Ақпараттық портал

Кітаппен қанаттанған жас ұрпақ

Қазіргі таңда елімізде кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға, қоғамның рухани әлеуетін арттыруға және жас ұрпақтың зияткерлік дамуына серпін беруге бағытталған түрлі бастамалар жүзеге асырылып келеді. Соның ішіндегі «Кітап оқитын ұлт» идеясы – білім мен парасатты, рухани құндылықтар мен ұлттық тәрбиені ұштастыратын маңызды бағыттардың бірі. Өйткені кітапқа жақын қоғамның ойы озық, танымы терең, болашаққа бағдары айқын болмақ. Бұл игі үрдіс біздің ауданда да өз жалғасын тауып, кітапқа құштар жандардың қатары артып келеді. Әсіресе, мектеп жасындағы балалардың көркем әдебиетке қызығушылық танытып, түрлі шығармаларды оқып, одан алған әсерлерімен бөлісуі көңіл қуантады. Жас оқырмандардың оқыған кітаптары туралы пікір жазып, кейіпкерлердің іс-әрекетіне баға беріп, шығарманың негізгі ойын өзінше пайымдауы – олардың оқырмандық мәдениеті қалыптасып келе жатқанының айқын белгісі десек, бұл, бір жағынан, балалардың сөздік қоры мен ойлау қабілетін дамытады, екінші жағынан, өз пікірін еркін жеткізіп, өмірлік құндылықтарды тереңірек түсінуіне жол ашады.

Оқушылардың оқыған шығармалары туралы жазған пікірлері де осының дәлелі. Әр баланың кітаптан түйген ойы, кейіпкерлерге берген бағасы мен шығармаға қатысты тұжырымы оның өзіндік көзқарасын танытады. Бірі батырлық пен отансүйгіштікті үлгі етсе, енді бірі достық пен мейірімділікті алға тартады. Ал кейбірі шығармадағы оқиғаларды өмірмен байланыстырып, өзіне сабақ боларлық ой түйеді.
Осы орайда біз оқушылардың өздері оқыған шығармалары туралы жазған пікірлеріне назар аударғымыз келеді. Бұл пікірлерден жас оқырманның нені бағалайтынын, қандай кейіпкерлерден үлгі алатынын, қандай ойларға толғанатынын аңғаруға болады.
Ендеше, кітапты серік еткен жас ұрпақтың ой-толғамдарына кезек берейік. Бәлкім, олардың оқыған шығармалары туралы пікірлері басқа балалардың да кітапқа деген қызығушылығын оятып, жаңа бір туындыны қолға алуға түрткі болар. Өйткені кітап оқуға шақырудың ең әсерлі жолы кітаптың адам өміріне сыйлайтын байлығын көрсету. Ал кітаппен дос болған ұрпақтың арманы асқақ, танымы терең, келешегі кемел болмақ.

Айару Санақ,
Оқушылар сарайының «Жас тілші»
үйірмесінің оқушысы:

