ҚАРТТАРҒА ҚҰРМЕТ – ҰРПАҚҚА МІНДЕТ
Қариясы бар елдің қазынасы бар. Үлкенді құрметтеу, ақсақалдың батасын алу, ақ жаулықты әжелердің өнегесін тыңдау – халқымыздың ежелден қалыптасқан асыл дәстүрі. Осы құндылықтарды жас ұрпақтың бойына сіңіру мақсатында 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай Шу ауданында «Қарттарға – құрмет, ұрпаққа – міндет» атты тағылымды акция ұйымдастырылды.
Игі шараны Шу ауданындағы «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы мен Балалар-жасөспірімдер орталығы «Шу аудандық ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігімен бірлесе өткізді. Акцияға Т.Рысқұлов атындағы орта мектептің, М.Мақатаев атындағы тірек орта мектептің, С.Сейфуллин атындағы орта мектептің, Жібек жолы мектеп-лицейінің, Төле би атындағы орта мектептің аға тәлімгерлері мен белсенді оқушылары, сондай-ақ Балалар-жасөспірімдер орталығының тәрбиеленушілері қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – қарттарға құрмет көрсету ғана емес, ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, жас буынға үлкенді сыйлаудың, ізет көрсетудің, мейірімділік пен адамгершіліктің маңызын ұғындыру болды. Іс-шара барысында оқушылар ардагерлерге ерекше құрмет көрсетіп, ұлттық өнерімізді де дәріптеді. Домбыраның қоңыр үнімен күй шертіліп, ел тарихы мен өткенді арқау еткен әндер орындалды. Көркем сөздер оқылып, әсем ән-жырлар ардагерлерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Қазақтың «Батаменен ел көгерер» деген даналық сөзі осындай сәттерде өзінің терең мағынасын айқын аңғартады. Ардагерлер жас ұрпаққа өмірлік тәжірибелерінен сыр шертіп, ақыл-кеңестерін айтып, ізгі тілектерін білдірді. Ақ баталарын беріп, кейінгі буынға өнегелі сөздерін жеткізді. Өз кезегінде ардагерлер ұйымдастырушылар мен оқушыларға ризашылықтарын білдіріп, мұндай кездесулердің тәрбиелік мәні зор екенін атап өтті.
Шара соңында «Жас Ұлан» ұйымының аға тәлімгерлері мен белсенді оқушылары ардагерлерге естелік сыйлықтар табыстап, қазыналы қарияларға деген құрметтерін білдірді. Бұл акция бір күндік мерекелік шара ғана емес, үлкенді қадірлеу, кішіге ізет көрсету, ұлттық тәрбиені дәріптеу, мейірімділік пен қамқорлықты насихаттау бағытындағы маңызды, тағылымды кездесу болды. Бүгінгі жас – ертеңгі елдің тірегі. Ал оның бойындағы адамгершілік қасиеттердің қалыптасуында үлкеннің өнегесі мен батасының орны ерекше. Қариялардың жүріп өткен жолы – кейінгі ұрпаққа үлгі, айтқан ақылы – өмір мектебі.
Осындай тәрбиелік мәні зор кездесулер арқылы жас ұрпақ «Қарттарға – құрмет, ұрпаққа – міндет» деген ұлағатты ұстанымның мәнін терең түсініп, үлкенге құрмет көрсетудің адамдық парыз екенін сезінеді.
А.Насырхан,
«Жас Ұлан» ББЖҰ жұмысының үйлестірушісі.