Ақпараттық портал

Аға буынға арналған ақ дастархан

Жыл сайын 1 қазан – Халықаралық қарттар күні ретінде аталып өтеді. Бұл атаулы күн 1990 жылғы 14 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен ресми түрде жарияланып, 1991 жылдан бері әлемнің көптеген елінде кеңінен мерекеленіп келеді. Осы күні елімізде ардагерлер мен қарияларға құрмет көрсетіліп, мерекелік концерттер, қайырымдылық шаралары ұйымдастырылып, ізгі ниетпен сый-сияпат жасалады. Халықаралық қарттар күні қарсаңында аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен аудан қарияларына құрмет көрсетілді. «Astana Hall» мейрамханасында ақ дастархан жайылып, аға буын өкілдеріне көтеріңкі көңіл күй сыйлайтын мерекелік шара ұйымдастырылды.

Кештің шымылдығын «Арнал» би ұжымы мың бұрала билеген әсем өнерімен ашып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Бұдан кейін өнерпаздар ән мен биден шашу шашып, мерекелік көңіл күйді одан әрі көтере түсті. Шара барысында аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев қарияларды мерекемен құттықтап, олардың ел өміріндегі орнына тоқталды. Сондай-ақ игі шараға демеушілік жасап, қарттарға құрмет көрсеткен азаматтарға алғысын білдірді. Атымтай жомарттық танытып, шараның өтуіне қолдау көрсеткен Мереке Бабалиева мен Сәкен Атаев аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Өз кезегінде марапат иелері де қазыналы қарттарға жүрекжарды тілектерін жеткізіп, ақ баталарын алуға ниет білдірді. Мерекелік басқосуда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержан Өмірәлиев те қарияларды атаулы күнмен құттықтап, демеушілерге ардагерлер атынан ризашылығын білдірді.
– Ғұмырын еңбекпен өріп, ұл мен қыз өсірген, бүгінде кейінгі ұрпаққа ғибрат көрсетіп отырған қариялар – халықтың қазынасы. Жыл сайын осындай кең дастархан басында бас қосып, жүздесіп отырғанымыздың өзі бір ғанибет. Жасы жетпісті алқымдаған ардагерлеріміз қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, елдің бірлігі мен берекесіне өз үлестерін қосып келеді. Баршаңызды мерекелеріңізбен құттықтаймын. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін, – деді Ержан Көрікбайұлы.
Жыл сайынғы жылы жүздесуде жезтаңдай әншілер әсем әндерін шырқап, тал шыбықтай бұралған бишілер мың бұрала би билеп, қарияларға көтеріңкі көңіл күй сыйлайды. Мереке иелері де қалыс қалмай, ортаға шығып ән айтып, би билеп, жастық шақтарын еске алды. Ақ дастархан басындағы ақжарма тілектер мен жарасымды әзіл-қалжыңға ұласқан басқосу қарияларға деген құрметтің, ізеттілік пен ізгіліктің жарқын көрінісіне айналды.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.