттап жүрген Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-журналист Ахметжан Қосақовтың есімі аталып, оған деген құрмет білдірілді. Құтан төреге арналған арнау өлеңдер де көпшілік назарына ұсынылды.
Ас соңында жұртшылық арнайы тігілген ақшаңқан үйлерге бет алып, ұлттық спорт додаларын тамашалады.
Алдымен қазақ күресінен бәсеке өтті. Бас жүлдеге түйе тігілген белдесуге барлығы тоғыз палуан қатысты. Жарыс хатшысы олардың барлығы күрес пен дзюдодан тәжірибелі спортшылар екенін атап өтті. Меркі, Тұрар Рысқұлов, Мойынқұм аудандарынан және жергілікті жерден келген білекті жігіттер жеребе бойынша өзара белдесіп, кім мықтыны анықтады.
Нәтижесінде үшінші орынды шулық Бағдаулет Қазыбек иеленіп, 100 мың теңге жүлдеге ие болды. Екінші орын мойынқұмдық палуан Ерасыл Бағдәулетке бұйырып, оған 150 мың теңге табысталды. Сонымен қатар меркілік төрелердің шешімімен ол көрермен көзайымы жүлдесімен де марапатталды.
Ал бас жүлдені көктөбелік Диас Тұрлыбек жеңіп алды. Ол қарсыластарының бәрінен басым түсіп, түйе палуан атанды. Жеңімпазға арналған бас жүлде Аламан бәйгенің алдында салтанатты түрде табысталды.
Мұнан кейін жиналған жұрт ауылдың қарсы бетіндегі атшабарға бет алды. Мұнда жастар арасында аударыспақтан жарыс ұйымдастырылды. Додада IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының чемпионы атанған мойынқұмдық өрен Бекарыс Мұхтархан жеңіске жетті. Екінші орын көктөбелік палуанға бұйырса, үздік үштікті қонаевтық азамат түйіндеді.
Аударыспақтың жеңімпазы анықталған соң, ағайын атшабарда үш мәрте бір айналымнан бәйге тамашалады. Шаңын аспанға көтерген жүйріктердің алдына шыққан тұлпарлардың иелері жүлделерін алып, мерейлерін үстем етті. Әрбір дода алдында ақсақалдар бата беріп, қарияларға құрмет көрсетілді.
Тойдың тағы бір тартысты бәсекесі – құнан бәйге болды. Ұзындығы 2,6 шақырымдық бес айналымнан тұратын додада «Айторы» атты көкқайнарлық тұлпардың бағы жанды. Жеңімпазға кілем жабылған ту бие жетектетілді. Қалған жүлделі орындарға да бағалы сыйлықтар тағайындалды.
Ал 26 шақырымдық Аламан бәйгеге 51 сәйгүлік қатысты. Ұзақ қашықтыққа шапқан жүйріктердің ішінен мәреге он шақты тұлпар ғана жетті. Бас жүлдені белгілі атбегі, ұлттық спорт жанашыры Орынтай Әмірғалиев баптаған тұлпар иеленді. Жеңімпазға дәу түйе тарту етіліп, ол жүлдесін алып, мәртебелі сыйға ие болды.
Келесі сегіз орынға ірі қара мал берілсе, тоғызыншы орын иегеріне 100 мың теңге табысталды. Марапаттау рәсімінде жүлдегерлерге сый-сияпат көрсетіліп, ұлттық спортты ұлықтауға атсалысқан азаматтарға алғыс білдірілді.
Елге сыйлы, әділдігімен және ел басқарудағы шешімдерімен танылған Құтан төре Сұлтанбекұлының 195 жылдығына арналған тағылымды жиын жаппай көкпармен түйінделді. Ақсақалдардың ақ батасымен сойылған алып серке көкпаршыларға тартылып, жүзден астам азамат қазанаттарына мініп, қас қарайғанша дүбірлі доданың көркін қыздырды.
Осылайша Көктөбе төрінде өткен тағылымды ас ата-баба рухына тағзым етіп қана қоймай, ұлттық салт-дәстүр мен спортты дәріптеген, кейінгі ұрпаққа өнеге болған мазмұнды шараға айналды.