Сырлы сазгер
«Шу өңірі» газетінің байырғы белсенді тілшілерінің бірі, ұлағатты ұстаз, көрнекті композитор, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақстанның мәдениет қайраткері және Шу ауданының Құрметті азаматы Әденов Серік Әбдікерімұлын шулықтарға таныстырып жатудың өзі артық тәрізді. Десек те, туғанынан бірінші топ көз мүгедегі атанған Серік Әбдікерімұлының тағдыр жолы ауыр болды. Соған қарамастан, бес жасынан бастап домбыра тартып үйренді. Бастауыш сыныпты бітіргеннен кейін көру қабілеті тіпті азайып, оқудан қол үзуіне тура келді. Жастайынан еңбекке араласып, ауылда хат тасушы қызметті де атқарды. Ұлттық өнерге аса құштар талант иесі ержеткен кезінде Жамбыл мәдени ағарту училищесін тәмамдап, арнайы маман атанды. Былтыр ғана дүниеден озған Серік Әденовтің әндерін Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов, «Қазақ концерттің» әсем әншісі Жібек Есқараева, Тараздық әнші Мақатай Сауқымбаева, Шулық әншілер Күлімхан Оңтаева, Ерік Мәтхалықов және басқалары кезінде шырқаған.
Біз бүгін Серік Әденов туралы жазылған інісі, әрі баспасөз ардагері Ахметжан Қосақовтың «Сырлы сазгер» атты көркем туындысынан оқырмандар назарына үзінді жариялауды жөн көрдік.
Бала кезінен Серік көкем сезімтал әрі сергек болып өсіпті. Ойын баласы болғандықтан, басқа балалар секілді тал шыбықты ат қылып мініп, көше бойлап жүгіріп жүрген. Ол кезде көше дейтіндей көше де жоқ. Шаңы бұрқырап, табаны жылтырап жататын көрінді. Тас төсеген жолдың өзі кейін пайда болып, көңілді біраз көтеріпті.
Әйтсе де ол кешке қарай көрші тұратын Тілеулі Бәкіров ағасын көп жағалайтын. Неге десеңіз, шаруадан қолы босаған кезде әлгі ағасы қолына домбырасын алып, көптеген күйлерді күмбірлетіп тартып отыратын. Серік көкеме домбыра үні таңғажайып әсер беретін. Тұла бойы беймәлім шаттық сезімге бөленіп, жан жүрегі езілгендей елжірейтін. Тыңдағанның үстіне тыңдай беретін. Жалығып, жалтарған емес…
Екі мүшелді еңсерген Тілеулі аға осы баланың өзіне бауыр баса бастағанын іштей сезіп жүрді. Оның өнерге талабы бар бала екенін өзінше бағалады. Бір күні сырласып, сұхбаттасуды жөн көрді.
-Серік інім, сен қаншадасың?-деді ағалық пейілмен.
-Бес жастамын…
-Бұйыртса, сүндеттеліп мұсылман боласың.
– Иә, жәкем солай деген (әкесі Әбдікерімді осылай атайтын).
-Дұрыс. Жігіт болып өскен кезде кім болғың келеді?
-Сіз сияқты күйші болуды армандаймын.
– Талабың таудай екен, талабыңа нұр жаусын қарағым! Бірақ, мен сахнаға шығып, жұртты аузыма қаратқан күйші емеспін. Жай домбырашымын. Әкемнен үйренгенімді кейде осылай ермек етемін.
-Күйші емес екеніңізді қайдан білейін, бірақ басқалар сіз сияқты домбыраның құлағында ойнай алмайды ғой.
-Неге, олай дейсің? Өзіңнің жәкең де домбыраны бір кісідей тартады. Тұқымыңда өнерге жақын адамдар көп болған деп естігенім бар…
-Жәкемнің де домбырашы екені рас. Бірақ сіздің домбыра тартуыңыздың мәнері маған ұнайды. Әлде менің сізге үйір бола бастағанымды жақтырмай жүрсіз бе?
