Оқитын ұрпақ – ұлт болашағы
Кітап – адамзаттың ғасырлар бойы жинаған ақыл-ойы мен рухани тәжірибесін ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін сарқылмас қазына. Адамның дүниетанымын кеңейтіп, ойлау қабілетін қалыптастыратын, жақсы мен жаманды ажыратуға үйрететін де – кітап. Сондықтан қай кезеңде де ұлттың интеллектуалдық әлеуеті оның оқу мәдениетімен өлшенген. Ұлы Абайдың «Артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге» деген тағылымды сөзі де білімге бастар жолдың кітаптан басталатынын аңғартады. Ал ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Білімді болуға оқу керек» деген тұжырымы бүгінгі қоғам үшін де маңызын жоғалтқан жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та кітап оқу мәдениетін дамыту мен зерделі ұлт қалыптастыру мәселесіне айрықша мән беріп, 2026 жылғы 16 мамырдағы арнайы Жарлығында кітап оқуды білім беру, тәрбиелеу және оқу-ағарту ісінің негізгі элементтерінің бірі ретінде айқындады. Осы тұрғыдан алғанда, қоғамды кітапқа бет бұрғызатын әрбір бастама – жекелеген оқырман қалыптастырудың ғана емес, тұтас ұлттың рухани және зияткерлік әлеуетін арттырудың маңызды қадамы.
Осындай игі мақсатты көздеген ауқымды бастамалардың бірі – 2026 жылдың 15 қыркүйегінен елімізде бастау алған республикалық «Кітап оқитын ұлт» кітап оқу марафоны. Жоба еліміздің барлық өңіріндегі оқырмандарды бір арнаға тоғыстырып, кітап оқуды насихаттау, тұрақты оқу дағдысын қалыптастыру және қоғамда кітапқа деген қызығушылықты арттыруды мақсат етеді. Республикалық марафонның Шу ауданындағы ашылу салтанаты Шу ауданы білім бөлімінің әдіскері Гүлзат Сабалақованың ұйымдастыруымен М.Мақатаев атындағы тірек орта мектебінде өтті. Тағылымды шараға Шу ауданы білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев, аудан мектептерінің директорлары, кітапханашылар мен оқушылар қатысып, кітап пен оқырманды жақындастыруға бағытталған жаңа жобаның алғашқы қадамына куә болды. Бұл жиынның мазмұны да жай ғана марафонның басталғанын жариялаумен шектелмей, жас ұрпаққа кітап оқудың адам өміріндегі орнын ұғындыруға бағытталды.
Ашылу салтанатында LED-экраннан республикалық марафонның мақсаты мен өту тәртібін таныстырған арнайы бейнеролик көрсетілді. Онда Қазақстанда алғашқы республикалық «Кітап оқитын ұлт» кітап оқу марафонына тіркелу басталғаны, жобаның еліміздің барлық өңірінен қатысушыларды біріктіріп, оқу мәдениетін дамытуға бағытталған ауқымды ұлттық бастамалардың біріне айналатыны айтылды. Марафон 2026 жылдың қыркүйегінен 2027 жылдың сәуіріне дейін қазақ және орыс тілдеріндегі екі лигада өткізіліп, «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын университет», «Кітап оқитын педагог», «Кітап оқитын әулет», «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» және «Кітап оқитын зияткер» атты жеті бағытты қамтиды. Осылайша жоба мектеп оқушысынан бастап студентке, педагогтен мемлекеттік қызметшіге, тұтас әулеттен кітапсүйер кез келген азаматқа дейін қоғамның түрлі буынын бір ортақ мақсатқа – кітап оқуға жұмылдырады.
Марафон аясында қатысушыларға арнайы іріктелген 330 кітаптан тұратын қор ұсынылған. Оның 165-і қазақ, 165-і орыс тіліндегі шығармалардан құралған. Қатысушы өз бағыты бойынша осы қордан 15 кітап оқуы тиіс. Әдебиеттер қатарында отандық қаламгерлердің таңдаулы туындыларымен бірге әлем классикасы, заманауи шығармалар, әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы лауреаттарының еңбектері мен әлемдік бестселлерлер қамтылған. Белгіленген уақыт аралығында қатысушылар оқыған кітаптары туралы жеке кабинеттерінде қысқаша пікірлерін жариялап отырады. Ал 2027 жылдың наурыз-сәуір айларында қорытынды тестілеу мен зияткерлік квиздер өткізіліп, қатысушылардың оқыған шығармаларды қаншалықты меңгергені сараланады. Өңірлік кезеңнің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне де қомақты сыйақы қарастырылған. Атап айтсақ, І орынға – 600 мың, ІІ орынға – 450 мың, ІІІ орынға – 300 мың теңге табысталып, барлық финалист дипломдармен және электронды сертификаттармен марапатталады.
Шара барысында марафонның мазмұнын сахналық тұрғыда таныстыруға да ерекше мән берілді. Жеті бағыт бойынша оқылатын кітаптарды қолдарына ұстаған оқушылар оларды әсем ленталармен көмкеріп, кезек-кезегімен сахна төріне алып шықты. Осы көріністің өзі кітаптың жай ғана оқу құралы емес, құрметпен қолға алатын рухани құндылық екенін аңғартқандай болды. Ал кітапханашылардың хормен айтқан «Оқитын ұрпақ – ұлт болашағы!» деген сөзі салтанатты жиынның негізгі идеясын айшықтап, көпшілікке ерекше әсер қалдырды. Расында, бүгін кітаппен дос болған баланың ертең ізденетін, ойлайтын, өз пікірін қалыптастыра алатын азамат болып өсуі – қоғамның болашағына салынған ең құнды инвестиция.
