Ақпараттық портал

Күмбірле, күйім, елімде!

Қазақ халқы — салт-дәстүрін қастерлеп, мәдениеті мен өнерін ұлықтаған, рухани мұрасын ұрпағына аманаттаған халық. Ұлттық болмысымызды танытатын музыкалық аспаптарымыздың ішінде қасиетті домбыраның орны ерекше. Қос ішектен төгілген қоңыр үн халқымыздың қуанышы мен мұңын, арманы мен аманатын ғасырлар бойы жеткізіп келеді. Осы киелі аспаптың құлағында ойнап, тыңдарманның құлақ құрышын қандырған дарабоз күйші, композитор Әбдімомын Желдібаевтың өнердегі өрнегі айрықша.

Өнер иесінің сырлы күйлері талай жүректі тербеп, көңілге шуақ сыйлады. Соның ішінде шоқтығы биік туындысы — «Ерке сылқым». Бұл күйдің әсем әуезінен қазақ қызының биязы мінезі мен әдемі жүрісі, ерке қылығы мен нәзік болмысы сезіледі. Күмбірлеген әрбір иірімі жүректегі аяулы сезімді оятып, жастық шақтың мөлдір сәттерін еске салады. Сырлы сезім мен шалқар шабыттан туған осынау жауһар шығарма ұлттық күй өнерінің қымбат қазынасына айналды.
Күй — көңіл түкпіріндегі терең толғаныстың, сөзбен жеткізе алмас сезімнің үні. Оның бойында сағыныш та, қуаныш та, арман мен аңсар да тоғысады. Шынайы шабыттан туған күй тыңдарманның жан дүниесін баурап, жүрегіне жол табады. Әбдімомын Желдібаевтың шығармалары да осындай әсерімен құнды. Ол домбыраның қос ішегіне тұтас бір сезім әлемін сыйғызып, қазақтың күй өнерін өзіндік қолтаңбасымен байытты.
Елін сүйіп, туған жерін әуезбен әлдилеген өнер иесінің мұрасы — халқымыздың рухани байлығы. Оның есімі күйлерімен бірге ұрпақ жадында жаңғырып, жүректерде сақтала бермек. Қасиетті домбыраның үні үзілмей, қазақтың төрінде күй күмбірлеген сайын, композитордың өнердегі ғұмыры да жалғаса береді.

Ж.Султанбаева,
Көктөбе ауылдық кітапханасының кітапханашысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.