-Мұны қандай оймен айтып отырғаныңды түсінсем бұйырмасын. Сені жақтырмайтындай мен кім едім?! Бала болғанда да өнерге тәнті баласың. Бала болғанда да бізге жақын құда баласың. Сенің біртуған Сәт ағаң менің туған қарындасым Зәпенге үйленді. Көріп отырсың ғой, екеуміз қай жағынан болса да бір-бірімізге өте жақын адамдармыз. Сен мұны білесің бе?
– Әрине, білемін. Жәкем айтқандай, жақындықты адамның баласы мен иттің күшігі бірінші біледі.
-Мынадай аталы сөзді тауып айтқан сен нағыз есті жігіт екенсің. Көз алдымызда өсіп келе жатсаң да ес жиып қалғаныңды байқамаппын…
… 1941 жылдың көгілдір көктемінде басталған шығармашылық достық қашанға дейін жалғаса беретіні бір құдайға ғана белгілі еді. Бірақ жазға қарай батыстан басталған Ұлы Отан соғысы үлкендердің көңіліне қаяу салды. Үш ұйықтаса да түске кірмеген соғыс өрті лаулап, тыныш жатқан Кеңес елін күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырды. Қоңыр күзге қарай ақбас Алатаудан бастау алатын Шу өзенінің оң қанатын жайлап жатқан Көктөбе ауылындағы тепсе темір үзетін, күрессе қарсыласының жауырын жерге тигізетін атпал азаматтары майданға шақырылды. Ел іші күңіренді. Қарттар жағы күрсінді. Ақ жаулықты аналар аңырады. Шымылдықтан жаңа шыққан жас келіндер ботадай боздады. Басқалардың да жүздерін қайғы бұлты торлады.
Сондай арпалысты күндердің бірінде Тілеулі ағай домбырасын көтеріп, бала Серіктің үйінің босағасын аттады. Әкесі Әбдікерім, анасы Ақлима үшеуі кешкі шайға бас қосқан кез болатын. Ертелі- кеш келіп, кетіп тұратын көршінің бұл жолғы сапарының өзіндік сыры бар секілді. Қабағы қатулы. Бірақ, жанар оты бұрынғыдан да маздап тұрған тәрізді. Әлде бұл сүттей ұйыған еліміздің берекесін алған неміс басқыншыларына деген өшпенділік оты ма екен?! Ол төрге малдас құрып отыра бере:
-Әбеке құда, сіздің шаңырағыңызға өзім келсем де домбырам келген жоқ еді. Соның бүгін жөні келіп тұр -деді айтар сөздерін ұмытып қалғандай.
– Тілеулі құда, мұны неге сонша қадап айтып отырсың?
-Бүгін аудандық әскери комиссариаттан арнайы шақыру қағазын алдым. Ертең сонда боламын. Арғы жағы белгілі, майданға аттанамын…
-Құрғыр, мына құда не дейді? Соғысқа адам деген сұранып бара ма? Ол той емес қой,- деді шоқ басқандай шошынған Ақлима апай бетін бас бармағымен бір рет бүріп алды. Адуынды, әрі ашық мінезді кісі болғандықтан көңіліне келгенін айта салатын. Бірақ, артында зілі жоқ.
-Қарағым, Тілеулі баяғыдан бері көрші тұрамыз. Әй-шәй дескен күніміз болған жоқ. Жақсы кісінің баласы едің. Атаңа сөз келтірген жоқсың. Оның үстіне қыз алып, қыз беріп отырған құдалығымыз тағы бар. Не айтайын, әскерге алынып жатсаң жолың болсын! Майданға сау барып, аман қайт. Жаубасар батыр бабаңның рухы қолдасын! Әмин.
-Бұйымтайың болса, айтып отыр-деді Ақлима апай да дауысы дірілдегендей.
-Бұйымтай дейтіндей, бақырайтып айтатын бұйымтай жоқ. Бірақ, азғантай аманатым бар еді.
