Ақпараттық портал

Балаға бөлінген уақыт – болашаққа салынған инвестиция

Адал азамат тәрбиелеу — баланың бойына кішкентайынан ар мен ұятты, мейірім мен жауапкершілікті сіңіруден басталады. Заң мен тәртіпті құрметтеу де отбасындағы өнегеден, үлкеннің ісі мен сөзінің үйлесімінен қалыптасады. Өзгенің құқығына құрметпен қарайтын, өз әрекетіне жауап бере алатын ұрпақ өсіру үшін мектеп пен отбасының ұстанымы, қоғамның талабы бір арнада тоғысуы қажет.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанның тірегі болатын жауапты әрі адал азаматтарды тәрбиелеу – бәріміздің ортақ міндетіміз» деп атап өткен болатын. Бұл сөз ұрпақ тәрбиесіне әрқайсымыздың қатысымыз бар екенін, баланың болашағына бейжай қарауға болмайтынын айқын аңғартады.
Осы ортақ міндеттің маңызын арқау еткен «Сенімен болашақ – сенімді болашақ» тақырыбындағы ата-аналармен кездесу М.Әуезов атындағы орта мектепте өтті. Кездесуге «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалының жетекшісі Дәурен Бағжанов пен Шу ауданы білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев қатысты. Басқосуда азаматтық жауапкершілік, қоғамдағы жанашырлық, жасөспірімдер арасында кездесетін өзекті мәселелер және олардың алдын алу жолдары кеңінен сөз болды.
Кездесуді жүргізген бөлім басшысы Жайдар Саттарқұлұлы білім беру ұйымдарының басты міндеттерінің бірі — баланың сапалы білім алуына, қауіпсіз ортада өсіп, саналы тұлға болып қалыптасуына жағдай жасау екенін атап өтті. Осы мақсатқа жетуде мектеп, ата-ана және оқушы арасындағы өзара сенім мен тұрақты байланыстың орны айрықша екеніне назар аударды. Өйткені баланың мектептегі көңіл күйі мен үйдегі ахуалы өзара сабақтас. Оның бойындағы өзгерісті дер кезінде аңғарып, қажет сәтте қолдау көрсету екі тараптың бірлескен әрекетін талап етеді.
Дәурен Орайұлы өз сөзінде зерттеу нәтижелеріне сүйене отырып, саналы ата-ана болудың маңызды қыры — сезімталдық екенін жеткізді. Баланың не қалайтынын, нені уайымдайтынын, қандай қолдауға мұқтаж екенін сезіне білу — сенімді қарым-қатынастың негізі. Кейде баланың айтқанынан гөрі айта алмай жүргенін аңғару маңызды. Ол үшін ата-ана тыңдауға уақыт тауып, түсінуге ықылас танытуы қажет.
Спикер бүгінгі қоғамда телефонға шамадан тыс назар аудару ата-ана мен бала арасындағы байланысты әлсіретіп отырғанына тоқталды. Бір шаңырақтың астында отырып, әркім өз экранына үңілгенде, бірге өткізген уақыттың өзі шынайы әңгімеге ұласа бермейді. Баланың жан дүниесіндегі алаңдаушылық, көңіліндегі күдік пен көкейіндегі сұрақ жауапсыз қалуы мүмкін. Дәурен Орайұлы осындай алшақтық түрлі келеңсіздіктерге жол ашуы ықтимал екенін айтып, баламен күнделікті сөйлесудің, оны кінәлауға асықпай тыңдаудың маңызын нақты мысалдармен түсіндірді.
Кездесуде ұлттық тәрбие мен отбасылық өнеге мәселесі де терең қозғалды. Ауданның бас ұстазы Жайдар Саттарқұлұлы Бауыржан Момышұлының үш қорқынышын еске алып, бесік жыры, ертегі және салт-дәстүр арқылы берілетін тәрбиенің әлсіреуіне қатысты алаңдаушылықтың бүгін де өзекті екенін айтты. Батырдың «Ұшқан ұя» шығармасындағы ұлағатты отбасылық тәрбиеге арқау ету қажеттігіне тоқталды. Үлкенге құрмет, кішіге ізет, сөзге тоқтау, аманатқа адалдық секілді қасиеттер бала санасына күнделікті өмірдегі өнеге арқылы орнығатынын жеткізді.
Осы орайда білім бөлімінің басшысы ата-аналарды «Кітап оқитын ұлт» марафонының «Кітап оқитын әулет» аталымына қатысуға, отбасымен кітап оқуды тұрақты дәстүрге айналдыруға шақырды. Бірге оқылған кітап ата-ана мен баланы ортақ әңгімеге жетелейді. Кейіпкердің әрекетін талқылау арқылы баланың көзқарасын танып, жақсылық пен жамандық, адалдық пен жауапкершілік туралы еркін пікірлесуге мүмкіндік туады. Ал үлкеннің қолынан кітап көріп өскен бала үшін оқу біртіндеп өмір салтына айналады.
Жиын соңында ата-аналар бала тәрбиесіне қатысты көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, нақты жауаптар мен пайдалы кеңестер алды. Өзара пікір алмасуға ұласқан кері байланыс барысында ұсыныстар айтылып, отбасы мен мектеп арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңызы атап өтілді. Тағылымды кездесу балаға көңіл бөлу, оның жан дүниесін түсіну мен сеніміне ие болу — жарқын болашаққа бастайтын маңызды қадам екенін ұғындырды.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.