КӨПІР САЛҒАН САУАПҚА КЕНЕЛЕДІ
Халқымызда тал егу, құдық қазу және көпір салу сауапты іс саналады. Сондықтан оны ұрпағына насихаттап, ұлағатты амал ретінде аманаттаған. Ата–бабаларымыз ұстанған асыл дінімізде де бұл дүниелер құпталған. Мұның мәнісін терең түсінген ата-әжелерімізден ілгеріде мұндай істердің көптеп жасалғанын естіген болатынбыз.
Сондай салмақты әрі сауапты шара жуырда ғана Тасөткел ауылдық округінде орын алды. Онда ауыл тұрғындары мен жастар тізе қосып, ауыл іргесінен ағып жатқан Қорағаты өзенінен өтетін көпір салған еді. Сол көпір көпшіліктің қалауымен салтанатты түрде пайдалануға беріліп, игі іске болысқан жандарға жергілікті қауым тарапынан алғыс айтылды.
Осыған дейін аталмыш өзеннен өтетін үлкен көпір ауылдан бірнеше шақырым алыста болғандықтан, жайылымға төтелеп өту мәселесі күн тәртбінде тұрған. Мұны ауыл тұрғындары аудан әкімінің жыл сайынғы есебінде көтеріп, осы мәселені шешуді өтініп сұраған. Тасөткелдіктердің тілегін ескерген аудан басшысы тиісті тұлғаларға тапсырма беріп, қажетті қолдау көрсеткен. Мәселен, осы ауылдағы «Дидар» шаруа қожалығы ескі вагонның темірлерін тарту етіп, көпірдің қаңқасын құрауға ат салысқан. Ал, аудан әкімінің орынбасары С.Сәрсенбеков жұмыстарды жылдамдату үшін арнайы техникамен қамтамасыз еткен. Ауылдағы ағайынның жұмылуымен біткен көпірдің ашылуында ауыл ақсақалдары лента қиып, мешіт имамы қасиетті Құран аяттарын оқыды.
Мұнан соң шүкіршілік асын беріп, осы істе азаматтық танытқан жандарға құрмет ретінде марапат қағаздары табысталды. Сондай-ақ олардың сауапты іс жасағанын тілге тиек етіп, әрбірінің ақадал еңбектеріне алғыс айтылды.
Тұрғындардың айтуынша, көпірдің құрылысына шамамен 1 миллион теңгедей қаражат жұмсалған. Ұзындығы 22 метр болатын жаңа көпір тұрғындарға малын жайылымға тез өткізуге мүмкіндік тудырып отыр. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» деген сөз осындайда ойға оралады екен.
«Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған» жерлестеріміздің қуанышына ортақ екендігімізді газет арқылы жеткізіп, бірліктеріне «бәрекелді» дегіміз келеді.