-Сіз бен біз мыңжылдық жекжатпыз. Оның үстіне түбі бір ағайынбыз. Дулаттың ең үлкен ұлы Сиқымнан тарағанбыз. Қандай аманатың болса да арқалап жүруге аянбаймыз.
-Құдеке, осылай айтарыңызды алдын ала білгенмін. Мына отырған Серік балаңыз домбыра тартып жүргенімде мені көп тыңдады. Өсе келе, он саусағынан өнер тамған өнерпаз болар деп ойлаймын.
– Тәңір жарылқасын, тілден-көзден сақтасын.
-Өзіңіз жақсы білесіз, маған жар сүю бұйырыпты. Ал перзент сүюді тағдыр жазбаған секілді. Артымда қара домбыра қалып барады. Жаныма серік еткен сол домбыраны Серік ініме тарту еткелі отырмын.
– Ал, балам, ағаңның аманатын қабылда.
-Майданнан аман келсем, домбырамды қайтып алармын. Туған елдің дәмі тартпай бақилық болсам, ініме қалдырған аманатым болсын.
-Бала Серіктің не ойлағанын кім білсін, шанағы жұқа фанерден жасалған домбыраны қобдишасымен қолына ұстап, мәз болған түр танытты. Ойын баласы болса да қолындағы домбыраға қайта-қайта қарай берді.
-Тілеулі аға, сізге көп рахмет. Домбыраңызды тоздырмай ұстап, соғыстан келгеннен кейін өзіңізге тапсырамын, – деп балғын жүзі жадырап салды.
-Домбырашы ағай ағынан жарылып айтқандай-ақ ауылдың сайдың тасындай іріктелген азаматтары батысты бетке алып, бірінен соң бірі майданға аттанып жатты. Тілеулі Бәкіров, Төлеу Жамауов, Сәт Әденов, ағайынды Құралбай, Жүгербай Қапалбаевтар, Жусанбай Тәкібаев, Әлдешбай Әділбаев, Сейсенбай Еркінбеков және тағы басқалары алғашқылар болып жолға шықты.
Арқасүйер азаматтарын, тұяқ болар жалғыздарын қанды майданға жылап-сықтап шығарып салған қарттардың қабағына қарап тұру мүмкін емес еді. Шаштарын жайып тастап, ботадай боздаған асыл аналардың қайғы-қасіретіне шыдау да оңайға соқпады. Өзектері өртенген жас келіндердің мұң-зары өз алдына таусылмайтын бір әңгіме. Ауылдың қай-қайсысы болса да тағдырдың тосқауыл қойдырмайтын толқынына ұрынып, рухани бір азып-тозды.Тереңнен жылтыраған көздерінде үміт пен күдіктің нұры бұлдырап көрінгендей болды. Осының бәрін көзбен көріп, жүрекпен сезген бала Серік те еркелік сезімнен ерте айырылды.
Басқа балалар да бұрынғыдай алаңсыз өмір сүріп, мақсатсыз ойын қуғанды сап тиды. Өйткені, жоғары жақтан келген «Бәрі де майдан үшін!», «Бәрі де Жеңіс үшін!» деген қатаң тапсырмаларды орындауға жұмылды.
Балалар аналарымен бірге колхоздың жұмысына таңның атысынан кештің батысына дейін жегілді.
Бала Серік те ата-анасына көмек бере жүріп, Тілеулі аға қалдырған домбыраны тартып кетуге өзінше әрекеттенді. Сол қолымен пернелерді іздестіру, оң қолымен шанақтағы қос ішекті шерте білу алғашында оңайға түсе қойған жоқ. Домбыраны құшырлана тартып, іштегі шерін сыртқа шығарғысы келді. Бірақ, үйлесімін таппады. Шыққан үн шашыраңқы шықты. Одан әдемі бір әсер алу былай тұрсын, жүйкесін тоздырды. Сонда да ақ тер, көк тер болып домбырадан айырылмады. Тілеулі ағасының тартқанын көрген кезде бұл өзі бір оңай шаруадай көрінетін. Ойлап көрсе, домбыра тарту да жеңіл емес екендігіне енді көзі жетті. Оның дегбірі қашып, ақылы айран болып отырғанын көрген жәкесі:
-Қарағым-ау, адам домбыраны ерсілі-қарсылы сабай бере ме екен? Алдымен оның пернелері қандай дыбыс шығаратынын білген жөн,- деп баласына кеңес берді.
