ДЕБАТ – ОҚУШЫНЫҢ ОЙЛАУ ДАҒДЫСЫН ДАМЫТАДЫ
Соңғы кездері сылдыр сұйық сөз, пәтуасы жоқ пікір, оралымы жоқ олқы ой айтатын жандар көбейіп барады. Еліктеу арқылы бой түзейтін жастарымызды түзу ойдың жетегіне ерткеніміз жөн-ақ. Кезіндегі екі-ақ ауыз сөзбен түйреп, қара қылды қақ жарған от ауызды, орақ тілді бабаларымыздың жолын жалғау үшін көбірек оқып, жүйелі ойды көңілге тоқу қажет. Ұлттық рухымыз құлдыраса, төл тәрбиемізден іргеміз жырақтайтынын ескерейік. Қанымызға сіңген шешендігімізді заман ағымына сай шебер ұштастырып, сөз саптауға, ой-өрісімізді дамытуға арналған тиімді әдістерді лайықты қолданып, сөздің құны мен құдіретін түсінуге талпынғанымыз абзал. Осындайда бірден ойға оралатыны пікірсайыстың өскелең ұрпаққа тигізер пайдасы. Өткен жылы оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов дебаттық қозғалыстарды жандандыру туралы сөз қозғап, мектептерде пікірсайысты дамытудың қаншалықты өзекті екенін айтқан болатын. Жеке тұлғаның сыни ойлау дағдыларын қалыптастырып, ақпаратты дұрыс талдауға, командамен бірлесіп жұмыс істеуі үшін дебаттың пайда берері анық.
Бүгінгі таңда министрдің бұл бастамасы жер-жерде жүзеге асып, бірнеше жыл кідіріп қалған пікірсайыс додаларына қайта жан бітіп, білім ошақтарында жандануда. Бұл игі бастаманың өрнегі біздің ауданда да қалыптасып келеді. Дебат қозғалысы Мұхтар Әуезов атындағы орта мектепте де жаңғырып, дамудың жаңа деңгейіне көтерілуде. Аталған мектепте “Ақиқат” дебат клубы құрылып, нәтижелі іс атқаруда. Бұл дебат клубының ұйымдастыруымен өткізген пікірсайыстарда ой шапшаңдығымен дараланып, семсердей қиып түсер сөзімен ерекшеленген “Ақиқат” фракциясы аудан мектептері арасында оқ бойы оза шауып, облыстан да жүлделі орын алып келді. Бұл жеңіс “Ақиқат” дебат клубының мерейін тасытып, тынысын кеңейткендей. Соның арқасында мектептегі оқушылар арасында дебат алаңында тайсалмай өз ойын ашық айтып, өз позициясын толықтай қорғап шыға алатын жастарды көбейтуге жол ашты.
Ай сайын ұйымдастырылатын пікірсайыс ойындарына тек оқушылар ғана емес, мұғалімдер де тартылуда. Әсіресе жас мамандар арасында жиі дебат өткізіліп, ұстаздардың ұтқыр ой, соны пікір айта алуына сол арқылы жол ашуда. Пікірсайыс негізінен “Америкалық парламенттік” форматта өтіп, ойыншылар үкімет және оппозиция деген екі тарап арқылы өз ойларын ортаға салып жүр. Үкімет тобында премьер-министр және спикер, ал оппозиция тобында лидер және спикер болады. Бұл ойын түрінде аргумент және оның маңыздылығы есепке алынады. Пікірсайыс алаңында “Әлеуметтік желі дерт пе, қажет пе?”, “Жаңа Қазақстан-жастарға жаңа мүмкіндік”, “Сыбайлас жемқорлық: оның қоғамға әсері”, “Жастардың әлеуеті жоғары” сынды тақырыптар бойынша екі тарап өз позицияларын қорғап, басым түскен фракция жеңіске жетіп отырады. Пікірсайыстарда жетістіктерге жету үшін көзқарас, мықты мінез, өз ұстанымын дәлелді түрде қорғай білуге жетелейтін ұмтылыс маңызды. Ол үшін көп кітап оқып, танымдық бағдарламаларды қарап, қарым-қатынас орната білу, аргументация дағдыларын дамыту бойынша үнемі жұмыс істеу керек.
Заңғар жазушының атымен аталатын қара шаңырақта “Оқуға құштар мектеп” жобасының жүйелі түрде жүзеге асып жатқанының арқасында дебаттың да жанданып келе жатқаны қуантады. Қазірдің өзінде пікірсайысшы оқушылар мен жас мамандардың білім көкжиегінің дамуы замандастарына қарағанда әлдеқайда алда екенін байқауға болады. Олар жаһандық күрделі мәселелерді, әрине, әрқайсы жасына сәйкес деңгейде талқылай алады. Дебатқа жиі қатысып жүрген оқушылардың өз ойларын еркін жеткізіп, көпшілік алдында сөйлей алатындай деңгейге жеткенінің өзі бір жеңіс. Пікірсайыс қозғалысының дамуы арқылы мұндай оқушылардың саны артатын болады.
“Біз өз кезегімізде балалар мен жастардың шығармашылық және зияткерлік тұрғыда дамуына бағытталған жобаларды қолдайтын боламыз. Мұндай кішігірім бастамалар біздің қоғам үшін өте маңызды. Пікірсайыстар мен өзін-өзі басқару жүйесі әлеуметтік капитал мен қоғамдық сенім деңгейін көтеруге де әсер етеді” деген министр Асхат Аймағамбетовтың осы бір сөзі маңызын жоғалтпақ емес.