Ақпараттық портал

Мемлекеттік тіл – ел бірлігінің негізі

Тіл – ұлттың рухани тірегі, ел бірлігін нығайтатын басты құндылық. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру және оның қолданыс аясын кеңейту – баршаға ортақ міндет. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Бүгінде оны үйренуге және күнделікті қарым-қатынаста қолдануға деген сұраныс артып келеді. Осы бағытта Шу аудандық тілдерді оқыту бөлімшесі жүйелі жұмыс жүргізіп, түрлі сала қызметкерлеріне мемлекеттік тілді меңгеруге мүмкіндік ұсынып отыр.
Бөлімшенің негізгі мақсаты – тыңдаушылардың қазақ тілінде еркін сөйлеп, өз ойын жеткізе алу дағдысын қалыптастыру. Сабақ барысында күнделікті қарым-қатынасқа қажетті сөздер мен сөз тіркестерін меңгеруге, сөйлеу дағдыларын дамытуға және мемлекеттік тілді тәжірибе жүзінде қолдануға басымдық беріледі. Биылғы жоспар бойынша 350 тыңдаушыны оқыту көзделген. Қазіргі таңда 307 тыңдаушы мемлекеттік тіл курстарымен қамтылды. Бөлімшеде 4 «Тілашар» тобы және А2, В2 деңгейлерін қоса алғанда, жалпы 6 топ білім алуда.
«Тілашар» курсы қазақ тілін жаңадан үйренушілерге арналған. Курста тыңдаушылар қарапайым сөздер мен сөз тіркестерін меңгеріп, күнделікті өмірде қолданылатын бастапқы тілдік дағдыларын қалыптастырады. А2 деңгейінде күнделікті тақырыптар бойынша қарым-қатынас жасау, сұрақ қойып, жауап беру және өз ойын қысқаша жеткізу дағдылары дамытылады. Ал В2 деңгейінде тыңдаушылардың өз пікірін еркін білдіру, күрделі тақырыптарды талқылау және кәсіби ортада қазақ тілін қолдану қабілеттері жетілдіріледі.
Қазіргі таңда тіл үйрету үдерісі де заман талабына сай дамып келеді. Сабақ барысында заманауи әдіс-тәсілдер мен цифрлық мүмкіндіктерді пайдалану тыңдаушылардың қызығушылығын арттырып, білімді тәжірибемен ұштастыруға жол ашады. Мемлекеттік тілді меңгеру тек оқу курсымен шектелмеуі керек. Тілді күнделікті өмірде, жұмыс орнында және қоғамдық ортада қолдану арқылы оның қолданыс аясын кеңейтуге болады. Қазақ тілінде сөйлесуге деген сенімді қалыптастыру мен тіл үйренуге қолайлы орта құру – осы бағыттағы маңызды міндеттердің бірі
Шу өңірі – түрлі ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқан берекелі мекен. Осындай ортада мемлекеттік тілдің біріктіруші ретіндегі маңызы ерекше. Қазақ тілін меңгеру әр азаматтың қоғамдық өмірге белсенді араласуына және ортақ мәдени кеңістіктің қалыптасуына ықпал етеді.Шу аудандық тілдерді оқыту бөлімшесі алдағы уақытта да мемлекеттік тілді үйренуге ниетті азаматтарды қолдап, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту бағытындағы жұмыстарын жалғастыра береді.
Мемлекеттік тілге құрмет – елге құрмет. Қазақ тілін үйрену, оны күнделікті өмірде қолдану және келер ұрпаққа жеткізу – бәріміздің ортақ жауапкершілігіміз.
Алтынай Алтынбекқызы,
Шу аудандық тілдерді оқыту бөлімшесінің меңгерушісі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.