Құдайы ас – жарыс емес, сауап
Адам баласының өмірінде қуаныш пен қайғы қатар өріліп жатады. Қазақ халқы үшін осындай сәттерде дастарқан жайып, көпшіліктің басын қосу ежелден қалыптасқан ізгі дәстүрдің бірі. Бабаларымыз «Ас – адамның арқауы» деп, дастарқанның қадірін бағалай білген. Сонымен қатар әрбір жиынның астарында терең тәрбие, ізгілік, мейірім мен ғибрат жататынын да ұмытпаған. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда еліміздің әр өңірінде өткізілетін түрлі құдайы астарда қанағат пен қарапайымдылықтың орнын бәсекелестік пен астамшылық басып бара жатқандай. Бұл – қоғам болып ойлануды қажет ететін өзекті мәселе.
Белгілі исламтанушы профессор Мұхитдин Иса ғибратты бір оқиғаны мысалға келтіреді. Ақыретте бір адамның құлшылығы кемшін болса да, оның дәрежесінің жоғары болғанына айналасындағылар таңғалыпты. Мұның себебі – артында қалған ұрпақтарының үздіксіз жасаған дұғалары мен сауабы мол амалдары екен. Бұл оқиға ұрпақтың ата-анаға деген құрметі мен марқұмдарды еске алып, дұға бағыштаудың маңызын аңғартады.
Қазақ халқы да ата-баба рухына құрмет көрсетіп, марқұмның үш күндігін, жетісін, қырқын және жылдық асын өткізуді дәстүрге айналдырған. Мұндай жиындардың түпкі мақсаты – марқұмды еске алу, Құран бағыштау, дұға жасау, ағайынның басын қосып, бірлік пен татулықты нығайту. Ата-анасының рухына бағыштап садақа беріп, мұқтажға жәрдемдесу де – ізгі амалдардың бірі. Алайда бұл дәстүрлердің діни негізіне қатысты мәселелерді бағалағанда, халықтық ғұрып пен шариғат талаптарының ара-жігін ажыратып, сенімді діни деректерге сүйенген жөн.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы әзірлеген «Ас беру мәдениеті» нұсқаулығында да құдайы астың мәні мен оны өткізу әдебіне ерекше назар аударылады. Құдайы ас – марқұмдарды еске алып, дұға жасауға, елдің амандығы мен бірлігін тілеуге, ағайын-туыстың ынтымағын арттыруға арналған игі дәстүр. Халқымызда марқұмдарды еске алуға арналған астармен қатар, шүкіршілік асы, тілек асы және тарихи тұлғалардың өнегелі өмірін ұлықтауға арналған жиындар да бар. Мұндай басқосулардың қадірі олардың ауқымымен емес, ниеттің тазалығымен, айтылған дұғамен және жасалған қайырымдылықпен өлшенуге тиіс.
Алайда қазіргі қоғамда құдайы астың кейде мақтан мен даңғойлықтың алаңына айналып бара жатқаны жасырын емес. «Ағайыннан озамын», «жұрттан қалмайын», «елдің аузында жүрейін» деген жалған намысқа еріп, шамадан тыс шығынға ұрынатын жағдайлар кездеседі. Дастарқанды молынан жаюды абыройдың өлшеміне айналдыру – дәстүрдің шынайы мәнін бұрмалау. Ысырапшылдық ислам дінінің де, халқымыздың қанағат пен қарапайымдылықты ту еткен өмірлік ұстанымдарының да рухына қайшы.
Бабаларымыз ас беруді дүние-мүлікті көрсету жарысы деп түсінбеген. Олар үшін астың қадірі – тағамның молдығында емес, адалдықта, ниеттің тазалығында, елге тигізген пайдасында және дастарқан басында айтылған өнегелі сөзде. Адамның абыройы жұмсаған қаржысының көлемімен емес, айналасына жасаған жақсылығымен өлшенген. Ендеше, бүгінгі ұрпақ та осы тағылымнан алыстамауы керек.
Осы орайда халқымыздың ежелден келе жатқан сарқыт пен тәбәрік дәстүріне де тоқтала кеткен жөн. Сарқыт – дастарқандағы дәмнен үлес алып, үйдегі жақындармен бөлісу арқылы береке мен сыйластықты арттыратын дәстүр. Ал тәбәрік – жақсылықтың белгісі ретінде естелік не үлес беру ғұрпы. Бұл дәстүрлердің де өз әдебі бар. Жиын соңында тағамды таласа-тармаса жинап, мөлшерден тыс алып кетуге тырысу – дастарқан мәдениетіне сай келмейді. Сарқыт алу да, тәбәрік беру де әдеппен, өзара сыйластықпен жүзеге асуы қажет.
Қазіргі кезде кейбір жиындарда тағамды арнайы ыдыстарға салып, қонақтарға сыпайы үлестіру тәжірибесі кездеседі. Мұндай тәсіл астың ысырап болуына жол бермей, дастарқан басындағы тәртіпті сақтауға көмектеседі. Ең бастысы, әрбір қонақтың көңіліне қарап, ешкімді ыңғайсыз жағдайға қалдырмай, ұлттық дәстүрдің тәрбиелік мәнін жоғалтпау қажет.
ҚМДБ ұсынған «Ас беру мәдениеті» қағидаттарының мәні де – ысырапшылдыққа жол бермеу, дастарқан әдебін сақтау және ас берудің шынайы мақсатын ұмытпау. Қаржы мен азық-түлікті орынсыз шашу отбасының тұрмысына салмақ түсіріп қана қоймай, қоғамдағы жауапкершілік пен үнемшілдік мәдениетіне де кері әсер етеді. Сондықтан асқа жұмсалатын артық шығынды азайтып, оның бір бөлігін мұқтаж жандарға көмек көрсетуге, балалардың біліміне немесе қайырымдылыққа бағыттау – ізгіліктің жарқын көрінісі. Бұл – сауапты істің ауқымын арттырып, қоғамға нақты пайда әкелудің жолы.
Біз, ауыл ақсақалдары мен дін қызметкерлері, ел ішіндегі рухани тәрбие мен өнегенің қалыптасуына жауапкершілікпен қарауымыз керек. Үлкендер орынсыз бәсекеге тоқтау айтып, өзіміз қарапайымдылық пен қанағатты үлгі етсек, кейінгі буын да осы бағытта тәрбиеленеді. Ал астамшылыққа көз жұма қарасақ, жастар оны қалыпты дәстүр деп қабылдауы мүмкін. Сондықтан бұл мәселеде әрбір отбасы, ауыл ақсақалдары мен имамдар ортақ жауапкершілік танытуы қажет.
Құдайы астың сәні – дастарқанның молдығында немесе жұмсалған қаржының көптігінде емес, ниеттің тазалығында, дұғаның шынайылығында және елге тигізген пайдасында. Марқұмдарды еске алу рәсімдерін даңғазалыққа айналдырмай, ысыраптан сақтанып, ата дәстүрдің ізгі мәнін ұлықтау – баршамызға ортақ міндет. Құдайы асты жарысқа емес, сауапқа, мақтанға емес, мейірімге қызмет еткізейік. Сонда ғана ұлттық дәстүріміздің қадірі артып, қоғамдағы бірлік пен рухани құндылықтарымыз нығая түседі.
Шүкірәлі Бердібеков,
“Жиенбет-Жексенбай” мешітінің имамы,
“Егеменді ел патриоты”,
“Түркі халықтарының құрметті қайраткері”,
“Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін” төсбелгілерінің иегері.