Шу вокзалы қайта жаңғыртылып, ел игілігіне берілді
Тоғыз жолдың торабында орналасқан Шу вокзалы – егемен еліміздің оңтүстігі мен солтүстігін, батысы мен шығысын жалғап тұрған теміржол саласындағы маңызды нысандардың бірі. Дәл осы жерде ұлт қайраткерлері Тұрар Рысқұлов пен Мұхамеджан Тынышбаевтың да маңдай тері мен табан ізі қалған. Ал уақыт өте келе Шу қаласы аудандық деңгейдегі қала мәртебесін иемденген соң, мұндағы вокзалдың өз алдына дербес тіршілігі басталды. Осылайша, тәуелсіздіктің таңы атқан тұста талай жанның табаны тиген нысанның екінші тынысы ашылды.
Алтай мен Атыраудың арасына көпір болған аталған вокзал арқылы тек біздің елдің ғана емес, көршілес мемлекеттердің Мәскеу, Ташкент, Бішкек сынды ірі қалаларына да қатынауға болады. 1989 жылы пайдалануға берілген Шу теміржол вокзалының жалпы алаңы 7 мың шаршы метрден асып жығылады. Мұндағы 18 жолаққа тәулігіне 35 жолаушы және 100-ге жуық жүк пойызы аялдайды. Сондықтан, бұл вокзал халықаралық стандарттарға сай қайта жабдықталып отыр. Қазіргі таңда теміржол торабындағы құрылыс жұмыстары 95 пайызға аяқталған. Жөндеу жұмыстарына республикалық қазынадан 6 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінсе, нысан аумағын абаттандыруға жергілікті бюджеттен 525 миллион теңге қарастырылыпты.
Алғаш рет қайта жаңғыртудан өтіп, ел игілігіне берілген стратегиялық нысанның ашылуына облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының Жамбыл магистральды желі бөлімшесінің басшысы Асқар Жексембиев, аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержан Өмірәлиев, теміржол саласының ардагерлері мен жергілікті тұрғындар қатысты. Облыс әкімі өз сөзінде Шу қаласының еліміздің теміржол саласында өзіндік орны бар екенін атап өтіп, әйгілі «Мойынты – Шу» теміржолы іске қосылған күннен бері өңір экономикасы қарқынды дами бастағанын жеткізді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздегі теміржол вокзалдарын жаңғыртып, жолаушыларға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауды тапсырды. Бүгін Шу теміржол вокзалы жаңарған келбетінде халық игілігіне беріліп отыр. Бұл жоба – тұрғындар үшін қолайлы жағдай қалыптастырып, өңірдің көлік инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Шу қаласында 20-дан астам теміржол мекемесі шоғырланып, мыңнан астам теміржолшы еңбек етеді. Шу – болат жолмен тағдыры біте қайнасқан шаһар. Әйгілі «Шу – Мойынты» теміржол желісінің құрылысына қатысқан ардагерлер мен осы салада ұзақ жылдар бойы маңдай терін төккен теміржолшылар қаланың тарихын қалыптастырып, кейінгі ұрпаққа өнегелі жол қалдырды. Бүгінде экономиканың күретамырына айналған теміржол саласы елдің жүк және жолаушылар тасымалын үздіксіз қамтамасыз етіп келеді. Күн сайын жүздеген жүк пойызы мен жолаушылар пойызы қатынайтын бұл салада мыңдаған маман тынымсыз еңбек етуде. Жаңғыртылған теміржол вокзалының ашылуы құтты болсын! Ал жаңарған вокзал – жарқын болашаққа бастайтын жаңа қақпа болсын, – деген аймақ басшысы бірқатар азаматтарға Алғыс хат табыс етті.
Мұнан соң теміржол саласының ардагері Иманбай Құнанбаев ақ батасын беріп, әрбір жолаушыға ақ жол тіледі. Бұдан кейін мәртебелі меймандар теміржол бекетінің лентасын қиып, келушілер сәулетті ғимараттың ішін аралап көруге мүмкіндік алды. Айта кетейік, өңір аумағында бұған дейін Жуалы ауданындағы «Боранды» бекеті мен Т.Рысқұлов ауданындағы «Түрксіб» вокзалы жаңғыртудан өткен еді. Ал алдағы уақытта облыс орталығы – Тараз қаласындағы вокзал мен Қордай ауданындағы «Отар» вокзалы пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Ерғали Қартайған.