«Қаныштың жастық шағы» шығармасына талдау
Мен Төкен Оразовтың Қаныш Сәтбаевтың өмір жолы туралы шығармаларын оқи отырып, ұлы ғалымның жастайынан білімге құштар, елін сүйетін, халқына көмектесуге тырысқан азамат болғанын түсіндім. Шығармада Қаныштың Баянауылға келген кезі туралы айтылады. Ол ауылда мектептің жоқ екенін көріп, балалардың білім алуына жағдай жасауды ойлайды. Өзінің бастамасымен медресе ғимаратын мектепке айналдырады. Мектепке парта мен тақта жетіспеген кезде ауыл адамдарынан көмек сұрайды. Ер адамдар парта жасаса, әйелдер мектептің ішін тазалап, әктейді. Маған осы оқиға ерекше әсер етті. Себебі Қаныш жас болса да, адамдарды бір мақсатқа біріктіре алған. Шығармадағы тағы бір қызықты оқиға мектепке қасқырдың кіріп кетуі. Осындай күтпеген жағдайда Қаныш қорқып немесе абдырап қалмай, балаларды қорғауға тырысады. Осы оқиғадан оның батыл әрі сабырлы болғанын байқадым. Менің ойымша, нағыз азамат қиын жағдайда өзін ұстай білуі керек. Қаныш Сәтбаев халыққа көмектесуді де маңызды санаған. Ол халық соты және ревком мүшесі болып қызмет атқарып жүрген кезінде «Мойынсерік» ұйымын құрады. Кедей адамдарға егін егуге көмектеседі. Халықтың тұрмысын жақсартуға тырысады.
Маған Қаныштың студент кезіндегі өмірі де ұнады. Ол Томск технологиялық институтында оқып жүргенде бос уақытын демалысқа арнамай, ұстазы Михаил Усовпен бірге зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Баянауылдың табиғатын, жерінің құрылысын зерттейді. Сонымен қатар көне ескерткіштер мен ата-баба мұраларына қызығады. Осыдан оның білімге деген қызығушылығы өте жоғары болғанын түсіндім. Мен бұл шығармадан Қаныш Сәтбаевтың еңбектің, білімнің және елге қызмет етудің үлгісі болғанын байқадым. Ол кезде қазіргі кездегідей барлық мүмкіндік болмаған. Мектепке қажетті құралдар да аз болған. Бірақ Қаныш қиындыққа қарамай, өзі бастама көтеріп, балалардың білім алуына жағдай жасаған.
Жалпы бұл шығарма маған үлкен ой салды. Қазіргі кезде бізде оқу үшін барлық жағдай қарастырылған. Мектептер, кітаптар, интернет, түрлі білім беру мүмкіндіктері бар. Сондықтан біз осы мүмкіндіктерді дұрыс пайдалануымыз керек деп ойлаймын. Қаныш Сәтбаев сияқты білімге ұмтылып, өз елімізге пайдалы адам болуға тырысуымыз қажет. Бұл шығарманы оқу арқылы мен Қаныш Сәтбаевты тереңірек тани түстім. Ол халқын ойлаған, білімді, еңбекқор және батыл тұлға. Оның өмір жолы маған «адамға үлкен болу үшін алдымен жақсы азамат болу керек» деген ойды түсіндірді.
Қорыта айтқанда, «Қаныштың жастық шағы» шығармасы маған өте ұнады. Бұл кітаптан мен білімнің маңызын, еңбекқор болуды, қиындықтан қорықпауды және елге пайда келтіруді үйрендім. Менің ойымша, Қаныш Сәтбаевтың өмірі әрбір оқушыға үлгі бола алады.

