Ақпараттық портал

Әлеуметтік желідегі сөзге абай болайық!

Бүгінгі заманда әлеуметтік желінің қоғамдағы орны ерекше. Жастардың кітапханаға барып, кітап ақтарып, бос уақытын кітаппен өткізуді ұмытып бара жатқаны — ащы да болса шындық. Балалардың тілі мен тәрбиесіне де әлеуметтік желінің ықпалы күшейді. Сондықтан көпшілік алдында, әсіресе әлеуметтік желіде бір нәрсе айтарда мың ойланып алғ

Бірде әлеуметтік желіден бір ақсақалдың ақыл айтып отырғанын көрдім. Оның сөзінше, қазақ қыздары тұрмысқа шыққанға дейін қызыл орамал тартып, тұрмысқа шыққан соң ақ орамал таққан екен. Қыздар тұрмысқа шыққанша «басым жалғыз» дегенді білдіріп, шашын бір өрім етіп, ал тұрмысқа шыққаннан кейін «басым екеу болды» деп екі өрім етіп өрген дейді. Қысқасы, «Бояушы, бояушы десе, сақалын бояпты» дегеннің керін келтіріп отыр.
Енді бірі қазақта «Қызға қырық үйден тыйым» деген сөз барын айтып, соның бір көрінісі қыздардың шолпысы деп тұрып алды. Айтуынша, аталарымыз қыздарының қайда жүргенін біліп отыру үшін шаштарына шолпы тағып, оның сылдыры арқылы қадағалаған екен. Неткен надандық?! Қазақ халқы қыздарын қонақтай ерекше қадірлеген. Суықта немесе қажет кезде болмаса, қыздарға орамал тағу шарт болмаған. Олар сәндеп тақия, бөрік киіп, шаштарын түрліше өріп, шолпы тағып жүрген. Соны біле ме екен әлгі кісілер?
Жақында тағы бір адам той үстінде әйелдерді «ұрғашылар» деп атап, олардың ерлерден бөлек отыруы тиіс екенін айтып, айды аспаннан бір-ақ шығарды. Қазақ халқы көшпелі өмір сүріп, дала мәдениетін ұстанған. Еркіндікті ең басты байлық санаған. Ешбір пендеге бас имеген, тіпті хандардың өзіне де өзгелер тәрізді тізерлеп бас ұрмаған. Ұрпақтан ұрпаққа жеткен «Халық қаласа, хан түйесін сояды» деген мақал осыған дәлел. Махамбеттің Жәңгір ханға, Бұқар жыраудың Абылай ханға айтқан сөздерін де еске алайық. Ислам дінін қабылдаған ел екенбіз деп, өзге мұсылман елдерінің мәдениетін қазаққа тықпалай бермей, ата-бабамыздың дәстүрін ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек.
Жасы жетпіске таяған адамның сөзін көп жастар шындық деп қабылдап жатыр. Кейбірі «Бұдан былай қонақ келгенде әйелдерге бөлек дастарқан дайындау керек» деп те жазыпты. Оралда бір азаматтың тойында әйелдер мен ерлердің бөлек залдарда отырғанын әлеуметтік желіде жарыса жазып, сүйіншілегендер де болды. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деген осы шығар. Әлгі ақсақал көпшілік алдында сөйлегенде өзге елдің салтын насихаттап отырғанын білмеді ме, әлде соқыр сенімнің жетегінде кетті ме — оны өз ары білсін. Ал ойланбай айтылған сөздің жастарға ықпал ететінін осы мысалдар көрсетіп отыр. Біздің қай бабамыз қонақ келгенде әйелдерге бөлек дастарқан жайып, арнайы киіз үй тіккен еді?
Қазақ әйелдері үйдің тіршілігіне, бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қараған. Бірақ басқа елдердегі кейбір салттардағыдай сыртқа жалғыз шықпай, бөлек бөлмеде қамалып отырмаған. Тарихта аты қалған Тұмар патшайымды айтпағанда, бертіндегі Бопай ханым ел басқару ісіне араласқан. Найза ұстап жауға шапқан Кенесары ханның қарындасы Бопай ханшаны қалай ұмытамыз? Халықтың құрметіне бөленген Ұлпан ананы, Шоқанның әжесі Айғанымды, Абайдың әжесі Зерені қай қазақ білмейді? Қазақ қыздарын еркін ойлы, намысты, арлы етіп тәрбиелемей, бөлек үйде қамап ұстаса, Әлия, Мәншүк, Хиуаз сынды батырлар шығар ма еді?!
Қазақ отбасында әйел мен еркек бір дастарқан басына жиналып, бірге тамақтанып, емен-жарқын әңгімелескен. Егер әйелдер мен ерлер әрдайым бөлек отырса, Біржан сал мен Сара қалай айтысар еді? Екеуі екі киіз үйде отырып айтысты ма? Дина анамыз да киіз үйдің ішінде тығылып күй тартып, халық оны сыртта тұрып тыңдады ма? Өзгенің салтын орынсыз тықпалап, ауызға келгенді айта бермей, ойланып сөйлеу қажет. Балалар тыңдап отырғанын, мұндай сөздің олардың тәрбиесіне әсер ететінін ұмытпайық. Әрине, кімнің аузына қақпақ боласың? Әлеуметтік желіде пікірін айтуға әркімнің құқығы бар. Сонымен бірге айтылған сөздің рас-өтірігін анықтауға да мүмкіндік мол. Қазақ қыздарының киімі, шолпы сияқты сәндік бұйымдары, қазақ әйелдерінің өмір салты туралы этнограф ғалымдардың еңбектері қолжетімді. Өкінішке қарай, көпшілік ізденіп оқығаннан гөрі жасы үлкен адам айтқан сөзді бірден дұрыс деп қабылдайды.
Мұндай түйткілдер мұнымен шектелмейді. Әр оқу жылы басталғанда қайта көтеріліп, мектеп басшылары мен ұстаздарды алаңдататын оқушы қыздардың хиджабы туралы мәселе де бар. Бұл тақырып әлеуметтік желіде талқыға түскенде, жастар да оған назар аударады. Сол тұста кейбір адамдар хиджаб тағуды қазақ қыздарының ежелден келе жатқан міндеті ретінде көрсетіп, оларды жаңылыстыруы мүмкін.
Менің ойымша, жастарды жаңсақ мәліметтен қорғау үшін Мәдениет және ақпарат министрлігі әлеуметтік желіде тараған, елді елең еткізген мәліметтердің шын-өтірігін дер кезінде түсіндіретін жұмысқа көңіл бөлуі керек. Мамандар дәйекке сүйенген, жастарға түсінікті әрі қызықты қысқа бейнероликтер әзірлеп, оларды әлеуметтік желіде жедел таратып отырса, көпшілікке пайдасы тиер ме еді?! Ал сіз не ойлайсыз, оқырман?
Бақытжан Бексултанов,
Төле би ауылының тұрғыны.ан жөн.

Leave A Reply

Your email address will not be published.