Ақпараттық портал

МЕЙІРІМ МЕРЕКЕСІ

Қазіргі таңда ерекше тағдырлы балалар арнайы психологиялық-педагогикалық көмекке және жалпыға бірдей білім мен тәрбиеге зәру. Одан бөлек ондай жандарға жақындардың жылуы мен қоғамның құрметі ерекше маңызды. Мұндай үдеден шығып, мүмкіндігі шектеулі балаларға мейіріммен, жан жылуымен бөлісіп жүрген жомарт жандар ауданымызда жетерлік.
Оған аптаның алғашқы күндері аудан орталығындағы «Дәулет» мейрамханасында өткен ауданның ерекше балаларына арналған жаңа жылдық шырша кеші дәлел. Аталған мейрамханада балалар мен ата-аналарға арнайы дастархан жайылып, мың бояулы сазды бағдарлама ұсынылды. Бұл шараның бастамашысы аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі болып отыр.
Шырайлы шараға аудан әкімінің орынбасары Бақыт Бетбаев, мейрамхана иесі, белгілі кәсіпкер Жанат Құстүтінова, «Сауда-Сервис» ЖШС директоры Аманбек Қойшыбековтер қатысып, бүлдіршіндерді келе жатқан Жаңа жылдарымен құттықтады. Сонымен қатар, оларға бақытты балалық шақ тілеп, тезірек оңалуға тілек білдірді.
Жанат Ермахамбетқызы бұған дейін де қайырымдылықпен айналысқан жан. Биыл меценат жаңа жылдық кешке келген 165 балаға сыйлықтар тарту етті. Сол секілді Аманбек Қойшыбеков те жақсылық жасаудан жалыққан емес. Кәсіпкер азамат көзі көрмейтін 10 балаға сыйлық жасап, қуантқан.
Сазды бағдарламада «Айжұлдыз» би тобы, «Мастер Праздник» ұжымы, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары өнерлерін ортаға салып, балалардың қошеметіне ие болды. Бағдарлама барысында балалар мен ата-аналарға арналған қызықты ойындар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға жүлде берілді.
Шара соңында бақытты балалар мен олардың ата-аналары ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, тарқасты.
Суреттер автордікі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.