Ақпараттық портал

АТА КӘСІБІМІЗ АЛДЫҢҒЫ ҚАТАРДА

Соңғы жылдары елімізде барлық сала жүйелі дамып келеді. Соның ішінде, әсіресе ауылшарушылығы саласының маңызы ерекше. Мал шаруашылығы мен егін шаруашылығы ауыл өмірінің қайнар бұлағы десек, қателеспейміз. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан жасалып жатқан игілікті бастамалар бұл саланың одан əрі қанат жаюына зор ықпал етіп отыр. Бірнеше мемлекеттік бағдарламалар аясында жекелеген тұрғындар шаруа қожалықтарын құрып, мал басы санын көбейтіп, ет-сүт өнімдерін саудалап, өз кəсіптерін кеңейтіп келеді.
Бұл тұста өңіріміздегі 2005 жылдан жұмыс жасап келе жатқан “Шу несие серіктестігі” ЖШС-нің рөлі айтарлықтай. Аталмыш серіктестік бірнеше шаруа қожалықтарын мүшелікке қабылдап, оларға төмен пайызбен несие ұсынады. Ол үшін əуелі несие алушының бизнес жоспары жəне кепілдікке қойылатын мүлкі болуы шарт. Ол арнайы комиссия қарауынан кейін талапқа сай деп танылса ғана өтініш берген адам несие алуға құқылы. Қаржыландыру көзіне келер болсақ, серіктестік жартылай республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Бұл қаражат тек көктемгі егіс жұмыстарына бағытталады. Сондай-ақ, “Аграрлық несие коорпорациясы” АҚ серіктестіктің негізгі қаржыландыру көзі болып отыр. Бүгінгі таңда жалпы аудан көлемінде 2000-нан астам шаруа қожалығы болса, оның ішінде 272-сі осы серіктестіктің құрылтайшысы. Құрылтайшылар арасында көршілес Мойынқұм ауданынан да бірлі-жарым шаруа қожалықтары бар. Биылғы жылдың ішінде 42 ауылшарушылығы өнімін өндірушіге 5 пайызбен көктемгі егіс жұмыстарына, 6 пайызбен мал шаруашылығын дамытып, ауылшаруашылығына қажетті техника сатып алуға 501 млн 360 мың теңге көлемінде несие берілген. Оның ішінде 6 шаруа қожалығына берілген 38 млн 500 мың теңге көлеміндегі несие көктемгі егіс жұмыстарына бағытталады. Сондай-ақ, сала жұмысын ілгерілетуде мемлекеттік бағдарламалардың да рөлі ерекше. Осыдан бірнеше жыл бұрын “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмыс жасаса, соңғы жылдары егін шаруашылығын дамытуға бағытталған “Агробизнес”, “Кең дала” бағдарламалары кең қолданылып келеді.
2020 жылдың тамыз айынан серіктестікке басшылық етіп келе жатқан Айтқожаев Ержан Ерікұлының айтуынша, серіктестікке мүше болу шаруа қожалық жетекшілерінің өз еркінде.
-Бір жылда 7-8 шаруа қожалығы өтініш білдіріп, мүшелікке енеді. Шамамен он мүше жиналған кезде құжат қабылдай бастаймыз. Бұл жұмыс қаражат көлеміне де байланысты. Өз жұмысымызды жаңадан бастаған тұста жылдық есепті кездесулер барысында жергілікті билік өкілдерімен бірлесіп, бірнеше елді мекенді аралап, халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізген болатынбыз. Сол себептен, “Шу несие серіктестігі” ЖШС-нің жұмысы жайлы аудан тұрғындары хабардар деп білеміз. Айта кететін жайт, біздің серіктестік арқылы бір шаруа қожалықтың өз мүмкіндігіне қарай мал, егін шаруашылығы сынды бірнеше бағытта несие алуына мүмкіндігі бар жəне қаражат көлеміне де шектеу қойылмаған. Алайда несие алатын азаматтың бұрын алаяқтықпен айналыспағандығы, қаржы жымқыру бойынша сотталмағандығы, жалпы несие тарихы тексерілетін болады,-дейді Ержан Ерікұлы.
Сөзіміздің жарқын дәлелі ретінде “Шу несие серіктестігі ” ЖШС арқылы несие алып, дербес шаруашылығын шарықтатып отырған жерлестеріміз жөнінде де айтып өткенді жөн көрдік. Солардың бірі – Құлыншақбаев Жамбыбай Алпысбайұлының жетекшілігіндегі Ақтөбе ауылдық округіне қарасты “Жамбыл” шаруа қожалығы. 2001 жылы құрылған бұл қожалық 2005 жылы серіктестікке мүше болған алғашқы құрылтайшылардың бірі. Сол уақыттан бері бұл азамат аталмыш серіктестіктен бірнеше рет несие алып, кәсібін кеңейтіп келеді. Ал, өткен жылы алынған несиеге жаңа техника яғни, екі трактор сатып алды.
-Бұған дейін де өз иелігімде екі трактор болған. Бірнеше жылдан бері қолданыста жүрген бұл техникалардың ақауы көбейе бастады. Сол себептен, жуырда жаңа техника алуға тура келді. Шаруашылықтағы басты мақсатымыз – мал басы санын көбейтіп, күнделікті өмірдегі тұрмыстық қажеттілікті қанағаттандыру. Бүгінгі таңда қожалық иелігінде 1500 қой, 70 жылқы малы бар. Бір кездері сиыр малын өсірумен де айналысқанбыз. Өз ыңғайымызға келмегендіктен, барлығын жылқы малына айырбастадық. Маусымдық кезеңде малшы ретінде екі отбасын жұмыспен қамтимыз,-дейді Ж.Құлыншақбаев.
Ал, Төле би ауылының тұрғыны, “Байзаур” шаруа қожалығының жетекшісі Атабаева Ағзия Махмутқызы серіктестікке 2021 жылы мүше болып қабылданды. Сол жылы 10 млн теңге көлемінде несие алып, оған бір жасқа дейінгі 40 бас ірі қара малын яғни, бұқа сатып алады. Негізгі мақсат – оны бордақылап, тиісті орындарға ет өткізу. Бүгінгі таңда бұл жұмыс та біртіндеп жолға қойылып келеді. Алдағы уақытта да мал басы санын көбейтіп, осы бағыттағы жұмысты одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр.
Осындайда «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген аталы сөз ойға оралады. Мемлекет басшылығы тарапынан еңбек етемін деген адамға зор мүмкіндіктер жасалуда. Оның жарқын көрінісін мақала кейіпкерлерінің бүгінгі шаруашылығы барысынан да айқын аңғаруға болады. Өңірімізде жеке кәсіпті жандандырып отырған тек бұл азаматтар ғана емес. Олардың қатары әр жыл сайын молайып келеді. Сондықтан, табысты болуға талпынсаңыз, сізге де жол ашық.

Leave A Reply

Your email address will not be published.