ТАҒЛЫМЫ МОЛ ТҰЛҒА
Үлкенде, кіші де көріп жүретін, әсіресе спорт сүйер қауым барып тұратын Төле би ауылындағы орталық стадион Сары Хасенов есімімен аталады. Өйткені 2010 жылғы күзде Шу ауданының құрылғанына 80 жыл толу құрметіне байланысты аудан жұртшылығы мен спорт жанашырлары қызу қолдап осындай ұтымды ұйғарым жасаған болатын. Қазіргі аға ұрпақ өкілдері Сары Хасеновтың қандай қызмет атқарғандығын, елге сіңірген еңбектерін жақсы біледі. Ал бүгінгі өскелең ұрпақ тағлымы мол тұлғаны жан- жақты тани берсін деген ниетпен қолыма қалам алдым. Осындайда ең әуелі ардақ тұтқан ағаның жүріп өткен тағдыр жолы еске түседі. Бұдан 100 жыл бұрын дүниеге келген Сары Хасенұлының балғын шағы, жастық дәурені көңілдегідей болған жоқ. Ол дүниеге келе сала ашаршылық азабын тартып жүрген қазақ отбасында ғұмыр кеше бастайды. Әке шешесі Хасен мен Рысбала дүниеге 13 нәресте әкелсе де, балалары әртүрлі ауруларға шалдығып тұрақтамаған көрінеді. Ерлі-зайыптылар артымызда тұқым қалмай ма деп ойлағанда, өздерін қоярға жер таппайды. Жаратқанға күндіз түні жалынып, көз жастарын көлдетіп жүргенде осы Сары жалғыз тұяқ болса да аман қалады. Әкесі Хасен оның он үш жасында дүние салған. Жалғыз анасының арқасында ер жеткен Сары Хасенұлы сұрапыл соғыс алдындағы ашаршылықтың азабын тартады. Туған ауылы қазіргі Жиенбет Шу өзеніне қол созым жерде орналасқандықтан басқа балалармен бірге балық аулап, өлместің күнін көреді. Үлкендерге ілесіп құстарға тұзақ салады, аңдарға қақпан құрады. Мұның бәрі айтуға оңай болғанымен Сарының жастайынан жоқшылыққа шыдап, қиындыққа төзіп өсуіне ықпал етеді. Ең бастысы, ол айрықша бөлек, анасының қас-қабағын бағып, айтқан тілін алып, зерек те зейінді бала болып қалыптасады.
Кім білсін ауылдағы тіршілік тынысы бір арнамен жосыла беретін бе еді, 1941 жылғы жаз айында ойламаған жерден Ұлы Отан соғысы басталып кетті. Суық хабар қалай жедел тараса, алыстағы ауылдардан да отан қорғаушыларды әскерилер қатарына шақыру да солай шұғыл қолға алынды. Соғыс басталған жылғы күзге қарай он тоғыз жасқа толған Сары Хасеновке де шақыру қағазы жеткен еді. Мұны естіген анасы Рысбала біреу төбесінен суық су құйып жібергендей, тал бойы діріл қағып, буын-буыны босаңси берді. Көзі қарауытып, басы айнала бастады. Оңашада: «Құдай-ау жалғызымнан айырылып қалсам, не істеймін?! Баламды әскерге жібермейтіндей қолымнан не келеді…» деп іштей күйзеліске түсті. Бірақ ана жүрегі ашу-ызасын сабырға жеңдіріп, баласының көзінше өжет те, өткір ана ретінде көрінуге күш салды. Бәлкім содан болар, Сарыны аудандық әскери комиссариятқа шығарып салып тұрғанда былай дегені бар:
-Қарағым Сары, ат жалынын тартып мінер шағыңда отанымызға жау тиіп, батыстағы ел-жұртты қырып-жойып жатқан сияқты. Саған айтарым әкеңнен қалған жалғыз торы биені мініп кет…
-Анашым-ау жалғыз атты мен мініп кетсем, сіз қалай күн көресіз?
-Шырағым, мен ел ішіндемін, елмен бірге не көрсемде көнемін. Бұл атты аудандық әскери комиссардың қолына тапсыр. Біздің түтіннің майданға берген көмегі болып саналсын. Маған ат керек емес, сенің аман-есен ауылға оралғаның керек….
