Ақпараттық портал

АНА МЕН БАЛА САУЛЫҒЫ – ӘР ШАҢЫРАҚТЫҢ ШАТТЫҒЫ

Ел өміріндегі көптеген салалардың ішіндегі ең ауқымды əрі аса маңызды саланың бірі – денсаулық саласы. Еліміздің ең басты құндылығы – адам өмірі екендігі Ата Заңымызда да айқын көрсетілген-ді. Сол себептен, денсаулық саласы қызметкерлерінің мойнына артылған жүк ауыр жəне бұл аса жауапты іс. Əлемдегі бірнеше мемлекетті індет жайлап отырған дəл бүгінгі уақытта бұл жауапкершілік одан əрі салмақтана түскендей. Əсіресе, дүние есігін жаңадан ашқан нәресте мен жас ана яғни, ана мен баланың өмірі маңызды рөлге ие. Сондықтан, бұл мəселе сала басшылығының басты назарында деген сенімдеміз. Өйткені, бүгінгі нәресте ертеңгі ел болашағы. Осыған орай, жуырда біз аудандық аурухананың перзентхана бөлімінде болып, жауапты мамандардан бөлімнің бүгінгі тынысы жайында біліп қайттық.

Бөлімнің уақытша меңгерушісі Қадырова Шаарбуу Рахматәлиқызының мəлімдеуінше, үстіміздегі жылы аталмыш бөлімде 1292 бала туылған. Оның ішінде айына жетпей туылғаны – 62, егіздер – 9. Кесір тілігімен 190 бала туылса, оның 100-і шұғыл түрде, 90-ы жоспарлы түрде туылған екен. Қазіргі таңда мұнда жалпы саны 19 қызметкер еңбек етеді. 3 әйелдер дәрігері мен 6 қолана екі ауысымда өз міндеттерін лайықты атқарып келеді. Сондай-ақ, бір балалар дәрігері бар.
Жоғарыда көрсетілген сандық көрсеткіштерге қарап көңіл көншіткенімізбен, өкінішті жағдайлар да жоқ емес. Мысалы, бөлім мəліметі бойынша жыл басынан 7 бала анадан өлі туылған. Мұндай жағдай əсіресе, қан қысымы тұрақсыз жəне гемоглобин төмен яғни, қаны аз əйелдерде кезігетін көрінеді.
– Нəрестенің өлі туылуының негізгі себептері – қан қысымының тұрақсыздығы, қан аздық жəне жиі босану болып табылады. Жалпы, дені сау бала туылу үшін əр баланың арасы үш жылдан болуы керек. Бізде кейбір əйелдер жыл сайын босанып жатады. Жиі босану жатырдың əлсізденуіне əкеп соғады. Ал, қан қысымы көтерілсе, баланың жолдасы жылжып, əйел адам көп қан жоғалтады. Мұның барлығы баланың өлі туылуындағы бірден-бір себептер, – дейді Ш.Қадырова.
Бөлім меңгерушісі жүкті әйелдердің көп жағдайда өз денсаулығына аса мəн бермейтіндігін де тілге тиек етті. Жалпы, жүкті әйел іштегі бала үш айға толғанға дейін вируспен ауырса, баланың организмі дұрыс жетілмейді екен. Салдарынан жүрек ақауы, көк еттің жарығы, өңештің туа пайда болған ақауы сынды келеңсіздіктер шыға келеді. Перзентханада жыл басынан осындай жағдайда 7 бала дүниеге келген. Тіпті, туа пайда болған осындай денсаулық ақауларының бірнешеуінің бір балада кезігуі салдарынан өкінішке орай ол бала бақилық болып кеткен.
– Осындай сан соқтыратын сәттерді болдырмау үшін əр жүкті әйел өзінің жəне іштегі баланың денсаулығына жауапкершілікпен қарап, балаға 3-5 ай толған уақыттарда арнайы скринингтен өтіп отыруы керек. Əсіресе, қазіргі уақытта жүкті əйелдерге көпшілік ортаға жиі барудың қажеті жоқ. Дұрыс тамақтанып, дəрігердің рұқсатынсыз артық таблетка дəрілерді ішпеген жөн. Сонымен қатар, қан аздық та көп ауруға себепші. Сол себептен онымен күресті тоқтатпау қажет, – деген бөлім меңгерушісі əр жүкті əйелді өз денсаулықтарына немқұрайдылықпен қарамауға шақырды.
Перзентхана бөлімінде көпшілік үшін жағымды жаңалық та бар. Атап айтар болсақ, соңғы екі жылдан бері аудандық орталық аурухананың перзентхана бөлімі облыс көлемінде Тараз қаласынан кейінгі екінші деңгейлі перзентхана болып отыр. Сол себептен, мұнда көршілес Мойынқұм ауданы мен Шу қаласынан келген кесір тілігі арқылы босану, күрделі босану жəне көп бала босанған əйелдерді босандыру жүзеге асырылады. Бұрын мұндай жағдайда босанатын əйелдер Тараз қаласына жөнелтілетін.
Бөлім дəрігерлерінің айтуынша, мұнда жол жүріп бара жатқан жолаушы əйелдердің босануы да кезігеді екен. Осы жылдың өзінде пойызбен жол жүріп бара жатқан Шымкент қаласының екі тұрғыны, Түркістан қаласының бір тұрғыны, Алматы қаласының бір тұрғыны, тіпті көршілес Түркия мемлекетінің азаматшасы да аудандық аурухананың перзентхана бөлімінде жеңілденіпті. Олардың барлығы перзенттерін қолдарына алып, аман-есен өз шаңырақтарына оралған.
Ал, жуырда ғана біз осы мақаланы жазу үшін дəрігерлермен сұхбат жүргізуге барған сәтте ауданымыздың Д.Қонаев ауылынан егіз баланы дүниеге əкеліп, өз шаңырақтарына зор қуанышпен қайтып бара жатқан тағы бір жас ананың бақытты сəтінің куəгері болдық (суретте). Салтанатты түрде шығарып алуға жиналған оның жақын жандарының да қуанышында шек жоқ. Оңтайлы сəтті пайдаланып, Сузана Тагирова есімді жас анамен тілдесіп қалуды жөн көрдік. Айтуынша, егіз ұлын ешқандай кесір тілігінсіз, табиғи жолмен дүниеге əкелген. Балаларының үлкені 8 жаста, екінші перзенті 6 жаста. Бұл жоспарлы үшінші босану. Егіздің бірі 2 келі 400 грамм, сыңары 2 келі 900 грамм салмақпен туылған. Бөлім меңгерушісі де қазіргі таңда балалардың да, ананың да денсаулығы қалыпты екендігін атап өтті.
Бұл нені аңғартады? Бөлімнің осындай жемісті жұмыстары мұндағы мамандардың білім-біліктілігінің жоғары деңгейде екендігін жəне ең бастысы өз міндеттеріне зор жауапкершілікпен қарап, сол арқылы қоғамның дамуына үлкен үлес қосып отырғандығын аңғартып тұрғандай.
Біз де өз кезегімізде ақ халатты абзал жандардың абыройы асқақтай беруіне тілекшіміз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.