Жиында сөз алған Шу ауданы білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев өзінің балалық шағындағы кітап оқуға деген құштарлығын еске алып, бүгінгі жас ұрпаққа тағылым боларлық естеліктерімен бөлісті. Ол қазіргі балалардағыдай мол мүмкіндік болмаған кезеңде білтелі шамның жарығымен түн ауғанша кітап оқығанын, кей кездері ай сәулесі сығалаған терезе алдында тұрып қолына түскен шығармаларды қызыға парақтағанын айтты. Әсіресе Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» романын бес мәрте қайталап оқығанын еске алуы кітапқа деген шынайы ықыластың қандай болатынын аңғартты. Бір шығарманы қайта-қайта оқу – оның оқиғасын білу үшін ғана емес, әр оқыған сайын бұрын байқалмаған ойды танып, кейіпкер тағдырын тереңірек түсіну үшін қажет. Сондықтан бөлім басшысының балалық шақтағы естелігі бүгін қолында смартфоны, алдында жарық әрі жылы мектебі, бай кітапханасы мен сан түрлі білім ресурстары бар жас ұрпаққа үлкен ой салды.
Жайдар Жазықбаев өз сөзінде қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілі Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» шығармасындағы жүрек тебірентер бір көріністі де мысалға келтірді. Жоқшылықтың зардабын тартқан Бердібек мектепке Әлиман жеңгесінің бүтін қара шапанын киіп барады. Ағасы мен жеңгесінің арасы бұзылып, екеуі ажырасатын болған кезде Нұрғазы сабақ үстінде мектепке келіп, жеңгесінің қара шапанын қайтарып алады да, оның орнына үйден жіберілген ескі плащты береді. Сыныптағы балалардың көзінше үстіндегі бүтін киімінен айырылған Бердібектің сол сәттегі қысылуы мен намыстануы шығармада баланың жан дүниесі арқылы өте әсерлі суреттеледі. Сабақтан соң жұрт үйіне тарағанда, оның бос сыныпта қалып, көз жасына ерік беруі – жоқшылықтың бала жүрегіне салған жарасын танытатын ауыр эпизодтардың бірі. Бірақ сол қиындықты бастан кешкен, бір кездері мектепке киетін бүтін киімі болмаған қарапайым ауыл баласы кейін қазақ әдебиетінің классигіне айналып, шығармалары бірнеше ұрпақтың сүйіп оқитын рухани мұрасына айналды.
Осы мысал арқылы бөлім басшысы бүгінгі балалардың білім алуына мемлекет тарапынан барлық мүмкіндік жасалғанына назар аударды. Кезінде бір кітапты табудың өзі қиын, оны оқитын жарық пен жағдайдың өзі тапшы болса, қазіргі оқушының алдында заманауи мектеп, жарық сынып, кітапхана, интернет, электронды білім ресурстары мен сан алуан әдеби қор бар. Сондықтан бүгінгі жас ұрпақтың міндеті – өзіне берілген осы мүмкіндіктің қадірін түсініп, уақытын білімге, ізденіске және кітап оқуға жұмсау. Жоқшылық пен тұрмыс тауқыметіне қарамастан білімге ұмтылған алдыңғы буынның өмір жолы бүгінгі балаға «мүмкіндік бар кезде оны пайдалана біл» деген үндеу іспетті. Осы тұрғыдан қарағанда «Кітап оқитын ұлт» марафоны да балаларды белгілі бір кітап санын оқуға міндеттейтін жарыс қана емес, оқуға деген ішкі қажеттілікті қалыптастыруға бағытталған рухани қозғалыс болуы тиіс.
Кітап оқудың шынайы нәтижесі оқылған шығармалардың санымен ғана өлшенбейді. Оның ең үлкен нәтижесі – кітаптан кейін адамның ойында бір сауалдың пайда болуы, кейіпкер тағдырына үңілуі, өз өміріне басқа көзбен қарай бастауы. Егер осы марафоннан кейін бір бала кітапхананың есігін бұрынғыдан жиі ашса, бір отбасы кешкі уақытын телефонға үңілумен емес, бірге кітап оқып, оқығанын талқылаумен өткізсе, бір мұғалім шәкіртіне өзі сүйіп оқыған шығармасын ұсынса, онда бастаманың негізгі мақсатының орындалғаны. Себебі кітап оқу – адамның сөздік қорын байытумен ғана шектелмейді, ол ойды тәрбиелейді, мінезді қалыптастырады, тарихи жадты жаңғыртып, адамның рухани әлемін тереңдетеді.
Сондықтан «Кітап оқитын ұлт» деген атаудың астарында үлкен мән жатыр. Кітап оқитын ұрпақ қалыптастыру – бір оқу жылының немесе бір марафонның ғана міндеті емес, ол отбасыдан басталып, мектепте жалғасып, қоғамда орнығатын ұзақ мерзімді мәдениет болуы керек. Кезінде білтелі шамның әлсіз жарығымен кітап оқыған ұрпақтың білімге деген құштарлығы мен жоқшылыққа қарамастан үлкен әдебиетке жол салған Бердібек Соқпақбаевтай тұлғалардың тағдыры бүгінгі жас буынға мүмкіндік пен білімнің қадірін ұғындырады. Ал бүгінгі баланың қолындағы кітап – оның ертеңгі өміріне ашылған есік. Сол себепті марафонның ең үлкен жүлдесі ақшалай сыйлық та, диплом да емес, кітапты жарыс аяқталғаннан кейін де қолынан түсірмейтін тұрақты оқырман қалыптастыру болмақ. Өйткені кітапқа жақын ұрпақ – ойға жақын ұрпақ, ал ойлайтын, ізденетін, білімге құштар ұрпақ – елдің ең сенімді болашағы.
Айғаным Асқарбек.