-Жан ана, қандай күшті адам едіңіз. Мен аман-есен оралып, өзіңізді шаттыққа бөлейтін боламын. Ауырып қалмаңыз, күтініп жүріңіз…
Ана мен баланың бір-біріне деген құштарлық сезімі осылайша тау суындай тасқындай түскен еді. Жас сарбаз әскери арнайы жаттығулардан өткеннен кейін жау шебінде қалған қалаларды, ауылдарды азат етуге қаруластарымен бірге бел буды. Сталинградты азат етуге бағытталған сұрапыл соғысқа қатысып, әскери тапсырмаларды адал орындап бақты. Бұдан кейін Курск шайқасында да жауынгерлік атақ-абыройын жоғары ұстады. Орлов майданында да жауды жайратуға, ел намысын қорғауға аянған жоқ. Қысқасы сұрапыл соғысқа бастан-аяқ қатысып, жарақат алған кездері де болды. Бірақ ол қатарынан қалған емес. Ұлы жеңісті лайықты қарсы алып, өр кеудесін бірнеше жауынгерлік наградалар көмкерді. Атап айтқанда, «Қызыл Жұлдыз», «I-II дәрежелі Ұлы Отан соғысы» ордендерімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды.
Сары Хасенұлы 1946 жылы туып-өскен ауылына аман-есен оралғанда анасы Рысбала қайтыс болып кеткен еді. Соғыстың кесірінен анасынан көз жазып қалған балаң жігіт іштей аза тұтқанмен, соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіруге елмен бірге білек сыбанып кірісті. Алматыдағы педогогикалық институттың сырттай бөліміне оқуға түскен соң, ауылдағы бастауыш мектепке мұғалім болып орналасты. Ауыл балаларына саналы тәрбие, сапалы білім беруге барынша күш салды. Соның арқасында араға бірнеше жыл салып, сол бастауыш мектептің жетекшілігіне тағайындалды. Жастайынан жетімдік пен жоқшылықты көріп, ержеткенде адам айтса нанғысыз соғысты көріп өскендіктен, өз болашағына бей-жай қарай алмады. Болашағын көбірек ойлады. Алға басқан қадамын аңдып басты. Жоғарыдан келген тапсырмаларды тиянақты орындап, өз міндетіне үлкен жауапкершілікпен қарады.
Сары Хасенұлының білімі аяқталмаған жоғары болсада Шу аутпаркомына қызметке шақырылды. Ол бұдан кейін де бірнеше жауапты жұмыстардың ортасында жүріп, өзінің Отаншылдығын, мемлекетшіл екендігін таныта білді. Біздің ауданда ауылшаруашылық саласы жетекші сала болғандықтан, Шымкенттегі болашақ басшылар дайындайтын арнайы техникумды да тәмамдады.
Тарих тереңіне көз салсақ, 1954 жылы қазақ елінде тың және тыңайған жерлерді игеру қызу қарқын ала бастаған. Сол тұста ауданымызға тың игеру саясатымен екі шаруашылық «Далақайнар» және «Шоқпар» кеңшарлары өз алдына отау көтерген. Алғашқы кездері жаңа совхоздарды басқару басқа ұлт өкілдеріне бұйырған. Оларға тың игерсең болды, егіс көлемін арттырсаң болды деген бағытта мемлекет тарапынан қыруар қаржы бөлініп, қажетті көмектер көрсетілген. Сары Хасенұлы Далақайнар совхозына 1963 жылы директор болып тағайындалады. Бұл ұлты қазақ алғашқы директор болған. Қылыштай өткір қырық жастың қырқасына бет алған жас басшы шаруашылық жұмысын ұтымды ұйымдастыруға бар күш-жігері мен білімін жұмсап бақты. Әсіресе совхоз жұмысшыларына әлеуметтік, тұрмыстық көмек көрсетуде аянып қалған жоқ. Соның нәтижесінде еңбек өнімділігі әр салада арта түсіп, бұрынғыдай емес шаруашылық жыл қорытындысымен жақсы нәтижеге қол жеткізе білді. Атап айтқанда, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының аяғына таман шаруашылықтағы егіс көлемі отыз мың гектарға жеткен болатын. Осыншама егістік жердің әр гектарынан орта есеппен 12-14 центнерден алтын дән жиналып, отан қоймасына екі жыл қатарынан миллион пұттап, астық тапсырылды. Сондай-ақ Сары Хасенұлы осы совхозды он төрт жыл бойы баянды басқара білді. Далақайнардың даңқы артып, абыройы аудан мен облыстан асты. Сол кезеңдерде Сарының есімі де басшы ретінде көпке мәлім болды. Ол Жапар Түйебеков, Сәду Шәкіров, Оразалы Ақботаев, Сәтімбек Төлешов, Әпжапар Досымбаев және тағы басқа ел ағаларымен етене араласып, ел мүддесін шешуде аса белсенділік таныта білді.