«Жасампаз жасөспірімнің жеті дағдысы» кітабына талдау
Менің оқыған екінші кітабым «Жасампаз жасөспірімнің жеті дағдысы» шығармасы. Кітаптың авторы – Шон Ковид. Кітап жасөспірімдерге арналған және онда біздің күнделікті өмірімізде кездесетін жағдайлар, достармен қарым-қатынас, ата-анамен түсінісу, сабақ оқу, өзімізге деген сенім және болашақ туралы ойлар жазылған. Маған кітаптың ұнаған себебі бізге берілетін ақылды жасөспірімнің басынан өтетін жағдайлар арқылы түсіндіреді. Кейбір жерлерін оқығанда, «Менде де осындай жағдай болған» деп ойлап оқыдым. Кітаптағы ең маңызды ойлардың бірі, адам өз өміріне өзі жауапты болуы керек деген түсінік. Кейде біз бір нәрсе дұрыс болмай қалса, оған басқа адамды кінәлаймыз. Мысалы, сабақтан нашар баға алсақ, мұғалім қиын сұрақ қойды немесе тапсырма көп болды деп ақталуымыз мүмкін. Бірақ мен осы кітапты оқу арқылы біреуге кінә артпас бұрын алдымен өз ісімізге қарау керектігін үйрендім. Кітаптың бірінші дағдысы белсенді болуға үйретеді. Мен бұл дағдыны «әр нәрсені күтіп отырмай, өзің әрекет ету» деп түсіндім. Мысалы, сабаққа дайындалу керек болса, анамыздың немесе мұғалімнің қайта-қайта айтуын күтпей, өзіміз дайындалуымыз қажет. Бұл оңай емес. Кейде ерінеміз, телефон ойнағымыз келеді немесе достарымызбен уақыт өткізгіміз келеді. Бірақ өзімізді қолға ала білсек, көп нәрсеге қол жеткізуге болады. Екінші дағдыда алдымен мақсатты анықтауға шақырады. Маған осы бөлім ерекше ұнады. Себебі адам қайда бара жатқанын білмесе, не үшін әрекет жасап жүргенін түсінбеуі мүмкін. Мысалы, мен болашақта қандай маман болғым келетінін ойласам, сол мамандыққа керек білімдерді қазірден бастап үйренуім керек. Яғни, үлкен мақсат бірден орындалмайды, оған кішкентай қадамдар арқылы жетуге болады. Үшінші дағдыда маңызды нәрсені бірінші орындауға үндейді. Бұл дағды уақытты дұрыс пайдалануға үйретеді. Кейде сабақ оқитын кезде телефонға қарап кетеміз. «Бес минут қана қараймын» деп ойлаймыз, бірақ жарты сағат өтіп кеткенін байқамай қаламыз. Сондықтан бірінші маңызды жұмысты орындап алып, содан кейін демалған дұрыс деп ойлаймын.
Кітаптағы тағы бір маңызды ой – «ұттым – ұттың» деген түсінік. Яғни бір нәрсені өзің ғана емес, басқа адам да ұтатын жолмен шешуге тырысу керек. Мысалы, екі дос бір ойыншыққа немесе бір орынға таласып қалса, біреуі ғана жеңіп, екіншісі ренжіп қалмауы керек. Екеуіне де тиімді шешім табуға болады.
Келесі дағдылардың бірі – алдымен түсінуге тырысу, содан кейін өзіңді түсіндіру. Бұл маған өте маңызды болып көрінді. Себебі адамдар кейде бір-бірін тыңдамай, бірден өз ойын айтқысы келеді. Мысалы, досым маған бір нәрсесін айтып тұрса, оның сөзін бөлмей тыңдауым керек. Оның неге ренжігенін немесе неге қуанып тұрғанын түсінуге тырысқаным дұрыс. Сонда адамдар бір-бірімен жақсырақ тіл табысады.
Кітапта адамдардың бір-бірінен айырмашылығы туралы да айтылады. Әр адамның мінезі, ойы, қабілеті әртүрлі. Біреу жақсы сурет салады, біреу спортқа мықты, ал біреу есеп шығаруды жақсы көреді. Сондықтан өзімізді басқа адаммен үнемі салыстыра беру дұрыс емес. Әр адамның өзінің жақсы жағы бар. Мен осы оймен келісемін.
Кітаптағы соңғы дағды – өзіңді жаңартып отыру. Адам сабақ оқудан бөлек, демалып, спортпен айналысып, кітап оқып, өзіне пайдалы істермен айналысуы керек. Егер адам қатты шаршаса, еш нәрсеге көңілі болмайды. Сондықтан оқу мен демалысты бірге алып жүру қажет екенін түсіндім.
Менің ойымша, бұл кітапты бірнеше рет оқып шығу қажет секілді. Себебі кейбір кеңестерді күнделікті өмірде қолдана жүру өте тиімді. Әрине, барлық дағдыны бірден орындау қиын. Кейде ашуланамыз, ерінеміз, уақытымызды дұрыс пайдаланбай қаламыз. Бірақ қателескен сайын өзімізге сабақ алып, келесі жолы дұрысырақ жасауға болады. Сондайда бұл кітап бізге көмекші бола алады.

