Ақпараттық портал

ЖАС ҚАЛАМГЕР БАЙҚАУЫ ӨТТІ

Мәңгілік елдің іргесін қалауға бекінген елде ұлыны үлгі тұту үрдіске айналуы тиіс. Ұлт қаһармандарынан, ұлттық рухы биік азаматтардан үлгі алғанда ғана саналы ұрпақ қалыптаспақ. Жыл басталғалы бар қазаққа бас болған дархан дала дарабозы Дінмұхамед Қонаевты барынша дәріптеп, тұрпатты тұлғаның атымен түрлі жарыс, байқаулар жер-жерде өтіп жатыр. Спорттық бағытта да, рухани бағытта да өткізіліп жатқан игі шаралар Д.Қонаевтың өмір жолы мен еңбек жолын, адамдық қалпын өскелең ұрпаққа таныстыру мақсатында өткізілуде. Сондай игі шаралардың бірі – Тәуелсіздік күні қарсаңында «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасын іске асыру мақсатында және Д.Қонаевтың 110 жылдығына орай өткізілген «Жас қаламгер» байқауы. Бұл байқауды аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің “Жастар ресурстық орталығы” ұйымдастырды.
Байқауға әр ауылдық округтен шығармашылыққа бейім, қолына қаламды серік еткен жас қаламгерлер қатысты. Қатысушылар алдын ала дайындалған бірнеше тақырыптың бірін өздері таңдап, сол бойынша ой қозғап, бар білгендерін қағаз бетіне түсірді. Димаш атамыз қазақ елінің аяққа тұруына барынша үлес қосып, ел игілігі үшін ізгі істер тындырған тұлға. Тәуелсіздік ұғымы ойға оралғанда санамызға сап ететін арыстай азаматтарымыздың басында Д.Қонаевтың тұратыны белгілі. Сондықтанда тақырыптардың ішінде Дінмұхамед Қонаевтан бөлек, тәуелсіздік турасындағы тақырыптар да кездесті.
Оқушылар сарайында жастардың шығармашылық әлеуетін арттыру, қаузаған ойын қағаз бетіне қондыра алатын жас қаламгерлердің қарым-қабілетін шыңдау, жастардың әдебиет пен мәдениетке деген ынта-ықыласын арттыру және ойы ұшқыр жас қаламгерлерді іріктеп, журналистика саласына жол сілтеу мақсатында өткізілген “Жас қаламгер” байқауы 2 сағатқа созылды. Аталған байқауға Төле би ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Атайбеков Медет Нұрғазыұлы және талай байқауларда топ жарып жүрген жас ақын Спанәлі Серік төрелік етті. Әділқазы алқасының шешіміне сәйкес бас жүлде яғни «Ең үздік жас қаламгер» номинациясы Анар Жарқынбекке, «Үздік ақын» номинациясы Таңнар Қайсарқызына, «Ұшқыр ой» номинациясы Арыстанбек Рауанға берілді.
Біз осындай таутұлғалы азаматтарымыздан үйлесім мен үндестік табуға ұмтылған өскелең ұрпаққа өнеге болар іс-шараларды жиі өткізсек, тәрбие мен білімді ұштастырғанымыз сол болмақ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.