-Жәке, айтқан бір бөлек, тартқан бір бөлек. Өзім-ақ үйреніп кетемін. Осыған бола шаруаңыздан қалмаңызшы.
-Балам, білгеннің тілін алған жақсы. Қазақтың қара домбырасында көп қасиет бар. Ойлан… «Жібекті түте алмаған жүн етеді» дегендей, домбыраға да бір ептілік керек.
-Айттым ғой сізге, өзім үйренемін…
Тіл ұшына тағы да бір айтар сөзі келіп тұрса да елуді еңсеріп, ата сақалы аузына біткен жәкесі бір сәт тосылып қалды. Кім білсін, сол кезде соғысқа кеткен үлкен ұлы Сәт есіне түсіп кетті ме екен, әлде кіші ұлы Серікті бұдан әрі қажай беруді жөн көрмеді ме?! Әбдікерім ата табиғатынан жуас адам болатын. Мінез деген әркімде-ақ болады ғой. Соның өзін тиімді пайдалана білетін. Бәлкім, осындай кісілігінен шығар баласына бадырайтып бірнәрсе айтудан аулақ болатын. Бұл жолы да сол қалпын сақтап, арнасынан аспады. Біраз кідірістен кейін бар айтқаны:
-Балам, әкең саған жамандық ойламайды. Жақсы домбырашы болатыныңа сенемін. Өйткені, бұл өнер біздің тұқымға қонған. Менің әкем Әден де, оның інісі Әлсейіт те, олардың әкесі Жақсылық та өнерден құр алақан емес-ті. Осы бабаларыңның әруағы қолдасын! Әмин!
-Серіктің әкесі-ау?! – деді Ақлима апа әңгімеге араласып. Бармақтай балаға бата бергенің дұрыс. Оны мен құптаймын. Бірақ, есін шығара берме. Екеуімізсіз-ақ домбыраны тартып кетеді. Одан гөрі аталары жайлы білетініңді айтпаймысың.
-Иә, жәке, апамның айтқаны құлаққа кіреді.
-Жарайды. Үлкен бабаң Жақсылық үш ағайынды болыпты. Өзі өнерпаз болған көрінеді. Ал, ағалары Әжі мен Қосақ батыр болыпты. Біздің руымыз Қарақойлы екенін білесің ғой.
-Білемін.
-Жақсылық бабаң ағаларын арқа тұтып, өзіне біткен малын өз өрісін сақтап қалу үшін басқалардың өрісіне жіберіп қойып жүрген екен. Сонда шыдамы таусылған бір ағайын:
Қарақойлы Жақсылық,
Қораға жаясың қас қылып.
Әжі, Қосақ болмаса,
Кетер едім басқа ұрып, – деп мұңын шағыпты.
-Жәке, мына әңгімеңіз әсерлі екен. Тағы да айтыңызшы.
-Әден бабаңның туған інісі Әлсейіт асқан домбырашы екен. Ол тыңдаған жұрттың құлақ құрышын қандырып, ел алғысына бөленген.
– Міне, қызық!
-Серіктің әкесі-ау, өзің туралы да айтпайсың ба?-деді Ақлима апа.
-Оны саған қалдырып отырмын. «Өзін өзі мақтаған өгізбен тең» – деп бұрынғылар бекер айтпайды.