Шаруашылықтың тасы өрге домалаған сайын қатардағы еңбек адамдарының да мерейі арта берді. Мәселен, 1971 жылы өткен бес жылдықтың қорытындысы бойынша шаруашылықтың табысы көл-көсір болғандықтан, совхоз директоры Сары Хасенов «Ленин» орденімен марапатталды. Сонымен қатар, аға шопан Жарас Оспанбеков пен майталман механизатор Алексей Кудряцев те осындай жоғары наградаға ие болды. Сол кездегі совхоз партия комитетінің секретары Жұмажан Асылбеков «Еңбек Қызыл Ту», ал ауылдық кеңестің төрайымы Зоя Рахымбекова «Құрмет белгісі» орденіне қол жеткізді. Бұдан кейінгі жылдарда да толағай табыстар үшін қатардағы еңбек адамдарының аты-жөндері мақтанышпен атала бастады. Бұл ретте аға шопан Жарас Оспанбековтың төл басын көбейтудегі ерен еңбегі үшін Соцалистік Еңбек Ері атағына ие болғандығын жақсы білеміз. Кеудесіне «Алтын Жұлдыз» таққан қатардағы малшы КСРО-ның Жоғарғы Советінің кеңесіне депутат болып сайланды. Коммунистік партияның кезекті бір съезіне делегат боп қатысты. Бұдан басқа да далақайнарлық механизаторлар, сауыншылар, малшылар еселі еңбек ете жүріп, үлкен абыройға бөленді.
Сары Хасенұлы директор боп тұрған кезде шаруашылықтың бір топ бас маманы қызмет бабымен көтерілді. Мәселен, Қалмен Разымбеков аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы, Сағат Жұмағұлов Абай атындағы совхоздың директоры, Жұмажан Асылбеков Новотройцк совхозының директоры, Жәнібек Майханов аудандық партия комитетінің екінші секретары, Қалмұхан Әлімкешов аудандағы қызылша өсірумен айналысатын совхоздар тіресінің басқарушысы қызметтерін абыроймен атқара білді. Осы мысалдардың өзі-ақ Сары Хасенұлы даярлаған кадрлардың білікті де білімді екендігін танытса керек.
Ол ауыл шаруашылығы саласын ұтымды ұйымдастырумен бірге ауыл балаларын спортпен айналысуға жан-жақты жағдай жасай білді. Бұл ретте далақайнарлық футболшылардың қол жеткізген табыстарын жергілікті жұрт әлі күнге дейін ауыздарынан түсірмей айтып жүр. Директор Жамбыл қаласынан футбол жөніндегі бапкер Василий Ханды арнайы ауылға шақыртып, үй-жаймен, тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді. Мұндай қамқорлыққа көңілі өскен бапкер де өз қызметіне қызу кіріседі. Жергілікті жастар арасынан футболға бейімі бар жастарды іріктеп, ауыл стадионында күнделікті жаттығуларын бастап кетеді. Бұл командаға Сәкеңнің үш ұлы Сағаділдә, Раділдә және Ақәділдә қатысады. Жаттықтырушының жоғары талабы мен дұрыс тәрбиесінің арқасында далақайнарлық футболшылар талай жарыстарға қатысып, ауданның, облыстың намысын қорғайды. Атап айтарлығы, «Алтын Масақ» жүлдесі үшін өткен республикалық жарыстарда чемпион атанады. Бұдан кейін олар одақтық деңгейдегі жарыстарға қатысып, бірнеше республикаларда болып, жүлдегерлер қатарынан көрінеді. Далақайнарлық футболшылардың осындай биік белестерден көрінуіне Сары Хасенұлының қалтқысыз қамқорлық жасағандығын ел күні бүгінге дейін әсерлі әңгіме етеді. Осы жөнінде футбол ардагері Бақтан Жаманқұлов бізбен әңгімесінде былай деген еді:
-Біз, спорт ардагерлері орталық стадионға Сары Хасенұлының есімі берілгендігіне қатты қуандық. Өйткені ол кісі футбол десе ішер асын жерге қоятын. Біз Төле биде, Шу қаласында, Қордайда, тіпті Бишкек қаласында футбол ойнап жүрген шағымызда Далақайнардан арнайы водовозбен су жіберіп тұратын және өзі де басқа жердің суын ішпеңдер деп ескертіп отыратын. Қазір ойласақ бізге жасалған қамқорлықтың бір ғана мысалы бұл. Басқа да кісілік көмектерін көп көрдік…
Төле би ауылындағы орталық стадион сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші секретары Жапар Түйебековтың басшылығымен 1971 жылы пайдалануға беріліпті. Бұл спорт алаңы қырық жыл бойы «Қайрат» стадионы атанғаны елге мәлім. Ал сол стадион күрделі жөндеуді қажет етіп тұрған кезде Сары Хасенұлының ортаншы баласы Раділдә Сарыұлы өз есебінен қыруар қаржы шығарып, жастар алаңын жоғарғы талапқа сай дәрежеге жеткізді. Бүгінде бұл стадион аудандағы спорт мектебінің қарамағына алынған. Алдағы уақытта да аталмыш стадион футболшыларымыздың мерейін үстем етіп, қажетіне жарай береді деген сенімдеміз.
Ахметжан Қосақов,
ардагер журналист.