Отбасылық спорт додасы өтті
Отбасы күніне орай Төле би ауылында «Әкем, анам және мен» атты аудандық отбасылық спорттық-эстафеталық сайыс өтті.
Шараға аудан әкімінің орынбасары Н.Сұлтанбаев, аудандық аналар кеңесінің төрайымы А.Иманова,бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығының директоры Б.Ұзақбаев және Төле би ауылдық округінің әкімі А.Рахимкулов қатысып, отбасылық құндылықтардың маңызына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Спорттық сайысты Шу ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің Төле би ауылы бойынша жастармен жұмыс жөніндегі мамандары, Төле би ауылдық округі әкімінің аппараты және С.Шәкіров атындағы орта мектеп ұжымы бірлесіп ұйымдастырды.
Жарыстың негізгі мақсаты – отбасылық құндылықтарды дәріптеу, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайту, салауатты өмір салтын насихаттау және отбасылардың спортқа деген қызығушылығын арттыру. Сонымен қатар шара мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға бағытталды.
Сайысқа жеті жас отбасы қатысып, әр команда әке, ана және 12 жасқа толмаған баладан құралды. Қатысушылар түрлі эстафеталық кезеңдерде шапшаңдық пен ептілігін, төзімділігі мен ұйымшылдығын сынға салды.
Бәсеке барысында отбасылар белсенділік танытып, өзара қолдау мен татулықтың жарқын үлгісін көрсетті. Нәтижесінде үздік өнер көрсеткен командалар анықталды.
Әділқазылар шешімімен «Қыран» тобы І орынға ие болса, «Барыс» тобы ІІ орынды иеленді. Ал «Бірлік» және «Сұңқар» топтары жүлделі ІІІ орынды өзара бөлісті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдар және арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Мұндай тағылымды шаралар отбасы мүшелерін ортақ мақсатқа жұмылдырып, ата-ана мен бала арасындағы өзара түсіністік пен жылы қарым-қатынасты нығайта түседі. Сондай-ақ салауатты әрі белсенді өмір салтын қалыптастыруға ықпал етеді.
Г.Ермекбаева,
Д.Көшен,
Төле би ауылы бойынша жастармен жұмыс
жөніндегі мамандары.