Ақпараттық портал

ТЕЛЕФОН ҰСТАУ ТӘРТІБІ БЕКІТІЛСЕ…

Еліміз егемендігін алып, дербес мемлекет болған отыз жыл ішінде қоғамның әр саласында айтарлықтай оң өзгерістер орын алды. Соның ішінде білім саласында атқарылған істер ауқымды. Оқытудың жаңа методикасымен қатар, өскелең ұрпақтың білімді азамат болып қалыптасуына бірден бір сеп болатын материалдық жағдай да жақсарды. Атап айтқанда, көптеген мектептер заманауи жаңа жабдықтармен қамтамасыз етіліп, тәуелсіздіктің алғашқ ы жылдарында жоқтың қасы болған комьютерлер саны көбейді. Оған қоса әсіресе онлайн білім үшін көмегі зор ноутбук те жетерлік. Ол аз десеңіз, соңғы жылдары мектеп оқушылары сабақ барысында ұялы телефонды да жиі пайдаланып, тіпті онсыз күні қараң болып қалатындай күй кешіп отырмыз.

Айтпағымыз осы ұялы телефонды сабақ барысында қолдану қаншалықты орынды әрі пайдалы? Ел аумағын пандемия жайлаған тұста білім беру жүйесі де онлайн форматқа көшкені баршамызға белгілі. Осы тұста компьютер, ноутбук, ұялы телефон дегеннің дәурені жүргендей. Әрине, уақыт талабынан тыс қалмай, оның барлығын пайдаланған дұрыс-ақ. Бірақ, орынды болса. Онлайн оқу оң нәтиже бердіме? Әлде сол уақыттан басталған балалардың телефонға телміруі сананың бұзылуына жол аштыма? Олай айтуымызға себеп те бар. Өйткені, көпке топырақ шашудан аулақпыз, дегенмен соңғы уақытта байқап отырсаңыз мектеп оқушыларының басым бөлігі бұрынғыдай сабақ оқымайды. Үй тапсырмасын ізденіспен орындамайды. Түсінбеген қажеттілікті мұғалімнен қайта сұрап, әуре болмайды немесе кітаптың өткен парақтарын ақтарып, ізденіске ұмтылмайды. Бар «құтқарушысы» – ұялы телефон және ондағы интернет. Қажетті мәліметті осы интернет арқылы іздеп, тауып, дайын түрін дәптерге көшіріп алады. Ертеңгі күні мұны мұғалімге көрсетіп, тиісті бағасын алады. Ол жеткіліксіз болса, қазіргі уақытта ғаламторда өріп жүрген ГДЗ (готовые домашние задания) деген бағдарлама тіптен жақсы болды. Әсіресе, үйге берілген есептерді осы бағдарламаға салып іздей қалсаңыз, орындалған, дайын түрі шыға келеді. Мұны да оқушы қуана көшіріп алады да, үй тапсырмасын бестік бағаға орындаған оқушы болып шыға келеді.
Бұл ойдан шығарылған дүние емес, қазіргі күннің шынайы көрінісі. Осыған қарап, ойыңды үрей билейді. Өйткені, мектеп қабырғасынан-ақ тапсырманы өзі түсініп орындамаған, үйге берілген түсінікті қызығушылықпен оқымаған баладан болашақта қандай маман шығады деген қорқынышты ой өзгелердің де көкейінде жүр деген сенімдемін. Маман болуды былай қойғанда, кей кезде бүгінгідей біліммен жоғарғы оқу орнына түсу мүмкін бе, әсіресе, грант негізінде білім алуға үміт бар ма деген ой жетегінде жүретініміз де жасырын емес.
Дәл бүгінгі таңда мектеп оқушылары үшін тоқсандық бағалау жүріп жатқандығы белгілі. БЖБ (Бірыңғай жиынтық бағалау), ТЖБ (тоқсандық жиынтық бағалау) деп қысқартылып айтылып жүрген осы бағалау жүйесі тек оқушылардың ғана емес, ата-аналардың да бас ауруына айналғандай. Олай дейтініміз, дәл қазіргі уақытта ұялы телефон әр балаға ауадай қажет. Өйткені, айтып өткендей БЖБ, ТЖБ бойынша берілген тапсырманың жауабы сол телефонда. Бес саусақтың бірдей еместігі секілді әр