Ақпараттық портал

Жаңа тарихи кезеңдегі қазақстан

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауы – еліміздің алдағы даму бағдарын айқындап, қоғамның барлық саласына ортақ маңызды міндеттерді белгілеген стратегиялық құжат. Жолдаудың мазмұнымен таныса отырып, еліміздің болашағы, жас ұрпақтың келешегі және қоғамның тұрақты дамуы жолында атқарылуы тиіс жұмыстардың ауқымды екенін аңғаруға болады.

Президент өз Жолдауында Қазақстанның жаңа тарихи кезеңге қадам басқанын атап өтіп, елдің экономикалық қуатын арттыру, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, заманауи инфрақұрылым қалыптастыру және технологиялық даму бағыттарына басымдық берді.
Жолдауда ерекше назар аударған мәселелердің бірі – инфрақұрылымды дамыту және әлеуметтік нысандарды жаңғырту. Атап айтқанда, мектептер, ауруханалар, спорт кешендері, кітапханалар, шығармашылық орталықтар мен мәдениет ошақтарын салу және жөндеу жөніндегі бастамалар халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған. Әсіресе, ауылдық жерлердегі әлеуметтік нысандардың жағдайын жақсарту өте өзекті мәселе. Өйткені ауыл баласының да қала баласымен бірдей сапалы білім алуға, спортпен шұғылдануға, шығармашылық қабілетін дамытуға мүмкіндігі болуы керек. Әрбір өңірдің дамуы елдің жалпы өркендеуіне тікелей әсер етеді.
Жолдауда білім беру мен адами капиталды дамытуға қатысты айтылған ойлардың маңызы ерекше. Бүгінгі таңда білімді, ізденімпаз, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу мемлекет алдындағы басты міндеттердің бірі. Қазіргі білім беру жүйесі оның шығармашылық қабілетін, сыни ойлауын, көшбасшылық қасиетін және өмірлік дағдыларын қалыптастыруы тиіс. Оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың өнерге, спортқа, ғылымға және техникаға деген қызығушылығын арттыру болашақ тұлғаның қалыптасуына жасалған маңызды инвестиция. Әрбір баланың бойындағы талантты танып, оны дамытуға жағдай жасауымыз қажет.
Сонымен қатар Президенттің цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытуға қатысты тапсырмалары да қазіргі заманның маңызды талабы деп білемін. Қазір технология күн сайын жаңарып, жасанды интеллект адам өмірінің көптеген саласына еніп келеді. Сондықтан жас ұрпақтың цифрлық сауаттылығын арттыру, жаңа технологияларды тиімді әрі қауіпсіз пайдалануды үйрету – білім беру саласының маңызды бағыттарының бірі. Бұл ретте ұстаздар мен педагогтердің де кәсіби білімін жетілдіріп, жаңа технологияларды меңгеруі қажет. Өйткені заман өзгерген сайын білім беру тәсілдері де жаңарып отыруы тиіс.
Жолдауда энергетикалық қауіпсіздік, отандық өндірісті дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, ауыл шаруашылығының әлеуетін арттыру және көлік-логистика саласын жетілдіру мәселелерінің қамтылуы да құптарлық. Экономикасы мықты, өндірісі дамыған, инфрақұрылымы жаңарған мемлекет қана азаматтарына тұрақты өмір сүру жағдайын жасай алады. Әсіресе, ауыл шаруашылығына заманауи технологияларды енгізу, су ресурстарын тиімді пайдалану және отандық өнім өндірісін арттыру еліміздің экономикалық тәуелсіздігін нығайтуға ықпал етеді.
Әлеуметтік салаға қатысты бастамалар да халық үшін маңызды. Себебі кез келген реформаның түпкі нәтижесі қарапайым азаматтардың күнделікті өмірінен көрінуі керек. Халықтың табысын арттыру, денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру, әлеуметтік қолдауды күшейту және жаңа жұмыс орындарын ашу – қоғамның тұрақтылығы мен әл-ауқатының негізі.
Біз, білім беру және тәрбие саласының өкілдері, осы міндеттерді жүзеге асыруға өз үлесімізді қосуымыз керек. Өйткені ел болашағы – бүгінгі тәрбиеленіп жатқан жас ұрпақтың қолында. Олардың бойына отансүйгіштік, еңбекқорлық, адалдық, білімге құштарлық және жауапкершілік қасиеттерін сіңіру – баршамызға ортақ міндет.

Махаббат СҰЛТАНОВА,
М.Мақатаев атындағы тірек орта мектебінің директоры.

Жауап қалдыру

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.