Айша Аязбай,
М.Әуезов атындағы орта мектептің
5 сынып оқушысы

«Қажымұқан» кітабына талдау
Мен Қалмұқан Әбдіқадіровтың «Қажымұқан» кітабын оқып шықтым. Бұл кітапта Мұқан деген жетім баланың өмірі мен оның мықты, қайсар азамат болып қалыптасуы туралы айтылады. Маған кітаптың ең қызықты жері Мұқанның қиындықтарға мойымай, өз мақсатына жетуге тырысқаны болды. Мұқан кішкентайынан еңбекке жақын, сабырлы және төзімді болып өседі. Ол кездескен қиындықтардың бәрін сабырлықпен қабылдауды үйренеді. Кейін өзінің мықтылығының арқасында елге танылып, көптеген жарыстарға қатысады. Жарыстарда жеңіске жетіп, өзінің күшін бүкіл елге көрсетеді. Сонымен қатар ол барған жерлерінде көптеген достар тауып, адамдардың құрметіне ие болады.
Мұқанның жеке өмірінде де қиындықтар аз болмайды. Оның өзі жақсы көрген жары өкінішке қарай ауырып, дүниеден өтеді. Бұл жағдай Мұқанға қатты әсер етеді. Ол қатты қайғырады. Бірақ өмірдің қиындықтарына қарамастан, Мұқан алға қарай ұмтыла береді. Кейін ол екінші әйел алады. Оның жары Мұқанға екі ұл сыйлайды. Бірде Мұқан циркте жүрген кезінде екінші әйелі дүниеден өтетінін естіп, қатты қиналады. Ол әйелінің аманатын орындап, оны қазақтың дәстүрімен жерлеп, балаларын оқуға береді. Маған Мұқанның осындай қиындықтарға қарамастан өмірін жалғастырып, күресін тоқтатпағаны ұнады. Ол өз армандарынан бас тартпай, алға қарай ұмтыла білді. Оның өмірінен адам қандай қиын жағдайға тап болса да, берілмеу керек екенін түсіндім.
Бұл кітапты оқығаннан кейін менің Қажымұқан атамызға деген құрметім одан сайын артты. Ол қиындыққа төзімді, қайсар, еңбекқор және өз мақсатына берік адам болған. Менің ойымша, әр адам Қажымұқаннан үлгі алуы керек. Кітапты оқып отырып, мен өзіме де сабақ алдым. Кейде бір нәрсені істей алмаймын деп ойлап, тез бас тартып қалатын кездерім болады. Ал Мұқанның өмірін оқығаннан кейін қандай қиындық болса да, шыдамдылық танытып, еңбектену керек екенін түсіндім. Бұл кітап маған өзіме деген сенімімді арттыруға көмектесті. Сондықтан «Қажымұқан» кітабы мен үшін тәрбиелік мәні бар, қызықты шығарма болды.

Оралхан Бөкейдің «Мұзтау» шығармасына талдау
Менің оқыған келесі кітабым Оралхан Бөкейдің «Мұзтау» шығармасы. Бұл шығарманы оқи отырып, ауыл адамдарының қиын өмірі туралы көп нәрсе түсіндім. Шығармада адамдардың тұрмысы оңай болмағаны, ауылда аштық пен қиындықтың болғаны суреттеледі. Қалың қар, суық дала, ауыр тұрмыс адамдардың өмірін одан сайын қиындата түскен. Маған шығармадағы Ақтанның бейнесі ерекше әсер етті. Ақтан – әкесіз өсіп келе жатқан, анасының тәрбиесін көрген бала. Ол күн сайын тауға, орманға кетіп, табиғатпен жақын өмір сүреді. Анасы баласының болашағын ойлап, оған алаңдайды. Кейде ұрысса да, оның баласына деген қамқорлығы байқалады. Менің ойымша, ананың баласына ұрысуының өзі оның баласын жақсы көретінін көрсетеді. Шығармада балалардың да қиын жағдайда өмір сүргені көрінеді. Олар ойнап-күліп жүргенімен, аштық пен жоқшылықты бастан кешіреді. Балалардың қарапайым өмірі арқылы сол заманның ауыртпалығын сезінуге болады. Бұл маған қазіргі өміріміздің қадірін түсінуге көмектесті. Мен бұл шығарманы оқи отырып, қазіргі заманымызды қадірлей білу керек деген ойға келдім. Қазір біз жылы үйде тұрамыз, мектепке барамыз, білім аламыз, тамақ ішеміз. Ал шығармадағы адамдардың осындай қарапайым нәрселерге де қолы жете бермеген. Сондықтан ата-анамыздың еңбегін бағалап, бар нәрсенің қадірін білуіміз керек деп ойлаймын.
«Мұзтау» шығармасынан мен адамның қандай қиындық болса да өмір үшін күресе білуі керек екенін түсіндім. Сонымен бірге ата-ананы сыйлау, туған жерді қадірлеу және қиын заманда өмір сүрген адамдардың тағдырын ұмытпау керектігін ұғындым.
Жалпы, «Мұзтау» – мені ойландырған шығарма. Оны оқығаннан кейін қазіргі бейбіт өмірдің, ата-анамыздың жанымызда болуының және білім алуға мүмкіндігіміздің қаншалықты маңызды екенін түсіндім. Менің ойымша, бұл шығарманы оқыған әрбір бала өз өмірінің қадірін түсініп, ата-анасына көбірек құрмет көрсетуі керек.
Дайындаған Балнұр Жексенбекқызы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.