отбасының жағдайы әр түрлі екендігін ескерсек, барлық ата-ана әр баласының қолына бір-бір телефон ұстатып қоймайды. Сол себептен, өз қолыңдағы байланыс құралыңды уақытша яғни, сынақ өткенше балаңа бере тұруға тура келеді. «Бүгін БЖБ немесе ТЖБ жазатын едік, телефоныңызды беріңізші деп»- қиылып, жыларман боп сұраған сәтте баланың көңіліне қарап, қалай бере салғанымызды өзіміз де байқамай қаламыз. Бұл қандай білім? Онлайн оқу кезеңі болмаса да, балалар телефоннан бас алмайды және оны сабақта қолдануға мектепте рұқсат беріледі. Сонда ұялы телефон баланың да, сол баланың біліміне жауапты мұғалімнің де құтқарушысы болғаныма?
Еліміздің оқу–ағарту министрі ағымдағы жылдың қыркүйек айында өткен білім брифингі кезінде «Мектепте оқушылардың ұялы телефонды қолдану немесе оған тыйым салу шешімін білім ордасының қамқоршылық кеңесі мен педагогикалық кеңесі бірлесіп шешеді» деген болатын. Сонымен қатар, барлық мектепке арнайы құзірет берілгендігі, оның ішінде әр мектеп өзінің ішкі ережелерін өздері қабылдайтыны және телефон қолдану тәртібін де бекітуге болатыны айтылған. Сондай-ақ, ол кейбір мектептерде сабақ басталғанда оқушылар телефонды тиіс ті орынға қойып қоятынын немесе мектеп дәлізіндегі арнайы жәшікке қалдыратынын да мысал ретінде жеткізді.
Осыған орай, біз жекелеген мектептерде оқушылардың ұялы телефонды қолдану тәртібі жайында сұраған болатынбыз.
«Ұялы телефонды мектепке әкелуге шектеу жоқ. Өйткені, кейбір ата-аналар баламен хабарласып тұруы үшін телефон ұстауға рұқсат беру керектігін алға тартқан болатын. Бұл ата-аналардың талабы. Бірақ сабақ үстінде пайдалануға болмайды. Біз-де кейбір ата-аналар балаларына қымбат телефондар әпереді. Мұның да қажеті жоқ. Егер, оқушының телефоны өзі оқитын білім ордасының ішінде жоғалатын болса, оған мектеп басшылығы да жауапты. Сол себептен, байланыс құралы ретінде арзан әрі қарапайым түрі жеткілікті»,-дейді Шу қаласындағы № 40 орта мектеп директоры Тұрсын Қадырұлы.
Ал, Төле би ауылы, М.Әуезов атындағы орта мектеп директоры Тұрар Мұханбетханұлы «Өз мектебіміздің ішкі тәртібіне арналған ереже бойынша оқушыларға ұялы телефон ұстауға шектеу қойылмаған. Бірақ, смартфон әкелуге рұқсат жоқ. Бір кездері оқушылардың ұялы телефонды қалдыруына арналған арнайы жәшіктер болған. Алайда, кейбір балалар сабақтан кейін телефонды алуды ұмытып кетуі, кейбіреулердің жәшіктің кілтін жоғалтып алуы сынды жағдайлар көбейіп кетті. Сол себептен, біз телефонның оқушының өз қолында болуына рұқсат бердік. Бірақ сабақ уақытында өшіріліп тұруы немесе дыбыссыз режимге қойылуы керек»,-деп мәлімдеді.
Қалай десекте, Қазақстанның болашағы білімді ұрпақтың қолында деген ұранды алға тартатын болсақ, телефонды дайын тапсырманы көшіру үшін пайдалану жеміс бермейтіні анық. Сол себептен, өз өңірімізде де аудандық білім бөлімі басшылығы мен мектеп директорлары бірлесе отырып, көтерілген мәселеге қатысты телефонды сабақ барысында мүлдем қолдануға қатаң тыйым салу немесе өшіріп қою сынды қандай да бір оң нәтиже беретін шешім қабылдаса, ата-ана мен баланың ойы да біржақты болар еді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.