-Баламның білгені жөн. Жәкең де домбыраның құлағында ойнаған айтыскер ақын. Шешендігімен талайлардың сағын сындырған. Жауырыны жерге тимеген палуандығы тағы бар. Серігімнің әкесімен белдесуге бұл төңіректе палуан табылмаған кездер де болған. Бір өкініштісі, суырыпсалма ақын және атышулы палуан әкеңе көз тиіп, тіл өтіп құныс ауруына ұшырады. Соның салдарынан сегіз жыл бойы төсек тартып жатып қалды. Елге есімі белгілі Сарқұл, Қоқымбек сынды тәуіптердің ем-домының арқасында дертінен жазылды. Құдайдың көзі түзу болса, құлыным, сенің де өнерің өрге жүзеді деп ойлаймын.
Апасы бар шындықты осылайша жайып салды. Бала Серік әкесінің күй атасы Құрманғазының әкесі Асанғазының, танымал күйші Нұрғисаның әкесі Тілендінің күйлерінің тамылжытып тартып отырғанын талай естіген. Сонымен қатар, «Аққу», «Нар идірген», «Шалқыма» атты халық күйлерін нақышына келтіріп орындайтын. Бала Серікке өз әкесінің де өнері үлкен әсер етті. Әрі талантының қайнар көзін аша білді.
«Талапты ерге нұр жауар» демекші, уақыт өте келе бала Серік домбыра тартуды өзі талмай жүріп үйренді. Ол ең алғаш халық әні «Елім-айды» тартып, тыңдаған жұртты тамсандырды. Кейін радиодан тыңдап жүріп, орыс халқының «Ай туғанда» әнін домбырамен сүйемелдейтін болды. Бес жасар балаға бұл екі шығарманы қатар орындау сол тұста үлкен жетістік еді.
Анасы Ақлима баласының елдің көзіне ерте түскеніне сақтана қарайтын. Отағасы Әбдікерім тәрізді сөз тиіп, тіл өтіп қала ма деп іштей қорқақтайтын. Осы сырын жасыра алмай баласына:
– Қарағым, көпшіліктің көзіне түсе бермеші, – деп аналық тілегін айтқаны бар.
Апа, неге олай дейсіз? Қайта домбыра тартқаныма қуанбайсыз ба?-деп қарсы келген.
1943 жылдың жазына қарай майданға кеткендерден алғашқы хабар-ошар келе бастады. Бұған дейін ешбір жауап болмағандықтан ауылдағылардың еңсесі түсіп кеткен. Әйтеуір, жаман аты шықпаған соң үміттерін талшық етіп жүріп жатқан-ды. Сол кездегі пошташы Қожан ағаның үйіндегі ұлты татар Ғалия жеңгей бір күні көшеге шыға бере:
– Сүйінші! Сүйінші беріңіздер! Майдангерлерден хат келді, – деп дауысын көтере сөйледі.
– Кімге хат келді?-деп Ақлима апа да құлақ тосты.
– Төлеуден. Айтпақшы, Сәттен де бар.
– Қайсы, көрсетші, – деп Ақлима апа жерден жеті қоян тауып алғандай қуанып кетті.
– Міне,-деп үшбұрышты шағын конвертті оның қолына ұстата салды.
Ақлима апаның қуанышы қойнына симай кетті. Бірақ хат танымайтындығы есіне түскенде ұнжырғасы түсе берді. Не істеу керек? Бір амалын табу үшін Ғалияның өзіне қолқа салды.
– Келін-ау, мына хатта не жазылғанын Серіктің әкесі екеумізге оқып бермесең болмас. Бізге өзіңнен басқа кім оқып береді? Үйге жүрші айналайын, – деп жалбарынды.
– Жеңеше, менің әр хатты оқып отыратындай уақытым көп емес.
– Ғалия жаным, басқаларда хат танитындар бар шығар. Бізге мүмкіншілік туғыза көр…
Ғалия жеңгей сауатты жан екен. Сәт бауырымыз жазған хатты сыдыртып оқып берді. Оның жазғанына қарағанда, жағдайы мәз емес көрінеді. Алты айдай әскери даярлықтан өтіп, майдан шебіне барған кезде бір топ жауынгер тұтқынға түскен. Қамақта жатқан адамнан хабар қайдан бола қойсын…