Кітап – рухани қазына, ұлттың асыл мұрасы
«Kitap Time – 2026» республикалық кітап фестивалі аясында 11 қыркүйек күні М.Жүнісәлиев атындағы саябақта «Кітап – рухани қазына, ұлттың асыл мұрасы» атты тағылымды кітап фестивалі өтті.
Шара Шу аудандық жастар ресурстық орталығының Төле би ауылдық округі бойынша жастармен жұмыс жөніндегі мамандары Г.Ермекбаева, Д.Көшен нің бірлесіп ұйымдастыруымен өткізілді.
Тағылымды шараның басты мақсаты – тұрғындардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, оқырманның рухани әлемін байыту, білім мен ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттау. Фестиваль барысында кітаптың адам өміріндегі орны мен рухани дамуға тигізер әсері кеңінен дәріптелді.
Шара барысында көпшілік назарына мазмұны мен безендірілуі жағынан ерекше кітап көрмелері ұсынылды. Атап айтқанда, кітаптардан жасалған «Қобыз» инсталляциясы көпшіліктің қызығушылығын оятса, зағип және нашар көретін азаматтарға арналған тактильді кітаптар ерекше назарға ие болды. Сондай-ақ бүлдіршіндерге арналған «Балаларға базарлық», «Ертегілер әлемінде» атты кітап бұрыштары ұйымдастырылып, балалардың кітап әлеміне қызығушылығын арттыруға мүмкіндік жасалды.
Фестиваль аясында ерекше безендірілген «Сұрақты шар» ойыны да көпшілік көңілінен шықты. Танымдық әрі қызықты ойын арқылы қатысушылардың кітап, әдебиет және жалпы білім саласындағы танымын кеңейтуге басымдық берілді.
Мерекелік бағдарлама концерттік қойылымдармен жалғасын тапты. Көрермендер назарына «Туған жер», «Отан» әндері ұсынылып, кітапхананың тұрақты оқырмандарының орындауында «Балбырауын» күйі күмбірледі. Сонымен қатар «Кітаппен кездесу» атты шағын көрініс қойылып, ұлттық билер орындалып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Іс-шара барысында сөз алған қонақтар кітаптың адам өміріндегі маңызына тоқталып, оның білім мен тәрбие берудегі, ұлттық сананы қалыптастырудағы рөлін атап өтті. Жастар мен жасөспірімдерді кітап оқуға, білімге ұмтылуға, рухани құндылықтарды қастерлеуге шақырды.
-Кітап – өткен мен бүгінді жалғайтын алтын көпір, ұлттың рухани жадын сақтайтын асыл қазына. Кітап оқыған ұрпақтың ой-өрісі кеңейіп, танымы тереңдейді. Сондықтан кітапқа деген сүйіспеншілікті қалыптастыру – келешекке жасалған маңызды қадам,-дейді ұйымдастырушылар.
Аяулым Далихан,
журналист.